YouVersion Logo
Search Icon

Руларды санау 13

13
Қанахан еліне барлаушылар жіберу
1 # 13:1 Көп аудармаларда осы аят 12-тараудың 16 аяты деп саналып, одан кейінгі аяттардың саны бір сан төмен болады. Мұнан кейін халық Хасироттан көшіп шығып, Паран атты елсіз далаға жетіп, қостарын тікті. 2Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп тапсырды: 3«Мен Исраил халқына табыстап отырған Қанахан елін барлап келу үшін сол жерге адамдар жібер. Ата-бабаларынан тараған он екі рудан бір-бір басшыдан жібер». 4Сонымен Мұса оларды Жаратқан Иенің нұсқауы бойынша Паран атты иен даладан жұмсап жіберді. Олардың барлығы Исраил халқының басшыларынан болатын.
5Олардың аты-жөндері мыналар: Рубен руынан Зақур ұлы Шаммуа, 6Шимон руынан Хори ұлы Шапат, 7Яһуда руынан Ефунне ұлы Халеп, 8Исашар руынан Жүсіп ұлы Иғал, 9Ефрем руынан Нұн ұлы Ошия,#13:9 13:17. 10Бунямин руынан Рафу ұлы Палти, 11Забулон руынан Соди ұлы Ғаддиел, 12Жүсіптен тараған Манаса руынан Суси ұлы Ғадди, 13Дан руынан Гемалли ұлы Әмиел, 14Ашир руынан Михайл ұлы Сетур, 15Нафталим руынан Уопси ұлы Нахби, 16Ғад руынан Махи ұлы Геуел. 17Мұсаның елді барлап келуге жіберген адамдарының есімдері осылар. Ал Мұса Нұн ұлы Ошияға Ешуа деген жаңа ат қойды.#13:17 (13:9) Ошия «Құтқарушы», ал Ешуа «Жаратқан Ие — Құтқарушы» дегенді білдіреді (Еш 1:1; Түсіндірмедегі «Исаны» да қараңыз).
18Сонымен Мұса оларды Қанахан елін барлап келуге жіберіп, мынадай тапсырма берді: «Осы Негев аймағы арқылы елдің таулы жеріне өрлеп барыңдар. 19Байқап көріңдер: ел қандай екен? Онда тұрып жатқан халықты да байқаңдар, қуатты ма, әлде әлсіз бе, көп пе, әлде аз ба? 20Халықтың тұрып жатқан жері де қандай: жақсы ма, жоқ па? Қандай елді мекендерде тұрады екен, шатырлы қоныстарда ма, әлде бекіністі қалаларда ма? 21Жерлерінің топырағы қандай: құнарлы ма, әлде құнарсыз ба? Онда ағаш өсе ме, жоқ па? Батыл да қайсар болып сол елдің жемістерінен де біраз алып келіңдер!» — Бұл жүзім піскен мезгіл болатын.
22Жіберілгендер елге өрлеп барып, оны Сін#13:22 Яки: Цин (Өлі теңіздің оңтүстік-батыс жағындағы елсіз дала: 20:1; 27:14; 33:36). атты елсіз даладан бастап (солтүстіктегі) Лебо-Хаматқа қарай баратын жолдағы Рехоб аймағына дейін#13:22 Яки: (Сириядағы) Хаматқа қарай баратын жолдағы (Бет-)Рехоб деген таулы аймаққа дейін (Еш 19:30; Бил 18:28; Пат2 10:6). шарлап, барлап шықты. 23Олар елге Негев арқылы еніп, Хеброн#13:23 Жар 13:18; 23:2. қаласына жетті. Онда Анақтың ұрпақтары Ахиман, Шешай, Талмай деген алыптар тұратын. Ал Хеброн Мысырдағы Соған#13:23 Жыр 77:12,43. қаласынан жеті жыл бұрын салынған қала. 24Мұнан кейін олар Ешқол аңғарына барып, онда жүзім бұтасынан шоғы бар бір сабағын кесіп алып, оны ағаш бақанға іліп, екеулеп көтеріп кетті. Сонымен бірге олар анар, інжір жемістерінен де ала жүрді. 25Сол жер исраилдік барлаушылардың кесіп алған жүзім шоғына бола Ешқол (демек, жүзім шоғы) аңғары деп аталып кетті.
Барлаушылардың екі түрлі баяндамасы
26Жіберілгендер қырық күн бойы елді барлап болғаннан кейін қоныстарына қайта оралды. 27Олар Паран даласындағы Қадеште#13:27 Яки: Қадеш-Барнидың төңірегінде (32:8). жиналып тұрған Мұса мен Һаронның және Исраил халқының бүкіл жамағатының алдында өздерінің көріп-біліп келгендерін айтып беріп, алып келген жемістерін де көрсетті. 28Барлаушылар Мұсаға баяндап былай деді:
— Біз сіз жіберген елге барып келдік. Онда шынында да ағы мен балы молынан ағып жатыр екен. Міне, мыналар — сол елде өсетін жемістер. 29Алайда онда тұратын халық сондай мықты екен! Ондағы қалалар да бекіністі әрі өте үлкен. Біз одан тіпті Анақтың алып ұрпақтарын да көрдік. 30Елдің оңтүстігіндегі Негев аймағында Амалек тайпасы тұрады. Ортадағы таулы аймақта хеттіктер, ебустіктер, аморлықтар орналасыпты. Қанахандықтар (батыстағы) теңіз жағасында және (шығыстағы) Иордан өзені бойында қоныстанған екен.
31Ал Халеп Мұсаның алдында халықты тыныштандырып:
— Уа, халайық, біз елге өрлеп барып, оны иемденіп алайық! Соны сөзсіз істей аламыз! — деді. 32Бірақ онымен бірге барып келген басқалар:
— Жоқ, біз сол халыққа қарсы шыға алмаймыз, олар бізден соншама күшті! — деп онымен келіспеді. 33Сол он барлаушы#13:33 Яғни Халеп пен Ешуадан басқалары (14:6). исраилдіктердің арасында өздері барлап келген ел туралы жағымсыз хабар таратты: «Біз аралап, барлап келген сол ел өз тұрғындарын жалмайтын жер екен! Онда тұрып жатқан халықтың адамдары денелі. 34Бұл жерде алыптың тұқымынан#13:34 Жар 6:4. тараған Анақтың ұрпақтары да тұрады! Біз олардың жанында өзімізді шегіртке іспетті кішкентай сезіндік! Олар да бізге солай қарады».

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in