YouVersion Logo
Search Icon

Філіпілікт. хат 4

4
Рухани игіліктер туралы
1Сонымен, сүйікті бауырластарым, Иемізбен байланыста берік тұрыңдар! Сендерді жақсы көремін, сағынып та жүрмін. Менің қуанышым, «бәйгелік тәжім» сендерсіңдер ғой.
2Еуодия мен Сүнтүхе екеуін де Иемізбен жүргендер ретінде өзара татуласуға шақырамын. 3Иә, адал серігім,#4:3 Немесе: Сүзүг. («Жолдас, серік» дегенді білдіретін бұл сөз ер адамның есімі ретінде де қолданылатын.) сенен де сұраймын: осы екі әйелге көмек көрсетші. Олар Ізгі хабарды таратудағы күресіме ортақтасып, Кілемент пен өзге қызметтестеріммен де бірге істесті. Солардың есімдері көктегі Мәңгілік өмір кітабына#4:3 Лұқ 10:20; Аян 20:12. жазылып қойылған.
4Әрдайым Иемізбен байланыстарыңа#4:4 Немесе: Иемізден қол үзбей. қуаныңдар! Тағы да айтамын: қуаныңдар! 5Сендердің кішіпейіл#4:5 Яки: мейірімді. екендеріңді елдің бәрі көре алсын. Иеміз қастарыңда ғой.#4:5 Немесе: Иеміз жақында (көктен қайта оралып) келеді. 6Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер! 7Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды.
8Сонымен, бауырластарым, күллі шынайы да қастерлі, әділ де таза, ұнамды да тартымды нәрселер, яғни қандай да адамгершілік және мақтауға тұрарлық қасиет болмасын, солар туралы ойлана беріңдер! 9Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады.
Қандай жағдайға да қанағат ету
10Сендердің тағы да қамымды ойлай бастағандарыңа Иемізге шүкірлік етіп қатты қуанамын. Әрине, мені бұл жағынан естен шығарған жоқсыңдар, алайда оған жағдайларың мүмкіндік бермеген еді. 11Мұны бір нәрсе қажет болғандықтан айтып тұрған жоқпын. Мен қандай жағдай болмасын, қолдағы барды қанағат етуді үйрендім. 12Жоқшылықта да, молшылықта да өмір сүре аламын. Мен не тоя тамақ жейін, не аш жүрейін, молшылықта немесе мұқтаждықта болайын, қай жағдайда да қанағат етудің құпиясымен жақсы танысып алдым. 13Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен бірге болсам, бәріне де төзе аламын.#4:13 Немесе: Себебі маған күш-қуат беретін Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып (Оған ұнамдының) бәрін де істей аламын (Қор2 12:9-10; Қол 1:11; Жох 15:5). 14Дегенмен, қиын-қыстау жағдайыма ортақтасқандарың бір ғанибет болды.
15Қымбатты філіпіліктер, өздерің де білесіңдер: мен алғаш рет Ізгі хабарды сендерге жеткізіп, содан кейін Македония өлкесінен кеткенімде, маған басқа бір қауым емес, сендер ғана игіліктер жіберіп, Құдайдың жарылқауын қабылдауда ортақтастыңдар.#4:15 (Елш 17:14-16; 18:1-4; Қор2 8:1-5) Немесе: менің өздеріңе көмектескенімдей басқаларға да көмек көрсетуім үшін сендер ғана маған игіліктер жібердіңдер. 16Әлі Салониқада жүргенімде де#4:16 Елш 17:1-9. сендер маған бірнеше рет қажетімді жеткізіп тұрдыңдар. 17Сендерден сәлем-сауқат дәметпеймін, менің үміттенетінім — осылар үшін өздеріңе қайтатын жарылқау мен сауап. 18Сендер жібергендердің бәрін де алдым, енді артығымен жетіп жатыр. Епафродит сәлемдемелеріңді әкеліп бергелі қажетті нәрселерім ағыл-тегіл. Олар — Құдай ұнатып қабылдайтын хош иісті тартулар мен құрбандық іспетті. 19Ал Иса Мәсіхпен жүрген сендердің барлық қажеттеріңді де менің Құдайым Өзінің керемет байлығы бойынша қамтамасыз ететін болады. 20Құдай Әкеміздің ұлылығы мәңгілік мадақтала берсін! Аумин.
Соңғы сәлем және ақ бата
21Мәсіх Исаның арқасында Құдайдікі болғандардың бәріне#4:21 Яки: Құдайға бағышталған (қасиетті) сенушілердің бәріне. сәлемімізді жеткізіңдер. Қасымыздағы бауырластар да сәлем айтуда. 22Сендерге Құдайдың мұндағы адамдары түгелдей, әсіресе патша сарайындағылар, сәлем айтады!
23Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін! Аумин.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in