Руларды санау 11
11
Шағымданған халықтың отпен жазалануы
1Ал халық Жаратқан Иенің алдында ауыртпалықтарға шағымдана берді. Мұны естіген Жаратқан Иенің қаһары лаулап, Оның қасынан от лап етіп шықты. От халықтың арасына түсіп, ел қонысының шетін жалмап өртеп жіберді. 2Сонда халық Мұсаға айқайлап жалбарынды. Мұса Жаратқан Иеге сиынып мінажат еткенде от басылды. 3Жаратқан Иенің оты халықтың арасында жанып өртегендіктен, сол жер Табера (демек, Өрт) деп аталып кетті.
Мұсаның тым ауыр міндетінен түңілуі
4Исраил халқының арасындағы жат жұрттық тобыр#11:4 Яки: халыққа Мысырдан ере шыққан алуан жат жұрттықтар (Мыс 12:38; Леу 24:10). өзге тағамдарға құмарлық танытты. Исраилдіктердің өздері де қайтадан күңкілдей жыланып: «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! 5Мысырдағы тегін балықты айтсаңшы! Қияр мен қарбыз, жуа, пияз әрі сарымсақ дегендерді айтсаңшы! 6Ал енді, көзіміз мына маннадан басқа ештеңені көрмейді. Оны жей-жей тәбетіміз таусылып, өзегіміз талды ғой!» — деп шағымданды.
7Ал манна болса, көжекөк#11:7 (Мыс 16:31) Яки: кориандр. өсімдігінің дәндеріндей, түсі ақшыл сары шайыр сияқты болды. 8Адамдар далаға барып, маннаны жинап алатын, содан кейін оны қол диірменге тартып не келіде түйіп ұнтақтайтын. Содан олар оны қазанда пісіретін немесе одан күлше нан жасайтын. Маннаның дәмі май жағылған тәтті нанның дәміндей болатын.#11:8 Мыс 16:4,31. 9Түнде қонысқа шық түскенде онымен бірге манна да түсетін.
10Осылай Мұса халық әулеттерінің бәрі қостарының кіреберісінде шағымданып зарлап жатқандарын естіді. Жаратқан Ие оларға қатты қаһарланып, Мұса да соларына наразыланды. 11Ол Жаратқан Иеге мінажат етіп:
— Неге мендей қызметшіңнің басына осы ауыртпалықты түсіріп тұрсың? Неге маған рақыммен қарамайсың? Мына күллі халықтың ауыртпалығын маған жүктеп, Өзің жек көретіндей мен не істедім? 12Осы халыққа мен жүкті болдым ба? Оны дүниеге келтірген мен бе едім? Сенімді бала күтушінің сәбиді бауырына алып көтеріп жүретініндей, маған мына халықты ата-бабаларына сыйлауға уәде еткен елге көтеріп алып баруға сол себепті бұйырасың ба?#11:12 14:16; Иш 40:11. 13Бізге ет бер, ет жегіміз келеді деп жылап жүрген халыққа мен етті қайдан тауып беремін? 14Осы халықтың ауыр жүгін мен жалғыз өзім көтеріп алып жүре алмаймын, бұл мен үшін тым қиын!#11:14 Мыс 18:18. 15Егер Сен шынымен маған осылай етпекші болсаң, онда мейірімді болып мені қазір-ақ өлтіре сал. Басыма түскен осы пәлені көргеннен бұл әлдеқайда артық! — деді.
Мұсаға көмектесетін ақсақалдарға Құдайдың өз Рухын қондыруы
16Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді:
— Исраилдің жетпіс ақсақалын жинап ал! Өзің оларды халықтың қамын ойлайтын басқарушылары ретінде жақсы танып білуің керек. Сол адамдарды кездесу шатырының алдына алып кел. Осы жерде күтіп тұрыңдар. 17Мен сол жерге түсіп, өзіңмен тілдесемін. Сендегі Рухтан алып, олардың әрқайсысына үлестіріп қондырамын. Сонда осы халықты басқарудың ауыр жүгін сен жалғыз өзің көтермейсің, олар да сенімен бірге көтерісетін болады. 18Ал халыққа мынаны жеткіз: Жаратқан Иеге бағышталып тазару рәсімінен өтіп ертеңгі күнге дайындалыңдар! Ет жейтін боласыңдар. «Біреу бізге ет жегізсе ғой, шіркін! Мысырда жүрген кездеріміз жақсырақ болатын еді!» деген шағымдарың Жаратқан Иенің құлағына жетті. Енді Ол сендерге ет береді, соны жейсіңдер! 19Сендер сол етті тек бір күн не екі күн емес, бес, он, жиырма күн емес, 20тұтас бір ай бойы мұрындарыңнан шығып, өздерің ет атаулыдан жиренгендеріңе дейін жейтін боласыңдар.#11:20 11:31-32. Өйткені сендер Жаратқан Иеден бас тарттыңдар, ал Ол сендердің араларыңда. Сендер: «Неге ғана біз Мысырдан көшіп шықтық екен?!» деп Оның көз алдында шағымдана зарладыңдар.
