Патшалықтар 2-ж. 12
12
Натан пайғамбардың күнәні әшкерелеуі
1Содан Жаратқан Ие Дәуітке Натан пайғамбарды жіберді. Ол патшаға келіп, былай деді:
— Бір қалада екі адам болды. Біреуі бай, біреуі кедей екен. 2Байдың малы көп болды, 3ал кедейдің сатып алған бір кішкентай қозысынан басқа түгі де болмады. Кедей соны бағып-қағып, қозы көз алдында балаларымен бірге өсті. Әлгі қозы қожайынының барлы-жоқты тамағын бөлісіп жеп, оның тостағанынан су ішіп, кеудесінде ұйықтап, оған өз қызы іспетті болды. 4Бір күні байға бір жолаушы қонақ келе қалды. Бірақ бай оған арнап союға өз малын аяп, кедейдің әлгі тоқтысын тартып алып, содан қонағына тамақ пісіріп берді!
5Дәуіт сол байға қатты ашуланып, Натан пайғамбарға:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: мұны істеген адам өлімге лайық! 6Кедейге мейірімсіз болып, осыны істегені үшін ол тоқтының орнын төрт есе етіп толтыруға да міндетті!#12:6 Мыс 22:1. — деп шешті. 7Сонда Натан Дәуітке былай деді:
— Сол адам өзіңізсіз! Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен сені Исраилдің үстінен патша етіп тағайындап, Саулдың қолынан құтқарып келдім. 8Саған патша иеңнің сарайы мен әйелдерін табыстап, Исраил мен Яһуда елдерін де тапсырдым. Мұның бәрі аз болса, оның үстіне тағы соншама қосып берер едім. 9Неге Жаратқан Иеңнің өсиеттерін#12:9 (Мыс 20:13,14,17) Немесе: Жаратқан Иенің сөзін (бұйрығын). аяқ асты етіп, Оған жек көрінішті осындай зұлым істі жасадың?! Хеттік Ұрияны семсермен өлтіртіп, оның әйелін тартып алып, өзіңе әйел қылдың! Сен Ұрияны аммондықтардың семсерімен өлтірттің! 10Ендеше, сен Өзімді менсінбей, сөзімді жерге тастап, хеттік Ұрияның әйелін өзіңе әйел қылып алғаның үшін, семсердің жүзі бұдан былай әрдайым әулетіңе қауіп төндіріп тұратын болады. 11Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: өз үйіңнің ішінен саған қарсы пәле шығарамын! Көз алдыңда әйелдеріңді алып, басқа біреуге беремін, ол тапа тал түсте әйелдеріңмен бірге болмақ. 12Сен жасырын әрекет жасадың, ал Мен осыны бүкіл Исраилдің көз алдында ашықтан-ашық істеймін!
Дәуіттің өз күнәсін шын жүректен мойындауы
13Сонда Дәуіт Натанға былай деді:
— Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасадым, соны мойындаймын!#12:13 Жыр 50:2-6. — Натан пайғамбар оған:
— Онда Жаратқан Ие күнәңді кешірді. Сен өлімге бұйырылмайтын болдың. 14Бірақ осы қылығыңмен Жаратқан Иені Оның дұшпандарының көзінше әбден қорлағаның үшін,#12:14 Немесе: осы қылығыңмен сен Жаратқан Иенің дұшпандарына Оны қорлауға сылтау бергенің үшін. (Дәуіт Таураттағы Он басты өсиеттің төртеуін бұзып, патшалық билігін өзіне адал қызметшісіне қарсы әділетсіз түрде қолданған еді.) дүниеге келген ұлың шетінейтін болады, — деп жауап берді. 15Осыны айтып, Натан пайғамбар үйіне қайтып кетті.
