YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 6:27-49

Лұқа 6:27-49 ZO

Ал құлақ салып, осыны тыңдап тұрғандар, сендерге айтарым: « Өз жауларыңды жақсы көріңдер, біреулер сендерді жеккөретін болса, оларға жақсылық жасаңдар. Егер біреулер сендерді қарғайтын болса, оларға бата беріңдер, өздеріңді жәбірлегендер үшін мінәжат етіңдер. Біреу бетіңнің бір жағынан ұрса, екінші жағыңды тос. Сырт киіміңді алып жатып, көйлегіңді де қоса алғысы келгенге қарсылық жасама. Біреулер сенен бір нәрсе сұрайтын болса, оған сұрағанын бер. Ал сенен өзіңе тиесілі нәрсені алып қойғанды қайтаруды талап етпе. Адамдар өздеріңе не істегенін қаласаңдар, оларға да соны істеңдер. Егер де сендер тек өздеріңді сүйетіндерді ғана сүйсеңдер, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Өйткені күнәкарлар да өздерін сүйгендерді сүйеді емес пе? Егер де жақсылықты тек өздеріңе жасағандарға ғана жасайтын болсаңдар, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Күнәкарлар да солай істемей ме? Егер қайтарып аламыз деген үмітпен қарыз беретін болсаңдар, онда сендерге берілетін сый қандай болмақ? Тіпті, күнәкарлардың өздері бір-біріне қарызды қайтарып алу үшін бермей ме? Сондықтан сендер жауларыңды сүйіп, оларға жақсылық жасаңдар және қарыз бергенде оны қайтарып аламыз деп үміттенбеңдер, тек солай істесеңдер ғана мол сыйға ие болып, Жаратқан Иенің ұлдары деген атқа ие боласыңдар, өйткені Ол ризашылығы жоқтар мен зұлымдарға да мейірімін бірдей төгіп тұрады. Сондықтан Әкелерің қандай мейірімді болса, сендер де сондай мейірімді болыңдар. Соттамаңдар, сонда сендер де сотталмайсыңдар және біреуді айыптамаңдар, сонда басқалар да сендерді айыптамайтын болады. Кешіріңдер, сонда сендерді де кешіретін болады. Беріңдер, сонда сендерге де беріледі, жоғары мөлшерде басып, нығыздап, ернеуінен асырып, құшағыңа сыйғанша береді. Өйткені сендердің өлшемдерің қандай мөлшерде болса, өздеріңе де сондай мөлшермен өлшеніп берілетін болады, - деді. Иса оларға астарлап тағы былай деді: -Соқырды соқыр жетелеп жүре ала ма? Солай істесе, екеуі де шұңқырға түсіп кетпей ме? Шәкірті ұстазынан биік болмайды, алайда арнайы дайындықтан өткен әркім ұстазына ұқсас болады. Сен бауырыңның көзіндегі тікенді көрген кезде, қалайша өз көзіңдегі бөренені байқамайсың? Өйткені өз көзіңдегі бөренені байқамай тұрып, бауырыңа: «Көзіңдегі тікенді алып тастайыншы», -деп қалай айтып тұрсың? Ей, екіжүзді, ең алдымен, өзіңнің көзіңдегі бөренені алып таста, содан кейін бауырыңның көзіндегі тікенді анық көріп, оны алып тастайсың. Жақсы ағаш ешқашан жаман жеміс бермейді, ал жаман ағаш ешқашан жақсы жеміс бере алмайды. Сондықтан әрбір ағаш өз жемісімен танылады, өйткені тікеннен інжір, ал бұтадан жүзім жинамайды. Жақсы адам жүрегіндегі қазынасынан тек жақсылығын алып шығады, ал жаман адам жүрегіндегі қазынасынан тек жамандық алып шығады. Өйткені сенің жүрегің неге толы болса, аузың соны айтады. Сендер Менің айтқанымды орындамасаңдар, онда неге Мені: «Ием, Ием!» - деп шақыра бересіңдер? Маған келіп, Менің сөзімді тыңдап, оны іске асыратын әркімнің кімге ұқсас болатынын сендерге айтып берейін. Ол үй сала бастағанда жерді терең қазып, іргетасын таспен қалап шыққан адамға ұқсас болады. Өзен тасып, ернеуінен шығып, жағалар опырылып құласа да, сол үйді орнынан да қозғалта алмайды, өйткені ол мықты салынған болатын. Ал айтқанымды тыңдап, бірақ орындамайтын адам үйінің іргетасын тек топыраққа салған адамға ұқсас болады. Өзен тасыған кезде, үй сол сәтте құлайды, сөйтіп, әлгі үйдің құлауы аса қорқынышты болады, - деді.