Леуіліктер 5
5
1Егер біреу өзінің бір жайтқа байланысты көргені не білетіні туралы куәлік келтіруге антпен шақырған дауысты естіп,#5:1 Сол заманда жаршы халық алдына шығып, жасалған қылмысты көрген не ол туралы білген адамдарды антпен куәлік беруге шақыратын (Шеж2 6:22-23; Нқл 29:24). содан бас тартса, оның күнә жасағаны, ол айыпты болады.
2Немесе біреу кез келген арам нәрсемен: арам аңның не арам малдың өлігімен не құжынаған арам мақұлықтардың өлігімен жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, ол бәрібір арамданып, айыпты болады.
3Біреу адам денесінен бөлінетін қандай да болмасын оны арамдайтын былғанышқа жанасса, тіпті осы жайт оған беймәлім болса да, сол туралы білгенде ол айыпты болады.
4Біреу жақсы болсын, жаман болсын кез келген бір іс істеймін деп ойланбастан ағат ант бере салса, ол тіпті өзінің айтқанын толығымен білмесе де, сол туралы оған мәлім болғанда ол айыпты болады.
5Егер адам осы айтылған жайттардың біреуіне сай айыпты бола қалса, ол өзінің қандай күнә жасағанын ашық мойындасын. 6Сол айыбының өтемі ретінде Жаратқан Иеге арнап күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа қойдың не ешкінің ұрғашысын алып келсін. Осылайша діни қызметкер сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартсын.
7Егер айыбының өтеміне қой-ешкі шалуға адамның жағдайы көтермесе, онда екі орман кептерін немесе екі жас көгершінді Жаратқан Иеге алып келсін. Олардың біреуі күнәнің құнын өтейтін, екіншісі шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтарға арналады. 8Адам құрбандықтарын діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер алдымен күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсынып, құстың мойнын үзсін. Бірақ басын денесінен толығымен жұлып алмасын. 9Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанының біразын құрбандық үстелінің барлық жақтарына шашуы керек. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне қысып ағызсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық.
10Содан соң діни қызметкер екінші құсты ережеге сай құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп жіберсін. Осылайша ол сол адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
11Ал егер адамның екі орман кептерін немесе екі көгершінді әкелуге де жағдайы көтермесе, онда ол жасаған күнәсінің құнын өтейтін тарту ретінде пұттың оннан біріндей мөлшерде#5:11 Шамамен 2 л. таңдаулы бидай ұнын алып келсін. Ол ұнына не зәйтүн майын, не хош иісті шайыр қоспауы керек, себебі бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту. 12Адам оны діни қызметкерге алып келсін. Діни қызметкер ұнның бір уысын естелік бөлігі ретінде алып, Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылған басқа құрбандықтармен бірге құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Бұл — күнәнің құнын өтейтін тарту: 13осылайша діни қызметкер адамды жасаған осындай күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. Ал астық тартуы сияқты, осы тартудың қалған бөлігі де діни қызметкерге тиісті үлес болады.
Айыпты өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі
14Жаратқан Ие Мұсаға тағы да нұсқау беріп былай деді:
15— Егер бір адам Жаратқан Иеге бағышталған киелі нәрселерге қатысты абайсызда#5:15 4:2. теріс қылық жасап күнәлі болса, ол соның айыбын өтейтін құрбандыққа Жаратқан Иеге арнап отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем#5:15 Мыс 30:13. бойынша белгіленген күміс мысқалға сәйкес келсін. Бұл — айыпты өтейтін құрбандық. 16Адам Жаратқан Иенің сол арамданған#5:16 Яки: сол адамның күнәсі арқылы (рухани жағынан) зақымдалған (22:14). киелі нәрселерінің құнын және оның үстіне сол құнның бестен бірін қосып, барлығын діни қызметкерге табыстасын. Осылайша діни қызметкер қошқарды әлгі адамның айыбын өтеуші құрбандық ретінде ұсынып, оны жасаған күнәсінің арамдығынан тазартады. Сонда адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
17Егер біреу Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ол бәрібір айыпты болып, кінәсінің жазасын тартады. 18Адам діни қызметкерге айыбын өтейтін құрбандыққа отардан бір қошқар алып келсін. Қошқар еш мінсіз болып, құны киелі үйде қолданылатын ресми өлшем бойынша белгіленген күміс бағасына сәйкес келсін. Осылайша діни қызметкер адамды абайсызда жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, адам Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 19Бұл — айыпты өтейтін құрбандық, оны ұсынған адам Жаратқан Иенің алдында айыпты болып қалған еді.
Currently Selected:
Леуіліктер 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.