Жаратқан Ие Ұрияның әйелі Дәуітке туып берген балаға ауру жіберіп, нәресте қатты науқастанып қалды. 16Дәуіт нәресте үшін Құдайға жалбарынумен болды; ораза тұтып, өз бөлмесіне кіріп, жерге жатып түнеп жүрді. 17Әулетінің ақсақалдары қасына келіп, «Орныңыздан тұрыңыз», — деп қаншама өтінсе де, ол тұрмай, тамақ та жемей қойды.
18Жетінші күні нәресте қайтыс болды. «Бала тірі кезде біздің айтқанымызға құлақ аспаған еді. Баланың шетінегенін оған енді қалай айтамыз? Ол өзіне-өзі бірдеңе істеп қоюы ықтимал ғой!» — десіп, Дәуіттің қызметкерлері нәрестенің қайтыс болғанын айтуға бата алмай тұрды. 19Бірақ Дәуіт олардың өзара сыбырласып тұрғанын байқап, ұлының өлгенін түсінді. Содан ол:
— Бала шетінеді ме? — деп сұрады. Қызметкерлері:
— Ол көз жұмды, тақсыр, — деп жауап берді.
20Сонда Дәуіт жерден тұрып, жуынып, әдеттегідей маймен сыланып, киімін ауыстырды. Жаратқан Иенің киелі үйіне барып, иіліп ғибадат етті. Мұнан кейін үйіне қайта оралып, тамақ сұрап, алдына қойылғанды жеп алды.
21Қызметкерлері Дәуіттен:
— Бұл қалай? Балаңыз тірі кезінде ораза ұстап, жылаумен болдыңыз. Алайда балаңыз шетінегеннен кейін орныңыздан тұрып, тамақ жедіңіз? — деп сұрады. 22Дәуіт:
— Балам тірі кезінде «Кім біледі, мүмкін, Жаратқан Ие маған мейірімін түсіріп, балам тірі қалар?» деген оймен ораза ұстап, жалбарына жыладым. 23Бірақ ол, міне, көз жұмды. Неге енді ораза ұстауым керек? Бәрібір оны қайтара алмаймын ғой. Мен оған барармын, бірақ ол маған қайтып келмейді! — деп жауап берді.
Сүлейменнің дүниеге келуі
24Содан соң Дәуіт әйелі Барсабияға барып, оны жұбатты. Кейін онымен бірге болып, ол ұл туды. Балаға Сүлеймен (яғни Сәлемет, Татулық) деген есім берді. Жаратқан Ие сәбиді жақсы көріп, 25Натан пайғамбар арқылы хабар жіберді. Ол нәрестеге Жаратқан Иенің айтқанына сәйкес Едідиях (яғни Жаратқан Иенің Сүйіктісі) деген жанама ат берді.
Аммондықтардың бағындырылуы
26Сол екі арада Жоғаб аммондық Рабба қаласына қарсы шабуыл жасап, ондағы патшаның мекенін басып алды. 27Сонда Жоғаб Дәуітке хабаршыларын жіберіп олардан: «Мен Раббаға қарсы соғысып, қаланың сумен қамтамасыз ететін бөлігін басып та алдым. 28Ал енді, қалған әскерді жинап, қалаға қарсы қос тігіп, оны басып алыңыз. Егер өзім басып алсам, қала менің атыммен аталып жүрер», — деген сәлемін жеткізді. 29Дәуіт бүкіл әскерін жинап, Раббаға аттанып, оған шабуыл жасап, басып алды.
30Содан ол аммондық патшаның басынан тәжін шешіп алып, өз басына киді. Тәж ат басындай#12:30 Отыз төрт килограмдай. саф алтыннан жасалып, асыл таспен безендірілген болатын. Бұған қоса Дәуіт Рабба қаласынан өте көп мөлшерде олжа алып шықты. 31Ол қаланың халқын да шығарып, ара, темір кетпен және балтамен жұмыс істеуге немесе кірпіш жасауға мәжбүрледі. Аммондықтардың күллі қалаларының халқымен де осылай істеді. Содан соң Дәуіт әскерін ертіп Иерусалимге қайта оралды.
Currently Selected:
Патшалықтар 2-ж. 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.