YouVersion Logo
Search Icon

Філіпілікт. хат 2

2
Мәсіхтің кішіпейілділігі мен шынайы ұлылығының үлгісі
1Мәсіхпен байланыстарың сендерді жігерлендіріп, Оның сүйіспеншілігі көңілдеріңді жұбатқандықтан және өздерің Киелі Рухпен қатынаста жүріп, қайырымды да жанашыр болғандықтан, 2пікірлес, бір-біріңді тең сүйетін, ынтымақтас әрі ниеттес болыңдар. Осылай мені қуанышқа кенелтсеңдер екен. 3Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кішіпейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! 4Әрқайсың өз мүдделеріңді ғана емес, басқалардікін де ойлап жүріңдер! 5Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын:
6Мәсіхтің құдайлық болмысы бола тұра,
Ол Онысына жармасқан жоқ,#2:6 Немесе: Ол болмысында Құдаймен бірдей болғанмен, бұнысын олжа деп санаған емес. 7қайта,
Өз құдіреті мен салтанатты ұлылығынан
Бас тартып, қабылдады құлдың сиқын:
Ол адам секілді бұ дүниеге келді,
Әрі кәдімгі адамға ұқсап көрінді.
8Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнды,
Өлімге, тіпті айқыштағы өлімге бойсұнды.
9Сондықтан да Құдай Оны көкке көтерді,
Оның мәртебесін бәрінен де биіктетті,
Оған бар есімнен жоғары Атақты#2:9 Немесе: Есімді. сыйлап берді:
10Енді естігенде Исаның Атағын
Көктегі, жердегі, жер астындағылардың#2:10 Осы ұғым ауыспалы мағынада қолданылып, бірінші жағынан өлгендердің жандарын, екінші жағынан жын-пері атаулыны білдірсе керек.
Бәрі де тізе бүкпек Оның алдында
11Және Иса Мәсіхті тіл атаулы барлығы да
Жаратқан Ие деп ашық мойындауға
Тиіс һәм Құдай Әкенің даңқын арттыруға.
12Сонымен, сүйікті бауырларым, сендермен бірге болғанымда әрдайым Құдайға мойынсұндыңдар, ал қазір мен қастарыңда жоқ кезде де солай істей берулерің әлдеқайда маңыздырақ болмақ: құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар, әрі Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын нәрселерден қатты жиіркеніңдер!#2:12 Яки: дірілдеп шошыныңдар (Қор1 2:3; Қор2 7:15; Еф 6:5). 13Себебі Өзіне ұнайтын істерді қалап, жүзеге асыруларыңа түрткі болушы — Құдай.#2:13 Яки: Құдай жан дүниелеріңе әсер етіп, Оған ұнайтын істерді қалап, істеулеріңе көмектесуде.
14Бәрін де наразылықсыз, шүбәланбай#2:14 Немесе: наразылықсыз, өзара айтыспай. істеңдер! 15Осылай қазіргі азғын да алдамшы ұрпақтың арасында#2:15 Заң 32:5. еш кінәсіз таза, Құдайдың мінсіз рухани балалары болыңдар: қараңғы дүниеде жарық жұлдыздай жарқырап, 16адамдарға шынайы өмірді жеткізетін Құдай сөзін ұсыныңдар.#2:16 Немесе: шынайы өмір сыйлайтын Ізгі хабарды ұстаныңдар. Сонда мен араларыңда жан сала істеп жүрген еңбегімнің босқа кетпегеніне Мәсіхтің қайта оралған күні риза болып, қатты қуанатын боламын.
17Сендердің Құдайға сеніп, өмірлеріңді бағыштауларың Оған арналған құрбандық іспетті. Ал мен, мүмкін, шейіт болып, қаным «сол құрбандықтың үстіне» төгілетін де шығар. Сонда мен қуанып, осы қуанышымды бәріңмен бөліспекпін. 18Сол сияқты, сендер де қуанып, бірге шаттаныңдар!
Екі адал қызметкерге кепілдеме
19Иеміз Иса қаласа, жақын арада сендерге Тімотені жіберетін ойым бар. Осылайша сендер жігерленіп, оның сендерден алып келетін хабары маған да жігер берер деп сенемін. 20Ол сияқты менімен ниеттес, шын көңілден қамдарыңды ойлайтын басқа адамым жоқ. 21Өзгелердің бәрі Иса Мәсіхтің ісін емес, өз қара бастарының қамын ойлайды. 22Ал Тімотенің сенімді екенін өздерің білесіңдер: ол маған Ізгі хабарды уағыздауда ұлының әкесіне көмектесетініндей қолғабыс етіп келеді. 23Сот ісімнің немен аяқталатынын біле сала, оны сендерге жібермекпін.#2:23 1:13; 2:19. 24Иеміз маған жақын арада өзім де сендерге барамын деген сенім сыйлады.
25Қызметтес әрі күрестес серігім — сендер маған қамқор болсын деп жіберген бауырымыз Епафродитті шұғыл түрде өздеріңе қайтаруды қажет деп таптым. 26Ол өзінің ауырып қалғаны туралы сендерге хабар жеткенін қатты уайымдап, өздеріңді көруге құштар болып жүр. 27Шынында да ол қатты ауырып, хал үстінде жатты. Бірақ Құдай оған рақымшылық жасады, оған ғана емес, қасіретке қасірет қоспау үшін маған да рақым көрсетті. 28Сондықтан Епафродитті жібермек болып, одан бетер асығып отырмын. Оны көріп қуанған сендерді ойлап мен де қайғырмайтын боламын. 29Епафродитті Иемізбен жүрген бауырларың ретінде қуана қарсы алыңдар. Мұндайларды жалпы құрметтеңдер. 30Себебі ол Мәсіхтің ісі үшін өлімге таяп келді. Маған сендер бере алмаған көмекті ол өз басын өлімге тіге отыра көрсетті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in