Руларды санау 3
3
Леуі руы жайлы нұсқаулар
1Ал мынау — Жаратқан Иенің Мұсамен Синай тауында тілдескен кезінде Һароннан және Мұсадан тараған ұрпақтардың шежіресі:
2Һаронның ұлдарының есімдері: тұңғышы Надаб, одан кейін Әбиһу, Елазар және Ітамар. 3Һаронның өзі май жағу рәсімін орындап, Жаратқан Иеге арналған діни қызметке тағайындаған ұлдарының есімдері — осылар. 4Алайда Надаб пен Әбиһу Синай атты елсіз далада Жаратқан Иенің алдында оттың Ол бұйырмаған бөтен түрін ұсынғандары үшін өлім құшқан болатын. Олардың арттарында бала да қалмаған еді. Сондықтан жалғыз Елазар мен Ітамар ғана әкелері Һаронның қасында діни қызмет атқаратын болды.#3:4 Леу 10:1; 16:1.
5Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 6«Леуі руын алға шығарып, оларды діни қызметкер Һаронның алдына тұрғыз. Олар оған қызмет ететін болсын. 7Леуіліктер діни қызметкер Һарон және бүкіл халық үшін кездесу шатырының алдындағы күзету және қызмет ету жұмыстарын атқаратын болсын. 8Олар кездесу шатырының барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, осылай Исраил халқына жүктелген киелі шатырдағы қызмет ету міндетін орындайтын болады. 9Сонымен леуіліктерді Һарон мен оның ұлдарының қарауына тапсыр. Бүкіл Исраил халқының арасынан леуіліктер Һаронның құзырына тапсырылсын. 10Һаронды және оның ұлдарын діни қызметтерін атқаруға тағайында. Ал бөтен адам сол қызметті атқарамын деп жақындаса, өлтірілсін».
11Жаратқан Ие Мұсаға тағы тіл қатып былай деді: 12«Міне, Мен Өзіме исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына Леуі руын бағыштадым. Күллі леуіліктер Менікі. 13Себебі тұңғыш атаулы Менікі. Мен Мысыр халқының барлық тұңғыштарының көздерін құртқан күннен бастап, Исраилдің барлық тұңғыш ұлдарын да, малдың тұңғыш төлдерін де Өзіме бағыштадым. Сондықтан олар Менікі болуға тиіс. Мен Жаратқан Иемін».
14Жаратқан Ие Мұсаға Синайдағы елсіз далада мынаны да айтты: 15«Барлық жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті леуіліктерді шыққан ата-тектері мен әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткіз!» 16Содан Мұса Жаратқан Иенің осы нұсқауына сай Леуі руын түгендеп санақтан өткізді.
17Леуінің ұлдарының есімдері: Герсон, Қахат, Мерари. 18Герсонның ұлдарынан тараған әулеттердің аттары: Лібіни, Шимей.#3:18 Мыс 6:17; Шеж1 6:17. 19Қахаттың ұлдарынан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел. 20Мераридің ұлдарынан тараған әулеттер: Мәхли, Мұши. Шыққан ата-тектері бойынша леуіліктердің әулеттері осылар.
21Герсонға жататын әулеттер: Лібіни мен Шимей әулеттері. 22Олардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны жетпіс мың бес жүз болып шықты. 23Герсондық әулеттер киелі шатырдың артында, яғни, батыс жақта орналасып қостарын тіксін. 24Герсондық әулеттердің басшысы — Лаел ұлы Әлиасаф. 25Герсондықтар киелі кездесу шатырында мына міндеттерді орындауға тағайындалды: шатырдың өзіне жабындарымен қоса, сондай-ақ кіреберісіндегі шымылдыққа, 26ауланың перделеріне, киелі шатыр мен құрбандық үстелінің айналасындағы ауланың кіреберісіндегі пердеге және арқандарға күтім жасау әрі соған байланысты барлық жұмыстарды атқару.
