YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 14

14
Абессаломның Иерусалимге қайта оралуы
1Сарұяның ұлы Жоғаб Дәуіт патшаның Абессаломды сағынғанын байқап қалды. 2Жоғаб Текояға адам жіберіп, ол жақтан бір ақылды әйелді алдыртып, оған былай деді: «Жоқтап қайғырғандай болып, азалы киім киіп ал. Өзіңді маймен сылама, керісінше, көп күн бойы өлген адамды жоқтап келген біреудей бол! 3Патшаның алдына барып, оған былай де», — деп, Жоғаб оған не айту керек екендігін үйретті.
4Текоялық әйел патшаның алдына барып, басын жерге тигізе жығылып, қошемет көрсетті. Содан кейін жалынып:
— Уа, патша ағзам, маған көмектесе көріңізші! — деп өтінді. 5Патша одан:
— Не болды? — деп сұрады. Әйел былай деп жауап берді:
— Күйеуім қайтыс болған бір бейшара жесірмін. 6Алдыңыздағы күңіңіздің екі ұлы бар еді. Олар бір күні далада жүргенде бір-бірімен төбелесіп қалыпты, ал оларды ажырататын ешкім болмаған. Сөйтіп біреуі екіншісін ұрып, өлтіріп тастады. 7Қазір бүкіл әулет маған қарсы шығып отыр. Олар: «Бауырын өлтіргенді бізге тапсыр! Оны өлтіріп, бауыры үшін кек алудан тайынбаймыз.#14:7 Немесе: бауырының көзін құртқаны үшін оған әділ жазасын тартқызудан тайынбаймыз (Рул 35:19; Заң 19:12). Сонда біз жалғыз мұрагерді құртып жоқ қыламыз» деуде. Осылай олар менің соңғы ұшқынымды сөндіріп, күйеуімнен жер бетінде қалған жалғыз тұяғын да қалдырмай, атын өшірмекші. — 8Патша әйелге:
— Үйіңе қайта бер. Сенің ісің туралы қажетті бұйрықты шығарамын, — деп уәде етті. 9Сонда текоялық әйел патшаға:
— Уа, патша ием, қандай да кінә болмасын, ол менің басыма, әкемнің әулетіне түссін! Патша мен оның тағы кінәсіз болсын! — деді. 10Патша оған:
— Егер біреу саған қарсы сөйлесе, оны маған алып кел! Сол адам енді қайтып саған еш тиіспейтін болады, — деп тапсырды. 11Әйел:
— Онда патша ием ұлымды қорғаймын деп өзінің Құдайы Жаратқан Иенің атымен ант етсе екен. Кек алушы тағы көбірек қан төгіп, ұлымның көзін құртпасын! — дегенде, патша әйелге:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: ұлыңның басынан бір тал шашы да жерге түспейді! — деп ант етті. 12Әйел:
— Патша ием өзінің күңіне тағы бір сөз айтуға рұқсат етсінші, — деп өтінді. Патша:
— Сөйлей бер, — деп келісті. 13Әйел былай деді:
— Онда сіз неге дәл осындай нәрсені Құдайдың халқына қарсы ойлап келесіз? Осылай деп патша өзін-өзі әшкерелеп отырған жоқ па? Өйткені патша өзінің қудалағанын қайтармай отыр. 14Біздің бәріміз әйтеуір бір кезде өліп, қайта жинауға келмейтін төгілген су сияқты боламыз. Бірақ Құдай кісі өлтіруші іспетті емес. Қайта, Ол қудаланған адамды Өзінен алшақ жүрмесін деп қайтаруды көздейді.
15Сол адамдар мені қорқытқандықтан мен патшаммен сөйлесейін, мүмкін, өтінішімді орындар деген оймен осыны айтуға патша иемнің алдына келіп отырмын. 16Мүмкін, патша осыған құлақ асып, мені де, ұлымды да Құдай бізге мұралыққа берген үлесімізден#14:16 Яки: Құдайдың меншігінен (Оның таңдап алған халқынан) (Пат1 26:19). қол үздірейін деп отырған адамнан құтқарып қалар. 17Сонымен алдыңыздағы күңіңіз іштей: «Патша ием Құдайдың періштесі сияқты, жақсы мен жаманды дұрыс ажырата алатындықтан, патша иемнің сөздері жаныма тыныштық әкелсін!» деп ойлады. Лайым Құдайыңыз Жаратқан Ие сізге жар бола берсін!