21Сонда Мұса Жаратқан Иеге былай деді:
— Міне, алты жүз мың жаяу жасақшысы бар халықтың арасында тұрмын. Ал Сен «Мен оларға тұтас бір ай бойы жейтін ет беремін» дейсің. 22Отар-отар қой-ешкі мен табын-табын ірі қара сойып бергенде де бұл оларға жетер ме екен? Тіпті теңіздің бүкіл балығын аулап бергенде де бұл оларға жеткілікті болар ма екен? — 23Жаратқан Ие Мұсаға жауап қатып:
— Немене, бұлай істеу Жаратқан Иенің қолынан келмейді деп ойлайсың ба? Айтқан сөзімнің іске асып-аспайтынын қазір көретін боласың, — деді.
24Мұса шықты да, Жаратқан Иенің сөздерін халыққа жеткізді. Содан соң ол халықтың ақсақалдарынан жетпіс адамды жинап алып, оларды кездесу шатырын айналдыра тұрғызды. 25Сонда Жаратқан Ие бұлт ішімен төмен түсіп, Мұсамен сөйлесті; Мұсаға қонған Рухтан алып, Оны сол жетпіс ақсақалға үлестіріп қондырды. Өздеріне Рух қона салысымен олар пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізе бастады.#11:25 Яки: олар ерекше күйге еніп Құдайды мадақтай бастады (Пат1 10:5). Ал кейін олар бұларын тоқтатты.
26Ақсақалдар ретінде Елдад пен Модад деген екі адам да тізімге енгізілген болатын. Бірақ олар басқалармен бірге кездесу шатырына кірмей, қоныста қалып қойған еді. Алайда Рух оларға да қонып, екеуі қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың сөзін жеткізді. 27Бұны көріп қалған бір жас жігіт Мұсаға жүгіріп барып: «Елдад пен Модад қоныста пайғамбар ретінде Құдайдың хабарын жеткізіп жатыр!» — деді.
28Сонда жастайынан Мұсаға қызмет етіп келген Нұн ұлы Ешуа:
— Мырзам, Мұсеке, оларды тоқтата көріңіз! — деді. 29Ал Мұса оған:
— Сен менің қамымды жейсің бе? Жаратқан Ие өз халқының бәріне де Өзінің Рухын қондырып, олардың барлығының да пайғамбар болып кетуін тілеймін,#11:29 (11:25) Яки: барлығының да ерекше күйге еніп Құдайды мадақтауын тілеймін. — деп жауап қайырды. 30Бұдан кейін Мұса ақсақалдармен бірге ел қонысына қайтып оралды.
Жаратқан Ие жіберген бөденелер
31Ал Жаратқан Ие бір жел жіберіп, сол жел теңіз жақтан бөденелерді ел қонысына ұшырып алып келді. Құстар ел қонысын айналдыра екі бағытта бір күндік жол қашықтықта екі шынтақ биіктікке төмендеп түсті. 32Халық шығып, сол күні және ертеңіне күні бойы бөдене жинап жүрді. Олардың әрқайсысы ең аз дегенде он үлкен қапқа сыярлық мөлшерде бөдене жинап алып, (бауыздады да, кептіру үшін) қоныстың айналасында жайды. 33Алайда олар шайнап жеп жатқан еттерін әлі жұтып үлгірмей жатып-ақ, Жаратқан Ие оларға қаһарланып, сұрапыл апат жіберді. 34Осы себепті сол жер Қиброт-Хатауа (демек, Құмарту қабірлері) деп аталып кетті. Өйткені ет жеуді аңсап құмартқандар сол жерде қабірге қойылды.
35Қиброт-Хатауадан халық жолға шығып, Хасиротқа жетіп, сонда тұрақтады.
Currently Selected:
Руларды санау 11: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.