YouVersion Logo
Search Icon

Леуіліктер 4

4
Күнәнің құнын өтейтін құрбандықты ұсыну тәртібі
1Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деп те бұйырды:
2— Исраил халқына мынаны айт: Егер бір адам Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда#4:2 (5:15) Яғни әдейі емес, жазатайым. күнә жасап қойған болса, ол былай істеуі керек:
3Егер Құдай тағайындаған діни қызметкер күнә жасап қойған болса, ол мұнысы арқылы бүкіл халықты да айыпты етеді. Діни қызметкер жасаған күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде Жаратқан Иеге арнап мінсіз бір жас бұқаны алып келсін. 4Оны кездесу шатырының кіреберісіне Жаратқан Иенің алдына әкеліп, басына қолын қойсын. Жас бұқаны Жаратқан Иенің алдында құрбандыққа шалсын. 5Тағайындалған діни қызметкер оның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын. 6Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған шымылдықтың алдында#4:6 Шымылдықтың ар жағындағы ең қасиетті бөлмеде орналасқан Келісім сандығының қақпағы Жаратқан Иенің жер бетіндегі тағы деп аталатын (Мыс 25:22; Рул 7:89; Пат1 4:4). жерге жеті рет бүркіп шашсын. 7Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған хош иісті заттарды түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы шалынған құрбандықтар өртелетін үстелдің түбіне төксін.
8Діни қызметкер күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаның бар майын: бүкіл ішмайы мен шарбы майын, 9қос бүйректегі майды жамбас майымен бірге және бауырдың үстіндегі көк етті бүйректермен бірге бөліп алып қойсын. 10Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандыққа шалынған мүйізді ірі қараның майларын#4:10 Яки: майлы бөліктерін (3:3-4). бөлек алып қоятынындай, осы майларды да бөлек алып қоюы қажет. Діни қызметкер оларды құрбандық үстелінің үстінде өртеп жіберсін.
11Ал бұқаның қалған бөліктерінің бәрін: терісін, бар етін, басы мен сирақтарын, ішек-қарны мен жынын#4:11 (8:17; 16:27; Мыс 29:14; Рул 19:5) Яки: ішек-қарындағы қорытылмаған асты. 12ел қонысының сыртындағы күл төгілетін таза жерге апарып, сол жерде жанып жатқан отынның үстіне қойып өртеп жіберуі керек.
13Егер бүкіл Исраил қауымы Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойған болса, ал осы туралы өздері білмесе де, олар бәрібір айыпты болады. 14Өздерінің жасаған күнәлары туралы білгенде, қауым күнәнің құнын өтейтін құрбандық ретінде жас бұқаны ұсынып, кездесу шатырының алдына алып келсін. 15Қауымның жетекшілері#4:15 Яки: ақсақалдары. ақсақалдары Жаратқан Иенің алдында жас бұқаның басына қолдарын қойсын және оны сол жерде шалсын.
16Тағайындалған діни қызметкер жас бұқаның қанынан біраз алып, кездесу шатырының ішіне апарсын. 17Сонда ол саусағын қанға малып алып, оны Жаратқан Иенің алдында, (ең қасиетті бөлмені бөліп тұрған) шымылдықтың алдында жерге жеті рет бүркіп шашсын.#4:17 6-аяттағы түсініктемені қараңыз. 18Бұдан кейін діни қызметкер кездесу шатырында Жаратқан Иенің алдында тұрған түтету үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына біраз қанды жақсын. Ал қалған қанды кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы құрбандық үстелінің түбіне төксін. 19Діни қызметкер құрбандықтың бар майын бөлек алып қойып, құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. 20Ол күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа шалынған жас бұқаға не істеген болса, осы жас бұқаға да дәл солай істесін. Осылайша діни қызметкер халықты күнәларының арамдығынан тазартып, олар Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады. 21Ал жас бұқаның қалған бөліктерін ел қонысының сыртына шығарып, оларды жаңағы бұқаны өртегендей өртеп жіберсін. Бұл — қауымның күнәсінің құнын өтейтін құрбандық.
22Егер басшылардың бірі Құдай Иесі#4:22 Яки: өзінің Құдайы Жаратқан Ие. тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасап қойса, ол айыпты болады. 23Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде, ол бір мінсіз текені құрбандыққа алып келсін. 24Басшы текенің басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде Жаратқан Иенің алдында шалсын. Бұл — күнәнің құнын өтейтін құрбандық. 25Діни қызметкер саусағын күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
26Діни қызметкер оның бүкіл майын қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майы сияқты құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер сол басшыны күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
27Ал егер жай адамдардың бірі Жаратқан Ие тыйым салған бір нәрсені істеп абайсызда күнә жасаса, ол да айыпты болады. 28Өзінің жасаған күнәсі туралы білгенде адам күнәсінің құнын өтейтін құрбандық ретінде бір мінсіз ұрғашы ешкіні алып келсін. 29Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын. 30Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
31Оның Жаратқан Иемен қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Оның хош иісі Жаратқан Иеге ұнамды. Осылайша діни қызметкер адамның орнына оның құнын өтеуші құрбандық ұсынып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.
32Егер адам күнәнің құнын өтейтін құрбандыққа тоқты ұсынса, онда мінсіз ұрғашы тоқты алып келсін. 33Адам күнәнің құнын өтейтін құрбандықтың басына қолын қойсын. Оны түгелдей өртелетін құрбандықтар шалынатын жерде шалсын. 34Діни қызметкер саусағын құрбандықтың қанына малып алып, оны құрбандық өртелетін үстелдің мүйіз тәрізді шошақтарына жақсын. Қанның қалған бөлігін құрбандық үстелінің түбіне төксін.
35Оның қарым-қатынасқа ризашылық білдіретін құрбандықтың майын бөліп алып қоятынындай, осы құрбандықтың бар майын да бөліп алып қоюы қажет. Діни қызметкер майды құрбандық үстелінің үстінде Жаратқан Иеге өртелу арқылы ұсынылатын басқа құрбандықтардың үстінде түтетіп өртеп жіберсін. Осылайша діни қызметкер адамды жасаған күнәсінің арамдығынан тазартып, ол Жаратқан Иенің кешіріміне ие болады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Леуіліктер 4