YouVersion Logo
Search Icon

Ешуа 13

13
Халық әлі де иемденуге тиісті аймақтар
1Ешуаның жасы келіп, қартайған кезінде Жаратқан Ие оған тіл қатып былай деді:
— Жасың ұлғайып, қартайып келесің. Ал елдің исраилдіктер иемденбеген жері әлі де көп.
2Иемдену қажет аймақтар мыналар: біріншіден, філістірлер мен гешурліктердің#13:2 Пат1 27:8. жерлері: 3Мысырдың шығыс жағындағы Шихор#13:3 Шихор: Ніл өзенінің Жерорта теңізіне құятын атырауының ең шығысындағы тармағы (Ерм 2:18). өзенінен Әкронның#13:3 Осы қаланың аты Асқарон деп те айтылады. солтүстігіндегі шекарасына дейін созылған аймақ, ол қанахандықтардың жері болып саналады. Філістірлердің бес әміршісі билік жүргізген Газа, Азот, Ашкелон, Ғат, Әкрон атты қалалары әрі оңтүстіктегі ауилықтардың#13:3 (Заң 2:23) Яки: аввейліктердің. жері де осы аймаққа кіреді. 4Сондай-ақ, қанахандықтардың (солтүстіктегі) бүкіл жері, сидондықтарға тиісті Меарадан аморлықтарға тиесілі Әфектің шегіне дейінгі өлке, 5гебалдықтардың жері, Хермон тауының етегіндегі Бағал-Ғадтан Лебо-Хаматқа#13:5 Рул 13:21; Шеж2 7:8. дейінгі бүкіл шығыс Ливан 6және Ливаннан Мисрепот-Майымға#13:6 11:8. дейінгі таулы аймақтың күллі тұрғындары әрі барлық сидондықтар мекендеген жер де әлі иемделінген жоқ. Мен Өзім бұларды Исраилдің үрім-бұтағының алдынан қуып шығамын. Менің өзіңе бұйырғаныма сай, сен міндетті түрде осы елді исраилдіктерге мұралық меншікке үлестіріп бер. 7Сонымен осы елді тоғыз руға және Манаса руының жартысына мұралық меншікке үлестіріп бер.
Иорданның шығыс жағындағы жердің үлестірілуі
8Манаса руының екінші жартысына және Рубен, Ғад руларына мұралық жерлері Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның үлестіргеніне сай Иордан өзенінің арғы, шығыс жағынан тиді.
9Бұл жер Арнон аңғарының шетіндегі Арогерден және сол аңғардың ортасындағы қаладан басталды. Ол Медебадан әрі қарай орналасқан Дибон қаласына дейін созылған бүкіл жон даланы, 10сонымен қатар аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның қарамағында болған, аммондықтардың шекарасына дейін орналасқан күллі қалаларын да қамтыды. 11Сондай-ақ, Ғилақадты, гешурліктер мен махалықтардың бүкіл аймағын, Хермон тауы мен Салхаға дейінгі барлық Башан аймағын, 12яғни Аштарот пен Едірейде Башан жеріне билік құрған Огтың бүкіл патшалығын, қамтыды. Ог Рафаның ұрпақтары деп аталатын алыптар нәсілінен қалған соңғы адамдардың бірі еді. Мұса оларды да жеңіп, елден аластатқан болатын. 13Ал гешурліктер мен махалықтарды исраилдіктер қуып шығарған жоқ, олар әлі күнге дейін Исраил елімен бірге тұрып келді.#13:13 Пат2 3:3; 13:37; Шеж1 2:23.
14Тек Леуі руына Мұса мұралық жер берген жоқ. Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие уәде еткендей, Өзіне ұсынылған құрбандықтардың арнайы бөліктері леуіліктерге тиісті мұралық үлес болады.#13:14 14:3-4; Рул 18:20-24; Заң 10:9.
Рубен руының жер үлесі
15Мұса Рубен руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 16Арнон аңғарының шетіндегі Арогер қаласынан және аңғардың ортасындағы қаладан басталып, Медеба маңындағы бүкіл жон дала, 17Хешебон мен оның жон далада орналасқан барлық қалалары: Дибон, Бамот-Бағал, Бет-Бағал-Меон,#13:17 Рул 32:38; Шеж1 5:8. 18Яхас, Кедемот, Мефағат, 19Кириятаим, Сибма, аңғардағы төбеде орналасқан Серет-Шахар және 20Бет-Пеғор қалалары, сонымен қатар Писга тауының етектері және Бет-Ешимот. 21Осылайша жон даладағы барлық қалалар әрі аморлықтардың Хешебонда билік құрған патшасы Сихонның бүкіл патшалығы Рубен руына берілді.
Мұса кезінде Сихон патшаны және сол елде тұрып жатқан мадияндықтардың Еуи, Рекем, Сур, Хур және Реба деген көсемдерін жеңген болатын. 22Исраилдіктер шайқаста жеңіп шыққан бұл жауларына қоса, сәуегейшілікпен айналысатын Беғор ұлы Балағамның да көзін құртты.#13:22 Рул 31:8.
23Рубендіктерге бөлінген жердің батыс шекарасы — Иордан өзені. Сонымен Рубеннің ұрпақтарына әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер, міне, осы қалалар мен оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
Ғад руының жер үлесі
24Мұса Ғад руына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 25Жазер аймағы, Ғилақад аймағындағы барлық қалалар және Рабба қаласының алдындағы Арогерге дейінгі Аммон елі, 26Хешебоннан Рамат-Миспа мен Бетонимге дейінгі және Маханайымнан Дебирдің шекарасына дейінгі жер, 27әрі аңғардағы Бет-Ғарам, Бет-Нимра, Соқот, Сафон әрі Хешебон патшасы Сихонның билігінің қалған бөлігі. Бұлар Иорданның шығыс жағында, Кінерет (яғни Ғалилея) көліне дейін созылған аймақта орналасқан. 28Осылайша ғадтықтарға әулеттері бойынша мұралық меншікке берілген жер осы қалаларды әрі оларға қарасты елді мекендерді қамтыды.
Манаса руының жартысының шығыстағы жер үлесі
29Мұса Манаса руының жартысына әулеттері бойынша үлестіріп берген жер мынау: 30Маханайымнан бастап, бүкіл Башан аймағын, Башанның патшасы Огтың билігіндегі барша жерді және Башандағы Жайыр қоныстарын, барлығы алпыс қаланы қамтитын аймақ, 31бұған қоса Ғилақад аймағының жартысы, Аштарот және Едірей. Бұлар Ог патшаның Башандағы басты қалалары болған еді. Осы жер Манаса ұлы Махырдың үрім-бұтағының жартысына әулеттеріне сай үлестірілді.
32Сонымен халық Иерихонға қарама-қарсы, Иорданның шығыс жағындағы Моабтың елсіз алқаптарында#13:32 Рул 22:1; Заң 34:1. болғанда Мұса пайғамбар үлестірген мұралық жерлер, міне, осылар. 33Ал Леуі руына Мұса мұралық меншікке жер берген жоқ. Өйткені Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің уәдесіне сай, олардың «мұралық үлесі» Оның Өзі болды.#13:33 13:14; 18:7; Заң 10:9; 18:1-5.

Currently Selected:

Ешуа 13: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in