YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 9

9
Дәуіттің марқұм досының ұлына зор мейірім көрсетуі
1Бір күні Дәуіт: «Саулдың әулетінен тірі қалған біреу бар ма екен? Мен Жонатан үшін оған мейірім көрсетейін!» — деп сұрастырды. 2Кезінде Саулдың сарайында Сиба есімді бір қызметшісі болған еді. Дәуіт соны шақыртып:
— Сен Сибасың ба? — деп сұрады. Ол:
— Иә, тақсыр, сіздің құлыңызбын, — деп жауап қатты. 3Патша:
— Саулдың әулетінен бірде-бір жанның тірі қалмағаны ма? Мен соған Құдайдың берік мейірімін көрсеткім келеді, — деді. Сиба:
— Жонатанның ұлдарының біреуі әлі де бар. Ол екі аяғы майып болған ақсақ,#9:3 4:4. — деп жауап берді.
4-5— Ол қайда?
— Лодыбардағы Әмиел ұлы Махырдың үйінде тұрып жатыр.
Патша Махырдың үйіне кісілерін жіберіп, сол адамды қасына алдыртты.
6Оның есімі Мепібосет еді, ол Жонатанның ұлы, Саулдың немересі еді. Мепібосет Дәуіттің алдына келе салысымен басын жерге дейін иіп тағзым етті. Дәуіт оған тіл қатып:
— Мепібосет! — деді. Ол:
— Сіздің құлыңызбын, тақсыр, — деп жауап берді. 7Дәуіт:
— Қорықпа! Әкең Жонатан үшін мен саған ұдайы мейірім көрсететін боламын. Атаң Саулдың мал-мүлкін саған қайтарамын. Сен әрдайым менің дастарқанымнан тамақ жейтін боласың, — деді. 8Мепібосет басын иіп: «Тақсыр ие, мен сұрауы жоқ иттің өлімтігі іспеттімін.#9:8 Яки: сұрауы жоқ өлген ит іспетті еш күшсіз әрі құрметсізбін (16:9; Пат1 24:15). Сіздің маған сондай мейірім көрсетуіңізге еш лайықты емеспін!» — деді.
9Содан Дәуіт Саулдың қызметшісі Сибаны қасына шақыртып:
— Саул мен оның әулетіне тиісті мал-мүлікті иеңнің немересінің қолына тапсырдым. 10Сен өзің, ұлдарың және қызметшілерің оның жерін өңдеп, қожайындарыңның кірісі болсын деп өнімін жинап отырыңдар! Бірақ иелеріңнің немересі Мепібосеттің өзі тамағын менің дастарқанымнан ішіп-жейтін болады, — деп бұйырды. Сибаның он бес ұлы мен жиырма қызметшісі бар болатын. 11Сиба:
— Уа, патша ием, алдыңыздағы пендеңізге берген бұйрығыңызды түгелдей орындаймын, — деп жауап берді.
Бұдан былай Мепібосет патшаның бір ұлы іспетті Дәуіттің дастарқанынан тамақтанатын болды. 12Мепібосеттің Миха деген кішкентай ұлы бар еді.
Сонымен Сибаның бүкіл үй іші Мепібосетке қызметші болды, 13ал екі аяғы майып Мепібосеттің өзі Иерусалимде тұрып, патшаның дастарқанынан тамақтанып жүрді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in