Патшалықтар 2-ж. 13
13
Амнонның ауыр күнәсі
1Бұдан біраз уақыт өткен соң Дәуіт ұлы Амнон Тамарға ғашық болып қалды. Тамар Дәуіт ұлы Абессаломның бірге туған қарындасы,#13:1 Дәуіттің тұңғышы Амнонның шешесі ізрелдік Ахиноғам, ал Абессалом мен Тамардың шешесі Гесур патшасы Талмайдың қызы Маха еді (3:2-3). өте сұлу қыз болатын. 2Амнон қарындасы Тамар үшін қиналғаны сонша, тіпті ауырып та қалды. Тамар пәк болатын, әрі Амнон ешқашан онымен бірге бола алмаймын деп түңілді.
3Бірақ Амнонның Жонадаб есімді өте қу досы болды, ол Дәуіттің туған ағасы Шаммахтың#13:3 Осы есім Шимеях не Самай деп те дыбысталатын (Пат1 16:9; 17:13). ұлы еді. 4Жонадаб Амноннан:
— Не болды? Патшазадасың, неге күн өткен сайын сонша көңілсізсің? Маған айтпайсың ба? — деп сұрады. Амнон:
— Мен бауырым Абессаломның қарындасы Тамарға ғашық болып қалдым, — деп жауап берді. 5Сонда Жонадаб оған мынадай ақыл берді:
— Ауырып қалғандай төсегіңде жата бер. Әкең халіңді білуге келгенде, оған: «Қарындасым Тамар келіп, маған тамақ берсінші. Оны көз алдымда дайындасын, мен оның қолынан жеп алайын» деген өтінішіңді білдір.
6Сондықтан Амнон төсегінде жатып, қатты ауырғансыды. Патша оның халін білуге келгенде, Амнон одан: «Қарындасым Тамар келіп, менің көз алдымда бір-екі нан пісіріп берсінші. Оның қолынан жеп алайын», — деп өтінді.
7Дәуіт сарайдағы Тамарға: «Ағаң Амнонның үйіне барып, оған тамақ дайындап бер!» — деген сәлем жіберді. 8Содан Тамар ағасы Амнонның үйіне, оның жатқан жеріне барды. Қыз қамыр алып, иледі де, Амнонның көз алдында тәтті нан жасап пісірді. 9Табаны алып, нанды Амнонның алдына қойды. Бірақ ол жеуден бас тартып, қызметшілеріне: «Бәрің қасымнан кетіңдер!» — деп бұйырды. 10Содан Амнон Тамарға: «Тамақты ішкі бөлмеме алып баршы. Сонда мен сенің қолыңнан жейін», — деп тапсырды. Тамар пісірген тәтті нандарын алып, ағасы Амнонның ішкі бөлмесіне апарды. 11Бірақ қыз тамағын алдына қойып жатқанда, Амнон оны ұстап алып:
— Кәне, сүйікті қарындасым, екеуіміз бірге болайық, — деді. 12Ол оған жалынып:
— Жо-жоқ, ағатай! Маған күш көрсетпеңізші! Бұл Исраилде ешқашан істелмейтін іс! Мұндай жетесіздікті істей көрмеңіз! 13Мен қалайша осындай масқарамнан арылар едім? Өзіңіз де Исраилдегі ұятқа қалған ақымақ боласыз! Өтінемін, патшамен сөйлесіңізші, ол мені сізге беруден бас тарта қоймас! — деді.
14Бірақ Амнон Тамарды тыңдағысы келмеді. Күштірек болғандықтан, зорлықпен көндіріп, онымен жақындасты.
15Осыдан кейін Амнон Тамарды қатты жек көріп кетті. Оған деген жеркеніші тіпті бұрынғы ғашықтығынан да әлдеқайда басым болды. Амнон оған:
— Тұр да, жоғал! — деп бұйырды. 16Бірақ Тамар оған:
— Жо-жоқ, ағатайым! Мені қуып жіберуіңіз маған жаңағы істегеніңізден бетер жаман болар еді! — деп жауап берді.
Алайда Амнон тыңдамай, 17өзіне қызмет ететін бір жас жігітін шақырып алып, оған: «Мына әйелді қасымнан әкет те, артынан есікті бекітіп қой!» — деп бұйырды.
18Қызметші Тамарды сыртқа шығарып жіберіп, артынан есікті бекітіп алды. Тамар патшаның отау құрмаған қыздары киетін етек-жеңі ұзын, сәнді көйлек киіп жүретін. 19Содан ол басына күл сеуіп, үстіне киіп алған ұзын көйлегінің өңірін айыра жыртты да, бетін қолдарымен жауып алып, еңіреп жылап кете берді.
20Тамардың туған ағасы Абессалом оған: «Ағаң Амнон сенімен бірге болды ма? Тынышталшы енді, қарындасым. Ол сенің ағайының ғой, қапаланбай-ақ қой», — деді. Сонда Тамар жалғыз қалып, ағасы Абессаломның үйінде тұратын болды.
