YouVersion Logo
Search Icon

Титке хат 2

2
Қауымдағы топтарға арналған нұсқаулар
1Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек.
2Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс.
3Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын. 4Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп, 5байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін.
6Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр.
7Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол. 8Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады.
9Басыбайлы қызметшілер#2:9 Немесе: Құлдар. (Осы қоғамдық мәселе жайында Філимонға арналған хаттан және сол жазба туралы мәліметтен қараңыз.) қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей, 10ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін.
Мәсіхтің қайта оралуына үміттеніп, әділ өмір сүру
11Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді. 12Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды. 13Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады. 14Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды.#2:14 Мыс 19:5; Заң 7:6; Пет1 2:9.
15Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in