YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 11

11
Ауыр күнә
1Келесі жылғы көктемде, патшалар жорыққа шығатын уақытта Дәуіт Жоғабты, өзінің қызметшілерін және Исраилдің бүкіл әскерін жауға қарсы аттандырды. Олар аммондықтарды жаппай қырып, астаналары Раббаны қоршап алды. Бірақ Дәуіттің өзі Иерусалимде қалып қойды.
2Бір күні кешке қарай Дәуіт төсегінен тұрып, сарайының төбесінде әрлі-берлі жүрді. Төмен қараған ол шомылып жатқан бір әйелді көрді. Әйел өте сұлу екен. 3Дәуіт ол туралы сұрастыру үшін біреуді жіберіп, оның Елиямның қызы, хеттік Ұрияның әйелі Барсабия#11:3 Осы әйел Батшеба деп те аталатын. Хеттік Ұрия Исраилдің атақты Отыз батырының біреуі еді (23:39). екенін біліп алды. 4Сонда Дәуіт хабаршыларын жіберіп, оны алдыртты. Әйел келіп, Дәуіт онымен бірге болды. Кейін әйел үйіне қайтып кетті. Бұдан бірнеше күн бұрын ғана ол айлық етеккірінен тазарған болатын. 5Содан әйел жүкті болып қалып, Дәуітке: «Аяғым ауыр», — деген хабар жіберді.
6Сонда Дәуіт соғысып жатқан Жоғабқа: «Маған хеттік Ұрияны жеткіз!» — деген бұйрық жолдап, Жоғаб сол кісіні Дәуітке жіберді. 7Ұрия оның алдына келгенде, Дәуіт одан Жоғаб пен әскердің жағдайы туралы және соғыстың қалай өтіп жатқандығы жайлы сұрастырды. 8Дәуіт соңынан Ұрияға: «Үйіңе барып, жуынып-шайынып демал!»#11:8 Немесе: Үйіңе барып аяғыңды жу! — деді. Ұрия сарайдан шығып кеткеннен кейін патша оның артынан дәмді тамақ пен ішімдік#11:8 Яки: (патшаның дастарқанынан) сарқыт (Жар 43:34). жіберді. 9Бірақ Ұрия үйіне бармай, патша иесінің басқа да қызметшілерімен бірге сарайдың кіреберісінің жанында түнеп шықты.
10«Ұрия үйіне барған жоқ!» — дегенді естіген кезде, Дәуіт оны қасына шақырып алып:
— Алыс жолдан келдің ғой. Неге үйіңе барып, демалмайсың? — деп сұрады. 11Ал Ұрия жауап қайтарып:
— Келісім сандығы және Исраил мен Яһуда әскері шатырларда тұр. Жоғаб төрем және патша иемнің қызметшілері ашық далада түнеп жүр. Сонда мен үйіме барып, ішіп-жеп, әйеліммен бірге бола аламын ба? Сіздің алдыңызда шын айтамын: мен мұндай нәрсені істемеймін! — деп ант етті. 12Сонда Дәуіт:
— Олай болса, бүгін де осында қал, ал ертең сені қайтарып жіберемін, — деді. Сонымен Ұрия сол күні Иерусалимде қалып қойды. Келесі күні 13Дәуіт оны ішіп-жесін деп шақырып, тойдыра мас қылды. Алайда кешке Ұрия тағы да өз үйіне бармай, патша иесінің қызметшілерімен бірге түнеді.
14Сондықтан Дәуіт таңертең Жоғабқа хат жазып, оны Ұриядан беріп жіберді. 15Хатында ол былай деді: «Ұрияны ең қатты шайқас болып жатқан майданның алдыңғы шебіне қойып, оны өлімге қалдырып, өздерің кері шегініп кетіңдер!»
16Содан Жоғаб қоршалған қаланың ең мықты жауынгерлері орналасқан жеріне Ұрияны қойды. 17Қаланың адамдары шығып, Жоғабқа шабуыл жасады. Сонда Дәуіттің бірнеше жауынгері қаза тауып, ішінде хеттік Ұрия да болды.
18Жоғаб Дәуітке шайқас туралы толық мәлімет жібермек болып, 19хабаршысына былай деп нұсқау берді:
— Болған шайқас туралы айтып болғаныңда 20патша ашуланып, саған «Қалаға неге тым жақындадыңдар, қабырғадан ататынын білмедіңдер ме? 21Еруб-Бесет#11:21 Яки: Еруб-Бағал (Гедеон) (Бил 6:32; 8:29-31; 9:51-54). ұлы Әбимәлікті кімнің өлтіргенін білесің ғой: Тебес қаласында бір әйел қабырғадан оның үстіне қол диірменнің тасын тастап, өлтірді емес пе?! Неге қамалдың қабырғасына сонша жақындадыңдар?» десе, оған «Қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты» деп айтарсың!
22Хабаршы барып, Дәуітке Жоғабтың тапсырғандарын былай деп баяндады:
23— Қарсыластар бізді тықсырып, қаладан сыртқа шыға келді. Бірақ біз оларды тойтарып, қала қақпасына дейін қуып тастадық. 24Сонда олардың садақшылары қызметшілеріңізді қала қабырғасынан атты. Патша иемнің бірқатар жауынгері мерт болып, қызметшіңіз хеттік Ұрия да қаза тапты. 25Ал Дәуіт оған мына бұйрықты берді:
— Сен Жоғабқа: «Осыған бола көңілің түспесін! Соғыс болғасын шығын болмай қоймайды ғой. Қаланың астан-кестенін шығарғанша шабуылыңды жалғастыра бер!» деп оны жігерлендір!
26Ұрияның әйелі күйеуінің өлгенін естіп, оны жоқтап аза тұтты. 27Жоқтау мерзімі біткенде Дәуіт біреуді жіберіп, әйелді өз үйіне алдыртты. Ол Дәуітке әйел болып, бір ұл туып берді.
Бірақ Дәуіттің істеген бұл ісі Жаратқан Иеге жек көрінішті еді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in