YouVersion Logo
Search Icon

Руларды санау 10

10
Белгі беретін күміс кернейлер
1Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 2«Исраил қауымына жиналу не жолға шығу туралы белгі беру үшін күмістен балғамен соққызып екі керней жасатып ал. 3Кернейдің екеуі де тартылған кезде, бүкіл қауым кездесу шатырының алдында жиналсын. 4Ал біреуі ғана тартылғанда тек жетекшілер — Исраилдің мыңбасылары ғана сенің алдыңа жиналсын. 5Кернейлермен дабыл тартылғанда, кездесу шатырының шығыс жағында қостарын тіккен рулар жолға аттансын. 6Кернейлермен екінші рет дабыл тартылғанда, шатырдың оңтүстігіндегі рулар жолға аттансын. Сонымен кернейдің дабыл берген дауысы жолға шығудың белгісі болады. 7Ал қауымның жиналуына белгі бергенде, кернейлеріңді дабыл бермей, басқаша тартыңдар.
8Кернейлерді тартатындар — Һароннан тараған діни қызметкерлер болсын. Бұл — болашақтағы ұрпақтарыңа да тиісті тұрақты ереже. 9Елдеріңде өздеріңе зорлық жасаған жауға қарсы соғысқандарыңда да, кернейлерді дабыл беріп тартыңдар! Сонда Мен, Құдайларың Жаратқан Ие, сендерді ескеріп, жауларыңнан құтқаратын боламын. 10Сендер қуана той тойлағанда, белгіленген мейрамдарыңды өткізген уақыттарыңда, әр айдың бірінші күні, түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынастарыңа ризашылық білдіретін құрбандықтарыңды ұсынған кездеріңде де, кернейлеріңді тартыңдар! Сонда Мен сендерді ерекше ескеретін боламын. Мен сендердің Құдайларың Жаратқан Иемін».
Исраилдің Синайдан Паран даласына көшуі
11Сол екінші жылдың екінші айының жиырмасыншы күні Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатырдың үстіндегі бұлт жоғары көтеріліп, алға жылжи бастады. 12Сонда исраилдіктер Синай атты елсіз даладан шығып, бұлт жылжи Паран даласына келіп тоқтағанша көштерін жалғастырды. 13Осылайша олар Жаратқан Иенің Мұса арқылы жақында берген нұсқауларына#10:13 2:2-34. сай алғаш рет жолға шықты.
14Яһуда тұрағындағы үш ру соның байрағының астында көш бастап шықты. Яһуда руы жасағының басшысы Әминадап ұлы Нағасон, 15Исашар руы жасағының басшысы Суғар ұлы Нетанел, 16Забулон руы жасағының басшысы Хелон ұлы Елиап болды. 17Бұлардан кейін Леуі руының Герсон мен Мерариден тараған екі тармағы киелі шатырды жинап, оны көтеріп алып жолға шықты.
18Олардан соң Рубен тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Рубен руы жасағының басшысы Шедеур ұлы Елисур, 19Шимон руы жасағының басшысы Суришадай ұлы Шелумиел, 20Ғад руы жасағының басшысы Рәгуел ұлы Әлиасаф болды. 21Олардан кейін Леуі руының Қахаттан тараған тармағы киелі шатырдың жиһаздары мен жабдықтарын көтеріп алып жолға шықты. Бұлар қоныстанатын жерге келіп жетпес бұрын киелі шатыр құрылып, дайын тұратын.
22Солардан кейін Ефрем руының тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Ефрем руы жасағының басшысы Амихуд ұлы Әлишама, 23Манаса руы жасағының басшысы Педасур ұлы Гамалиел, 24Бунямин руы жасағының басшысы Гидеони ұлы Абидан болды.
25Бүкіл көштің соңын қамтып, Дан тұрағындағы үш ру соның байрағының астында жолға шықты. Дан руы жасағының басшысы Амишадай ұлы Ахиезер, 26Ашир руы жасағының басшысы Охран ұлы Пагиел, 27Нафталим руы жасағының басшысы Енан ұлы Ахира болды. 28Көшкен кезде исраилдіктер жасақтарына сәйкес осындай тәртіппен жолға шығатын.
Жол көрсететін жетекші Хобаб
29Мұсаның қайын атасы мадияндық Рәгуелдің#10:29 Мыс 2:18. ұлы Хобаб та сол жерде еді. Мұса (балдызы) Хобабқа былай деді:
— Жаратқан Иенің бізге табыстауға сөз берген еліне қарай бара жатырмыз. Сол елге бізбен бірге жүрсеңші. Жаратқан Ие Исраилге игіліктерді уәде етті. Біз де саған жақсылық жасайтын боламыз. — 30Хобаб оған:
— Жоқ, бармаймын. Мен өз еліме, өз жұртыма қайтып оралмақшымын, — деп жауап қатты. 31Ал Мұса:
— Өтінемін, бізді тастай көрме. Елсіз далада тұрақтауға болатын жерлерді жақсы білесің ғой. Біздің көзіміз іспетті жол бастаушымыз болсаңшы. 32Егер бізбен бірге жүрсең, Жаратқан Иенің бізге сыйлайтын игіліктерін сенімен де бөлісеміз, — деді.#10:32 Хобаб Мұсаның осы өтінішіне құлақ асқан болса керек (Бил 1:16).
33Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің тауынан шығып, үш күндік жол жүрді. Сол үш күн бойы Келісім сандығы оларға тынығып демалатын орын табу үшін алдарында жүріп отырды. 34Күндіз қоныстан көшкенде Жаратқан Иенің бұлты олардың үстінде болды. 35Келісім сандығы көшпен бірге жолға шыққан сайын Мұса былай деп сиынатын:
— Уа, Ием, көтерілші, жауларың шашырасын,
Өзіңді жек көретіндер алдыңнан қашсын!
36Келісім сандығын көтеріп алып жүргендер тоқтап тыныққан сайын Мұса былай деп өтінетін:
— Уа, Жаратқан Ием, тұрақтай гөр қайта
Исраилдің сан мыңдағандарына!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Руларды санау 10