18Осыны тыңдап болып, патша:
— Мен саған бір сұрақ қоямын, еш нәрсені бүкпей жауап бер! — деді. Әйел:
— Иә, патша ием, сұрай беріңіз, — деді. 19Патша:
— Осының бәрін саған айтқызып тұрған Жоғаб емес пе? — деген сауал қойды. Әйел оған:
— Уа, патша ием, сіздің алдыңызда шын айтамын: патша иемнің айтқанынан не оңға, не солға бұлтаруға болмайды. Маған осы тапсырманы берген, расында да, Жоғаб еді. Осылай айт деп сөздерді аузыма салып берген де сол. 20Бұл жайтты басқа қырынан көрсету үшін қызметшіңіз Жоғаб осыны істеп отыр. Ал жер бетінде болып жатқанның бәрінен де хабардар Құдайдың періштесінің дана екені іспетті, тақсыр ием де сондай дана, — деп жауап берді.
21Патша Жоғабты қасына шақырып алып, оған:
— Жарайды, өтінішіңді орындайын. Барып, жас жігіт Абессаломды қайтарып алып кел, — деп тапсырды. 22Жоғаб жерге дейін иіліп қошемет көрсетті де, патша үшін игі тілек тілеп, оған:
— Уа, патша ием, сіздің алдыңыздағы қызметшіңіз бүгін мейіріміңізге ие болғанын біліп отыр. Себебі патша өтінішімді орындады, — деді.
23Осыдан кейін Жоғаб шығып кетті де, Гешурге бет алды. Сол жерден ол Абессаломды Иерусалимге қайтарып алып келді. 24Алайда патша: «Үйіне барсын, менің көзіме еш көрінбесін!» — деп бұйырды. Сондықтан Абессалом патшамен жүздесе алмай, өз үйіне кетті.
Дәуіттің Абессаломды қабылдауы
25Бүкіл Исраилде көркі Абессаломның көркінен көбірек мақталған ер адам болмады. Басынан аяғына дейін оның бойынан ешбір мін табылмады. 26Абессалом шашын тым ауыр болып кеткен кезде ғана жылына бір-ақ рет қырқатын. Сонда оның қырқылған шашының салмағы патшалық өлшемнің екі жүз мысқалына#14:26 Шамамен 2,5 кг. жететін. 27Абессаломның үш ұлы және Тамар атты бір қызы болды. Тамар өте сұлу болатын.
28Абессалом Иерусалимде патшамен жүздесе алмай екі жыл жүрді. 29Бұдан кейін Абессалом патшаға жіберейін деп Жоғабты шақыртты. Бірақ Жоғаб оған келуден бас тартты. Екінші рет адам жіберіп шақыртқанда да, ол келмей қойды. 30Сонда Абессалом қасындағы қызметшілеріне: «Менің егістігімнің жанындағы Жоғабтың егістігін білесіңдер ғой. Сонда қазір арпа пісіп тұр. Барыңдар да, егістігіне от қойыңдар!» — деп бұйырды. Олар от қойып, егінді өртеп жіберді. Жоғабтың қызметшілері оған жүгіріп келіп: «Абессаломның қызметшілері егінге от қойды!» — деп мәлімдегенде, 31Жоғаб орнынан тұрып, Абессаломның үйіне барды. Оған:
— Сенің қызметшілерің неге менің егінімді өртеп жіберді? — деп шағымданды. 32Абессалом Жоғабқа:
— Маған келіп, патшаға: «Мені неге Гешурден қайтарып әкелдіңіз? Менің сол жерде қала бергенім артық болар еді!» деген сәлемімді жеткізуге сізді шақырған едім ғой! Ал енді, мен патшаның бет-жүзін көргім келеді. Егер менің бір кінәм болса, патша мені өлімге бұйыртсын! — деп жауап берді.
33Содан Жоғаб патшаға барып, Абессаломның өтінішін жеткізді. Патша Абессаломды өзіне шақырып алды. Ол патшаның алдына келіп, басын жерге тигізе қошеметтеп жығылды. Ал патша Абессаломды құшақтап сүйді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 14