Ешуа 14
14
Иорданның батыс жағындағы жердің үлестірілуі
1Қанахан елінде исраилдіктер мына жерлерді мұралық меншікке қабылдап алды. Соларды оларға діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраилдің рубасылары үлестірді. 2Жаратқан Ие Мұса арқылы бұйырғандай, тоғыз руға және тағы бір рудың жартысына мұралық жерлері жеребе тасталып белгіленді.#14:2 Сол заманда діни қызметкер жеребе тастау арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап білетін (Мыс 28:30; Пат1 23:9-12; 30:7-8). 3Себебі Мұса кезінде екі руға және басқа бір рудың жартысына мұралық жерлерін Иорданның шығыс жағынан белгілеген болатын. Ал леуіліктерге ол осы рулар қатарлы мұралық жер бөліп берген жоқ. 4Жүсіптен екі ру: Манаса мен Ефрем тараған еді. Сонымен леуіліктерге елден өздерінің мұралық аймағы үлестірілмей, тек тұруға қалалар және малдарын бағуға жайылымдар ғана бөлінді.#14:4 Жақыптың тұңғышы ретінде саналған Жүсіп әдеттегідей еншінің екі үлесін алуға құқықты еді. Жүсіптің екі ұлынан тараған Ефрем, Манаса рулары сол екі жер үлесін иемденді. Леуі руы Құдайға ерекше бағышталып, жеке жер үлесін алмағандықтан, өз жер аймағы бар исраилдік рулардың саны он екі болды. 5Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы бұйырғанына сәйкес елді бөліп алды.
Хебронның Халептің әулетіне белгіленуі
6Бірде Яһуда руының біраз адамы Ғылғалда Ешуаға жақындап келді. Сонда араларындағы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халеп оған былай деді:
— Құдайдың таңдаған адамы#14:6 Яки: Жаратқан Иенің пайғамбары (Заң 33:1; Шеж2 8:14; Нех 12:24). Мұсаға Жаратқан Ие сіз екеуіміз туралы Қадеш-Барнидің маңында не дегенін өзіңіз жақсы білесіз. 7Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса мені Қадеш-Барниден елді барлап келуге жібергенде қырық жаста болатынмын. Елді барлап, көріп-білгенімді шынайы айтып келдім. 8Барлауға бірге өрлеп барған басқа бауырластарымыздың айтып келген сөздері халықтың зәре-құтын ұшырды.#14:8 Рул 13:31-33. Ал мен Құдайым Жаратқан Иенің жолымен толығымен жүрдім. 9Сондықтан да сол күні Мұса маған мынадай уәде еткен еді: «Сен Құдайым Жаратқан Иеге толықтай сенімді болғандығыңнан, сенің аяқ басып келген жерің өзіңнің және ұрпақтарыңның тұрақты меншігі болады». 10Ал енді, Мұсаның осыны айтқанынан бері қырық бес жыл өтті. Алайда біздер — Исраил халқы айдаланы кезіп жүрген осы уақыт бойы Жаратқан Ие Өзінің уәдесі бойынша мені аман-есен сақтап келді. Міне, жасым сексен беске келсе де, алдыңызда тұрмын. 11Мұса мені елді барлауға жіберген кездегідей қазір де мықтымын. Сол кездегідей қазір де шайқасқа шығып, соғысуға әлім жетеді. 12Сізден өтінерім: Жаратқан Ие сол кезде уәде еткен таулы аймақты маған табыстай көріңіз! Кезінде сіз Жаратқан Иенің берген уәдесін өзіңіз естігенсіз. Бұл жерді Анақтың ұрпақтары мекендейді, олардың қалалары үлкен және күшті бекітілген. Алайда Жаратқан Ие Өзі айтқандай маған жар болса, оларды қуып шыға аламын.
13Сонда Ешуа Ефунне ұлы Халепке батасын беріп, оған мұралық меншік ретінде Хеброн қаласын табыстады. 14Сол заманнан бері күні бүгінге дейін Хеброн қаласы Кенез ұрпағы Ефунне ұлы Халепке тиісті. Себебі ол Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шын жүректен адал болған еді. 15Хеброн қаласы бұрын Анақ ұрпақтарының ішіндегі Арба деген ең алып адамның атымен Кирият-Арба#14:15 Яғни Арбаның қаласы (15:13; Жар 23:2). деп аталатын.
Осылайша соғыс бітіп, елде тыныштық орнады.
Currently Selected:
Ешуа 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.