Қолостықт. хат 1
1
Арнау және сәлем
1Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан және бауырласымыз Тімотеден 2Құдайдың халқы болып#1:2 Яки: Құдайға бағышталған (қасиетті) адамдары (1:4; Рим 1:7; Еф 1:1; Түсіндірмедегі «Киеліні» де қараңыз). Мәсіхпен тығыз байланыста жүрген, Қолос қаласында тұратын сенімді бауырластарымызға дұғай сәлем. 3Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін!
Қолостықтар үшін шүкірлік етіп, тілек тілеу
Біз сендер үшін Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайға сиынған сайын шүкірлік етеміз. 4Сендердің Мәсіх Исаға сеніп, Құдайдың барлық адамдарын#1:4 Немесе: Құдайға бағышталған адамдарының (қасиетті). сүйетіндерің туралы естідік. 5Ал осы сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің өздеріңе көкте дайындалған игіліктерді иемденеміз деген үміттеріңе негізделген. Бұл туралы сендер алдымен Құдайдың шынайы хабары — Ізгі хабар өздеріңе жеткенде естідіңдер. 6Осы хабар дүние жүзінде кеңінен жайылғандай, сендерге де жетті. Ол барлық жерде адамдарды жақсылық жасауға жетелеп, көптеген кісілер оны қабылдауда.#1:6 Яки: Ол барлық жерде рухани жеміс беріп, өсіп келеді. Сендер Ізгі хабар туралы естіп, Құдайдың рақымын шынымен таныған күннен бастап, осылай рухани өсіп-өніп келесіңдер. 7Құдайдың рақымы жөнінде біздің сүйікті қызметтесіміз Епафрастан осы тәлімді алдыңдар. Ол — сендер үшін еңбектеніп жүрген Мәсіхтің сенімді қызметшісі. 8Епафрас бізге жүректеріңе Киелі Рух дарытқан сүйіспеншілік туралы айтып берді.
9Сол себептен де біз мұны естіген кезден бері сендер үшін ұдайы Құдайға сиынып келеміз. Сендердің Оның еркін толықтай біліп, өте парасатты да рухани көреген болуларыңды Құдайдан өтінудеміз. 10Осылайша Иеміздің халқына лайық, Оны риза қылатындай өмір сүрулеріңді, әр түрлі игі істер істеп, өсіп-өне беріп, Құдайды неғұрлым жақынырақ тануларыңды тілеп келеміз. 11Сендер Оның ұлы құдіретінен мол қуат алып, әрдайым төзімділік пен ұстамдылық таныта алсын әрі қуанышқа кенеліп, 12Құдай Әкеге шүкірлік ете берсін деп мінажат етудеміз. Өйткені Ол бәрімізді Өзінің халқы иемденетін нұрлы Патшалығынан үлес алуға шақырып, лайықтады.
Мәсіхтің теңдесі жоқ ұлылығы
13Құдай бізді қара түнектің#1:13 Қара түнек: шайтан мен жындар (Еф 6:12). билігінен құтқарып, сүйікті рухани Ұлы Иса Мәсіхтің Патшалығына енгізді. 14Оның құрбандық өлімі арқылы күнәларымыздың құны өтеліп, кешірімге ие болдық.
15Көзге көрінбейтін Құдайдың қандай екенін рухани Ұлы көрсетеді. Ол — жаратылыс атаулының бәрінен жоғары.#1:15 Яки: Ол — көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі, жаратылыс атаулыдан бұрын Ол бар болатын. 16Өйткені көктегі әрі жердегі, көзге көрінетін және көрінбейтін нәрселердің бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты: тақтар мен үстемдік иелері, билеушілер мен әміршілер#1:16 Яғни табиғаттан тыс қуатты күштер (періштелер немесе жындар). бәрі де Мәсіх арқылы және Мәсіх үшін жаратылған. 17Бүкіл әлем жаратылмай тұрғанда-ақ Ол бар болатын, бәрін аман сақтайтын да — Сол. 18Мәсіх — сенушілер қауымының, яғни Өзінің рухани денесінің, Басы әрі оның өмірінің Бастауы. Ол — өлімнен қайта тірілгендердің ең Бастысы#1:18 Немесе: Тұңғышы; яки: Басшысы (Елш 26:23; Қор1 15:20-23). да. Сондықтан барлық жағынан да Оның жолы үлкен.
19Құдай Өзінің бүкіл болмысының рухани Ұлында тұрғанын ұнатты.#1:19 2:9; Жох 1:1; 10:30,38; 14:9; 15:26; Елш 2:33; 10:38; 16:7. 20Ол арқылы Құдай жер мен көктегі барлық нәрсені Өзімен татуластыруды қалады, яғни Оның айқышта қанын төгіп, құрбан болғандығының арқасында татулық орнатуды жөн көрді.
21Ал сендер бұрын жаман ой-пікірлерге салынып, зұлым іс-әрекет жасап, Құдайға жат әрі қас болдыңдар.#1:21 Рим 5:10; Еф 2:3,12. 22Алайда Ол сендерді Мәсіхтің тәндік өлімі арқылы Өзімен татуластырды. Бұны сендерді алдына әкелген кезде#1:22 Яғни Мәсіхтің қайта оралып, сенушілерді Құдай алдына алып кететін кезде (Сал1 4:16-17; 5:23). Өзіне бағышталған кінәратсыз, айып тақпайтындай таза болуларың үшін жасады. 23Егер Ізгі хабар туралы естігендеріңе күмәнданбай, берік сеніп, Оған деген үміттеріңнен таймасаңдар, бұл солай болады. Осы Ізгі хабар аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланып келеді. Мен — Пауыл да оның таратушысына айналдым.
Пауылдың қауымға Мәсіх туралы құпияны ашуы
24Қазір мен сендер үшін тәнімде бейнет шегіп отырғаныма қуанамын. Мәсіхтің өз рухани денесінің, яғни бүкіл қауымның, игілігі үшін басымнан өтсін деп белгілеген азаптарын кешіп жүрмін, осылайша соларды толықтыра түсудемін. 25Құдайдың хабарын сендерге толықтай жеткізесің деген Оның тапсыруымен қауымның қызметшісі болдым. 26Бұл хабар ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жасырын болып келді; ал енді оның сыры Құдайдың адамдарына ашылды. 27Құдай оларға осы құпия хабарда басқа ұлттар үшін қаншама мол жарылқау бар екенін білдірмек болып шешті: Мәсіх жүректеріңнен орын алды,#1:27 (3:11; Жох 14:23; 17:26; Рим 8:10) Немесе: Мәсіх сендерде. сол себептен болашақ ұлылықтан үміттісіңдер.#1:27 Яки сондықтан көктегі мәңгілік ұлылықты иемденеміз деп кәміл сенесіңдер (1:5; Рим 5:2; 8:18-19).
28Мәсіх туралы хабарды біз барлық адамдарға жеткізіп, бәріне де ескертіп, барынша даналықпен тәлім беріп келеміз. Осылай әрбір жанды Мәсіхпен тығыз байланыста, толық кемелденген түрде Құдай алдына әкелуге талаптанудамыз. 29Осы үшін жан сала еңбек етіп жүрмін. Бұған мені бойыма дарып келе жатқан Мәсіхтің құдіреті қуаттандыруда.
Currently Selected:
Қолостықт. хат 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.