YouVersion Logo
Search Icon

Філіпілікт. хат 1

1
Арнау және сәлем
1Філіпі қаласында тұратын, Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы қауым басқарушылары мен қызметшілеріне қоса Құдайдың барлық адамдарына#1:1 Яки: Құдайға бағышталған (қасиетті) адамдарының бәріне (Еф 1:1,15). Иса Мәсіхтің қызметшілері#1:1 Яки: Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшілері (Пет2 1:1). Пауыл мен Тімотеден дұғай сәлем: 2сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Шүкірлік пен тілек мінажаты
3Сендерді еске алған сайын Құдайға ризашылық білдіріп, 4бәрің үшін әрдайым қуана-қуана тілек тілеп сиынудамын. 5Себебі сендерге Ізгі хабар жеткен алғашқы күннен бастап оны таратуға бізбен ортақтасып келе жатырсыңдар. 6Өмірлеріңде игі ісін бастаған Құдайдың оны жалғастыра беріп, Мәсіх Иса қайта оралар күнге дейін толықтай аяқтайтынына кәміл сенемін. 7Барлығың туралы осындай жақсы пікірде болуым дұрыс, себебі менің жүрегімнен берік орын алдыңдар.#1:7 Немесе: себебі мен жүректеріңнен берік орын алдым. Қазір мен тұтқында отырғанда да, Ізгі хабардың шындығын қорғап, нығайтқанда да Құдайдың маған мейірімділікпен тапсырған қызметіне ортақтасып келесіңдер.#1:7 Яки: мен үшін Құдайға сиынып, маған сәлемдемелер жіберіп, қызметіме үлес қосып келесіңдер. 8Бәріңді Иса Мәсіх дарытқан сүйіспеншілікпен сағынып жүргеніме Құдай куә.
9Мен Оған сиынып, былай деп тілеп отырмын: сендердің сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін. 10Соның нәтижесінде әр жағдайда ненің ізгілікті екенін ажырата білсеңдер екен деймін. Осылай сендер Мәсіх қайта оралар күні мінсіз пәк болып, 11Иса Мәсіхтің көмегімен молынан әділ іс-әрекеттер жасап келген боласыңдар.#1:11 Немесе: Иса Мәсіх арқылы құтқарылғандықтарыңның жемісі — әділ мінез-құлыққа кенелген боласыңдар (Ғал 5:22-23). Содан Құдайдың ұлылығы көрініп, мадақталмақ.
Шексіз қуаныш пен сарқылмас үміт
12Бауырластарым, мен басымдағы жағдайымның Ізгі хабарды бөгемей, керісінше, оның кең таралуына үлес қосып жатқанын сендерге білдіргім келеді. 13Патшаның бүкіл күзетші жасағына және мұндағы барлық басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды. 14Сонымен қатар, тұтқындалуым бауырластардың басым көпшілігінің Иемізге деген сенімдерін нығайта түсті. Олар Құдай сөзін бұрынғыдан бетер қорықпай уағыздауға батылданды.#1:14 Олар тұтқындағы Пауылға Құдайдың сүйеніш болып, Ізгі хабарды таратуына мүмкіндік бергенін көрді (Елш 28:30-31).
15Рас, кейбіреулері Мәсіхті қызғаныш пен күншілдіктен, ал басқалары ақниеттен уағыздап жүр. 16Бірқатарлары Мәсіхті ақпейілден емес, өз абырой-атақтары үшін уағыздайды: олар бұғаудағы маған одан да көп қасірет тартқызбақшы. 17Ал өзгелері Құдайдың мені Ізгі хабарды қорғауға тағайындағанын ұғып, оны сүйіспеншілікпен таратуда. 18Бірақ мұнда тұрған не бар? Мейлі, жалған не адал ниетпен, болсын, әйтеуір Мәсіх уағыздалса болғаны, мен соған қуанамын.
Оған бұдан былай да қуанамын. 19Өйткені сендер сиынып, Иса Мәсіхтің Киелі Рухы көмек көрсеткендіктен, осы жағдайымның мен үшін жақсылықпен аяқталатынын#1:19 Немесе: көрсеткендіктен, бұның тұтқыннан босап құтқарылуыма үлес қосатынын. білемін. 20Себебі мен ешбір ұятқа қалмайтыныма, қайта, батылдыққа кенеліп тірі жүремін бе, не өлемін бе, әрдайым болғандай, қазір де өз бойымда Иса Мәсіхтің дәріптелетініне үміт артып, соған нық сенемін. 21Себебі Мәсіх — менің өмірім, ал өлім мен үшін ұтыспен тең.#1:21 Яки: Мен Мәсіх арқылы және Оған қызмет ету үшін өмір сүремін, ал өлуіммен Оның қасына барамын, бұл маған ең тиімдісі (1:23; Ғал 2:20; 6:14; Қор2 5:8). 22Егер тәнім сау болса, өнімді еңбек ете аламын. Енді нені таңдауды білмей, 23екеуіне де құштармын: бұ дүниеден кетіп, Мәсіхпен бірге болғым келеді, бұл бәрінен де анағұрлым жақсы, 24ал тәнімнің аман қалғаны сендер үшін қажеттірек. 25Бұған көзім жеткендіктен менің тірі жүріп, қастарыңда болатынымды білемін. Сонда сенімдерің арта түсіп, қуанышқа кенелесіңдер. 26Сендерге тағы да келгенімде мені құтқарғаны үшін Иса Мәсіхке ұлан-ғайыр мақтау айтатын боласыңдар.
Мәсіх үшін рухани күрестегі табандылық
27Қандай жағдай болмасын, тек Мәсіх жайлы Ізгі хабарға сай өмір сүріңдер! Мен келіп, сендерді көремін бе, я болмаса алыста жүремін бе, бәрібір — сендер туралы «бірдей ниетпен табанды тұрады, Ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей жұмылып, жан аямай күреседі, 28қарсыластарынан еш қорықпайды» дегенді естігім келеді. Сендердің тайсалмас жігерлерің қарсыластарыңның мәңгі жойылып кететінін, ал өздеріңнің құтқарылатындарыңды алдын ала білдіреді. Мұны іске асырушы — Құдай. 29Ол сендерге рақым етіп, Мәсіхке сенуді ғана емес, Ол үшін азап шегуді де белгіледі. 30Осылайша сендер бұрын менен көріп, қазір де айналысып жатқанымды естіген рухани күреске өздерің де араласудасыңдар.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in