YouVersion Logo
Search Icon

Філіпілікт. хат 3

3
Нағыз артықшылық пен залал
1Ал енді, бауырластарым, Иемізге#3:1 Яки: Иемізбен байланыстарыңа. шаттанып қуаныңдар! Мұны қайталап жаза беру мен үшін әуре емес, ал сендерді ол нығайтады.
2Қауымды иттей шарлап, қауып жүрген зұлым қызметкерлерден, сүндеттеуді күнәдан ақталу жолы ретінде уағыздаушылардан сақтаныңдар!#3:2 Елш 15:1-2,5,10-11; Рим 4:9-11,16; Ғал 1:6-7; 3:10-14; 4:17. 3Біз — Құдайдың «рухани сүндеттелген» халқымыз! Құдайға Киелі Рухының көмегімен қызмет етіп, Мәсіх Исаны мақтан етеміз, әрі өз болмысымызға#3:3 Яки: өзіміздің кім болып, не істегендерімізге. сүйенбейміз.
4Ал менің өзіме сүйенуге себептерім жеткілікті болар еді ғой. Егер біреу өзіне сенерлік дәлелім бар десе, менікі онікінен де артық: 5туғаннан кейін сегізінші күні сүндеттелдім. Исраил халқының Бунямин руына жататын, таза еврей тұқымынан шыққан евреймін. Тәлімім бойынша Тауратты қатаң ұстанатын парызшыл болып, 6Мәсіхке сенушілердің қауымын бар ынтаммен қудалайтынмын. Осылайша Таурат заңына сай әділеттілігім мінсіз еді.#3:6 4-6; Ғал 1:13-14; Елш 7:58; 8:1-3; 9:1-2; 22:3-5.
7Алайда осы «артықшылықтарымды» Мәсіхке бола залал#3:7 Немесе: бекер (яки зиянды). деп санай бастадым. 8Иә, мен бәрін де залал деп санаймын, өйткені Ием Иса Мәсіхті жақыннан танып білу өзге нәрселерден әлдеқайда жоғары. Иеме бола бұлардың бәрінен айырылдым, оларды түкке тұрғысыз сыпырынды деп санаймын да. Осылайша қабылдайтын сыйым — Мәсіхтің Өзі. 9Онымен тығыз байланыста тұруым үшін Таурат заңын орындауға негізделген жеке басымның ақталуына сүйенбеймін, қайта, Мәсіхке деген сенім арқылы Құдайдан ақталған адам болғым келеді. 10Сөйтіп, Мәсіхтің Өзін де, Оны қайта тірілткен құдіретті де жақыннан танып білуге құштармын. Мәсіхтің азаптарына ортақтасып, Оның өз жанын мен үшін өлімге қиғанындай, мен де Ол үшін өмірімді қиғым келеді.#3:10 Немесе: Оның өлімінің кейпін кигім келеді (Рим 6:5-6; Ғал 2:20; Қор1 15:31). 11Осылайша, қайтсе де, өлімнен қайта тірілуге#3:11 Қор1 15:23, Сал1 4:13-18; Мат 24:31; 24:40-41; Лұқ 21:36. қол жеткіземін.
Бәйгені жеңіп алу
12Бұған әлі жете қойған жоқпын, өзімді Құдайдың көздегеніндей жетілдім деп те есептемеймін. Бірақ соның ізіне түсіп, иемденуге тырысудамын. Дәл осыған бола Мәсіх Исаның Өзі мені иемденіп алды ғой. 13Бауырластарым, мен бұл мақсатқа жеттім деп санамаймын. Істеп жүргенім бір-ақ нәрсе: өткен нәрселерді ескермей, алдымдағы бәйгеге қарай жан сала жүгіріп келемін. 14Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатты қуып жүрмін.
15Арамызда кім жетілген болса, осылай ойласын. Егер бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да білдіреді. 16Тек қол жеткізген түсінігімізге сай ойлап, өмір сүруге тиіспіз.
17Қымбатты бауырластар, менің өмірімді үлгі етіңдер, әрі біздің өнегемізге сай жүргендерге назар аударыңдар! 18Себебі сендерге бұрын да айтқанмын, қазір де көз жасымды төгіп айтып отырмын: көп адамдар Мәсіхтің айқыштағы құрбандығына қас болып жүр. 19Бұлардың ақыры — тозаққа түсу, құдайлары — өз құлқыны,#3:19 Немесе: өз қарны; яки: тәндік құмарлықтары (Рим 16:18). ал мақтаныштары — ұятсыз әдеттері. Олар осы күнәлі дүниенің нәрселерін ғана ойлайды.
20Алайда біздің отанымыз#3:20 Яки: азаматтық құқығымыз (Жох 17:14-15; Пет1 2:11). көкте, содан Құтқарушымызды — Иеміз Иса Мәсіхті сағына күтеміз. 21Ол әлемдегі күллі нәрселерді де жеңіп бағындыру үшін қолданатын құдіретті күшімен біздің өткінші тәнімізді Өзінікі сияқты салтанатты денеге айналдырады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in