Титке хат 1
1
Арнау және сәлем
1Құдайдың қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің елшісі Пауылдан дұғай сәлем.
Құдай таңдап алғандарын Мәсіхке сендіріп, Өзіне ұнамды өмір туралы шындықты білуге жетелеу үшін мені тағайындап, жіберді. 2Осы сенім мен білім мәңгілік өмірге деген үмітімізге негізделген. Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде етіп, 3Өзі белгілеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткізді. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды. 4Менімен бірге бір сенімдегі шынайы балам іспетті Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Қауым жетекшілеріне қажетті қасиеттер
5Мен сені Критте аяқталмай қалған істерді реттеп, әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау үшін қалдырған едім. Менің нұсқауларымды ұмытпа: 6жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал,#1:6 Немесе: бір ғана әйелге үйленген. ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс. 7Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем#1:7 Яғни арам пайданы көздейтін. болмауы керек. 8Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті. 9Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс.
Қате ілімдерге тойтарыс беру туралы
10Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар#1:10 Яки: әсіресе сүндеттелген яһудилер. арасында. 11Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады.
12Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: «Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер», — деген. 13Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып, 14яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын! 15Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар. 16Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.
Currently Selected:
Титке хат 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.