27Қахаттан тараған әулеттер: Ымрам, Ысқар, Хеброн, Ұзиел әулеттері. 28Бұлардағы санақтан өткен, жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілерінің жалпы саны сегіз мың алты жүз болып шықты. Олардың жауапкершілігінде киелі шатырдағы қызмет болды. 29Қахаттық әулеттер киелі шатырдың оңтүстік жағында орналасып қостарын тіксін. 30Қахаттық әулеттердің басшысы — Ұзиел ұлы Елісапан. 31Қахаттықтар Келісім сандығын, (нан тартулары қойылатын) үстелді, шам қойғышты, құрбандық үстелін және хош иісті заттарды түтету үстелін, киелі шатырдағы қызметте қолданылатын құрал-саймандарды және шымылдықты қарап, оларға байланысты барлық жұмыстарды атқаруға тағайындалды. 32Леуі руы басшыларының жетекшісі діни қызметкер Һаронның ұлы Елазар болды. Ол киелі шатырдағы түрлі қызметтерді атқаратындардың үстерінен қарады.
33Мерариге жататын әулеттер: Мәхли, Мұши әулеттері. 34Олардағы санақтан өткен жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің жалпы саны алты мың екі жүз болып шықты. 35Мерарилік әулеттердің басшысы — Әбихаил ұлы Суриел. Мерарилік әулеттер киелі шатырдың солтүстік жағында орналасып қостарын тіксін. 36Мерариліктердің орындайтын міндеті киелі шатырдың бөренелеріне, көлденең сырықтарына, бағаналарына, тағандарына және барлық құрал-жабдықтарына күтім жасап, соларға байланысты бүкіл қызметті атқару болды. 37Олар, сондай-ақ, киелі шатырдың айналасындағы ауланың бағаналары, тағандары, қазықтары мен арқандарына байланысты қызметтерді де атқаратын.
38Киелі шатырдың алдында, оның шығыс жағында Мұса, Һарон және оның ұлдары қостарын тігетін болды. Оларға исраилдіктердің атынан киелі шатырды басқарып, бақылап қорғау міндеті жүктелді. Ал соған жақындаған бөтен адам өлтірілуге тиіс болды.#3:38 1:51.
39Мұса мен Һарон Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай Леуі руын өз әулеттері бойынша түгендеп санақтан өткізгенде, олардағы жасы бір айдан жоғары еркек кіндіктілердің тіркелген жалпы саны жиырма екі мың болып шықты.
Тұңғыш ұлдар жайлы нұсқаулар
40Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға былай деп нұсқады: «Исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары барлық еркек кіндікті тұңғыштарын санақтан өткізіп, аты-жөндерін тізімге тірке. 41Осылайша исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді Маған бағышта; Мен Жаратқан Иемін. Исраилдіктердің малының барлық алғашқы төлінің орнына леуіліктердің малы да Менікі».#3:41 3:12,45.
42Содан Мұса Жаратқан Иенің нұсқауына сай исраилдіктердің арасындағы барлық тұңғыш туған еркек кіндіктілерді түгендеп санақтан өткізді. 43Сонда есімдерінің тізіміне сәйкес есептегенде, исраилдіктердің жасы бір айдан жоғары еркек кіндікті тұңғыш болып туғандарының жалпы саны жиырма екі мың екі жүз жетпіс үш болды.
44Жаратқан Ие Мұсаға тағы да тіл қатып былай деді: 45«Исраилдіктердің барлық тұңғыш ұлдарының орнына леуіліктерді, барлық малының орнына леуіліктердің малын ал. Леуіліктер Менікі болып Маған арнайы қызмет етуге тиіс; Мен Жаратқан Иемін. 46Леуіліктердің санынан асып түсетін екі жүз жетпіс үш тұңғыш болып туған исраилдіктің құнын өтеп, (міндеттерінен) босату үшін 47олардың әрқайсысы үшін бес мысқал күмістен қабылдап ал. Мұндағы мысқал — салмағы жиырма гераһтан тұратын киелі орында қолданылатын ресми өлшем.#3:47 18:16; Мыс 30:13; Леу 27:25. 48Исраилдіктердің босатылуы үшін төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына бер».
49Сонда Мұса саны леуіліктерден артылып қалған тұңғыш болып туған исраилдіктердің құны ретінде төленген күмісті жинап алғанда, 50ол киелі орынның ресми өлшемі бойынша салмағы бір мың үш жүз алпыс бес мысқал тартатын күміс#3:50 Шамамен 15,5 кг күміс. болды. 51Мұса Жаратқан Иенің берген нұсқауына сай төленген осы құнды Һарон мен оның ұлдарына табыс етті.
Currently Selected:
Руларды санау 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.