21Болған оқиға туралы естіген Дәуіт патша қатты ашуланды. (Бірақ ол тұңғыш ұлы болғандықтан ерекше жақсы көрген Амнонды жазаламай қоя салды.)#13:21 Құмыран қолжазбалары мен Септуагинта аудармасы бойынша. 22Абессалом да Амнонға не жақсы, не жаман бір сөз айтпады. Алайда ол туған қарындасын масқаралаған Амнонды қатты жек көріп кетті.
Абессаломның ағасынан кек алып, нағашы жұртына қашуы
23Бұдан екі жыл өткеннен кейін Абессалом Ефремнің жанындағы Бағал-Хасорда қой қырқу мерекесін өткізетін болып, оған барлық патшазадаларды шақырды. 24Абессалом патшаға барып, оны:
— Мендей қызметшіңізде қой қырқу науқаны өтіп жатыр. Патша тақсыр мен оның нөкерлері менімен бірге соған бармас па екен? — деп шақырды. 25Бірақ патша Абессаломға жауап беріп:
— Жоқ, ұлым, барлығымыз бармай-ақ қояйық. Әйтпесе саған тым үлкен әурешілік болар, — деді. Абессалом патшадан қайта-қайта өтінсе де, ол бармаймын деген шешімін өзгерткен жоқ. Алайда оған батасын берді. 26Абессалом:
— Онда інім Амнонды бізбен бірге жіберіңізші, — деп өтінгенде, патша:
— Оған сенімен бірге барып не бар? — деген сауал қойды.
27Бірақ Абессалом қоймастан сұрай беріп, ақыры Амнонды да, басқа патшазадаларды да жіберуге патшаны көндірді. 28Ал Абессалом өзінің қызметшілеріне мынандай бұйрық беріп қойған болатын:
— Бері қараңдар! Амнон шарапқа тойып, қызып алғанда, мен: «Амнонды шауып тастаңдар!» деп бұйырамын, сонда оны шауып өлтіріңдер! Қорықпаңдар, бұны сендерге бұйырып отырған өзіммін! Батыл да ержүрек болыңдар!
29Қызметшілері Абессаломның бұйрығын бұлжытпай орындап, Амнонды өлтіріп тастады. Мұны көрген өзге патшазадалар орындарынан атып тұрып, әрқайсысы қашырына мініп, қаша жөнелді.
30Олар әлі де жолда келе жатқанда, «Абессалом патшаның барлық ұлдарын өлтіріп тастапты, біреуі де тірі қалмапты» деген суық хабар Дәуітке жетті. 31Сонда патша орнынан тұрды да, қатты қайғырып көйлегінің өңірін айыра жыртып, тақыр жерге жата қалды. Оның қасында тұрған барлық нөкерлері де қатты қайғырып осылай істеді.
32Бірақ Дәуіттің ағасы Шаммахтың ұлы Жонадаб патшаны жұбатып былай деді: «Уа, тақсыр ием, күллі жас жігіттерді, патшаның барлық ұлдарын да, өлтірді деп ойламаңыз! Өлген жалғыз Амнон ғана. Амнон Абессаломның туған қарындасы Тамарды масқаралаған күннен бастап, Абессалом осыған ниеттеніп келген болатын. 33Сондықтан, уа, тақсыр ием, патшаның барлық ұлдары өлді деген хабардан жүрегіңіз қобалжымасын! Себебі өлген жалғыз Амнон ғана».
34Осы аралықта Абессалом қашып кетті.
Күзетте тұрған жас жігіт жоғары қарағанда, ар жақтағы қыраттың жолымен келе жатқан көп адамды көрді. Күзетші тездетіп патшаға барып, оған: «Қыраттың етегіндегі Хоронаим жолымен келе жатқан көп адамды көрдім», — деп мәлімдеді.
35Жонадаб патшаға: «Көрдіңіз бе, патшазадалар келе жатыр! Мендей қызметшіңіздің айтқаны дәл келді», — деді. 36Ол сөйлеп бола салысымен, дауыс көтеріп жоқтау айтқан патшаның ұлдары кіріп келді. Патша мен оның қызметкерлері де қатты қайғыра жоқтап жылады.
37Осыдан бастап Дәуіт тұңғыш ұлы Амнонды ұдайы жоқтаумен болды. Ал Абессалом Гешур патшасы Амихуд ұлы Талмайға қашып барды.#13:37 Ежелгі Гешур қаласы мен патшалығы Ғалилея көлінің солтүстік-шығысында орналасқан болатын (3:3; Еш 13:13; Шеж1 2:23; 3:2). 38Ол сол жерде үш жыл тұрды.
39Амнонның қазасына қайғысы басылған соң, Дәуіт Абессаломды сағына бастады.
Currently Selected:
Патшалықтар 2-ж. 13: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.