YouVersion Logo
Search Icon

Рут 2

2
Руттың мейірімді қайнағасымен кездесуі
1Нағиманың марқұм күйеуі Елімәліктің Боғоз есімді аталас туысы бар еді. Боғоз абыройлы да ауқатты кісі болатын.
2Бір күні моабтық Рут Нағимаға:
— Мен егіндікке барайын. Қайырымды біреу кездесіп қалар, соның артынан жүріп, масақ терейін, — деді.#2:2 Құдайдың Тауратта берген ережесіне сай өнім жинау кезінде қалып қойған масақтар кедейлердің үлесі деп саналатын (Леу 23:22).
— Жақсы, қызым, бара ғой, — деп енесі келісті.
3Рут егістікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл жер танабы Елімәліктің туысы Боғоздың меншігі болып шықты.
4Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келіп, орақшыларымен:
— Ассалаумағалайкүм!#2:4 Яки: Жаратқан Ие сендерге жар болсын! — деп амандасып, олар:
— Уағалайкүмассалам!#2:4 Яки: Жаратқан Ие сізді жарылқай көрсін! — деп жауап қайырды.
5Боғоз олардың басқарушысынан:
— Мынау кімнің қызы? — деп сұрағанда, 6ол:
— Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген моабтық жас келіншек. 7Ол орақшылардың артынан жүріп, баулардың арасынан түсіп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан бері еңбектеніп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап берді.
8Содан Боғоз Рутқа тіл қатып:
— Қызым, сөзіме құлақ сал. Басқаның егістігіне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менің қызметші қыздарымның қасында жүріп, тере бер. 9Қай жақта орып жатқандарын байқап жүріп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметші жігіттеріме саған тиіспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су іше бер, — деді. 10Таңғалған Рут:
— Қалайша сіз жат жерлік маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иіліп тағзым етті.
11— Сенің күйеуің өлгеннен кейін енеңе қалай көмектескеніңді, әке-шешеңді, еліңді тастап, бұрын білмеген халық арасына көшіп келіп, бірге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естіп білдім. 12Осы істеген жақсылықтарың Жаратқан Иеден қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын! — 13Сонда Рут:
— Мырзам, маған әрдайым оң көзіңізбен қарасаңыз екен. Сіз жылы сөзіңізбен жүрегіме жігер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдеріңіздің бірі де емеспін, — деді.
14Түскі тамақ кезінде Боғоз:
— Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиіп, сусынымызға#2:14 Яғни қышқыл жүзім шырынына. (Бұл дәстүрлі сусын шөлді жақсы басатын.) батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан берді. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды. 15Содан кейін тұрып, жұмысына оралды.
Ал Боғоз қызметшілеріне былай деп айтып қойған еді:#2:15 2:9.
— Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсін, оны ренжітпеңдер! 16Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейі тастап та кетіңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар!
17Рут осылай кешке дейін масақ терді. Соңында ол жинағанын бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бір үлкен себетке сыярдай арпа#2:17 Немесе: бір ефадай (яғни 22 литрдей) арпа. шықты. 18Келіні арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Оған түскі астан артылып қалған тамағын да алып келді.
19— Өй, бүгін қайдан масақ тердің? Қайда жұмыс істедің? Саған оң көзімен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесі таңғалды. Рут оған:
— Бүгін Боғоз деген адамның егістігінде жұмыс істедім, — деп білдіргенде, 20енесі:
— Тірілер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — деді. Содан соң: — Боғоз — жақын қайындарымыздың біреуі. Ол бізге (Таурат заңына сәйкес) туысқан қамқоршы#2:20 Яки: әмеңгер (4:4-5; Түсіндірмедегі «Туысқан қамқоршыны» да қараңыз). бола алады, — деп қосты.
21— Әлгі кісі маған егіні орылып біткенше қызметшілерінің соңынан жүріп, теруіме де рұқсат етті, — деді Рут. 22Сонда Нағима:
— Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен бірге жүргенің жақсы болады. Бөтен егісте саған біреулердің тиісуі де мүмкін, — деп келісті.
23Сонымен Рут енесінің қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше Боғоздың қызметші қыздарының қасында жүріп, масақ тере берді.

Currently Selected:

Рут 2: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy