YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 4

4
Төрт түрлі топыраққа себілген тұқым туралы астарлы әңгіме
1Иса қайтадан көл жағасында тәлім бере бастады. Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, көл бетінде отырды. Ал барша халық жерде, жағалауда болды. 2Иса оларға астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп, былай деді:
3— Тыңдаңдар: бір диқан тұқым себуге шығыпты. 4Ол сеуіп жүргенде, дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып, жеп қояды. 5Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, сол тұқымдар тез көктеп шығады. 6Алайда тамыр жая алмағандықтан күн шыққанда олар күйіп, қурап қалады. 7Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды. Сондықтан сол дәндер де жеміс бермейді. 8Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлар көктеп шығып, қаулап өсіп, кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді. — 9Сонда Иса оларға: — Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын! — деп ескертті.
Ізгі хабарды ашық жүрекпен қабылдап, рухани өнім беру қажет
10Халық тарап кеткеннен кейін, төңірегіндегілер және он екі елшісі Исаға айтып берген астарлы әңгімесі туралы сұрақ қойды. 11Иса оларға былай деп жауап берді:
— Құдай өз Патшалығы туралы сырды білуді сендерге бұйырған. Бірақ сыртта қалғандарға#4:11 Яғни шын жүректен Құдайдың ізгі жолына түскісі келмейтіндерге (Мат 13:13-15; 23:13; 11:16-27; Аян 22:15). барлығы тек астарлы әңгімелер арқылы ғана айтылады. 12Осылайша олар көріп тұрсын, алайда аңғармасын, естіп тұрсын, алайда түсінбесін. Әйтпесе олар теріс жолдарынан қайтып, күнәлары кешірілер еді.#4:12 Құдайдың ежелде Ишая пайғамбар арқылы осындай қатаң сөздермен Исраил халқының қиқарлығын әшкерелеп, содан сақтандырғаны (Иш 6:9-10) сияқты, Мәсіх те адамдардың қиқарлығының ауыр салдарларын түсіндірді.
13Содан кейін Иса тыңдаушыларына былай деді:
— Бұл әңгімені түсінбей тұрсыңдар ма? Онда басқа да астарлы әңгімелердің бәрін қалай ұқпақсыңдар? 14Тұқым себуші — адамдарға Ізгі хабардың сөздерін жеткізуші біреу. 15Жол бойына түскендері мынадай жайтты бейнелейді: бірқатар адамдар Ізгі хабарды естісімен-ақ әзәзіл шайтан келіп, олардың жүректеріне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. 16Сол секілді, тастақ жерге себілгендері мынаны көрсетеді: кейбіреулер Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, 17бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Кейін Ізгі хабарға бола бастарына азап не қуғын түскенде, олар дереу сенімдерінен безіп кетеді. 18Тікен арасына себілген дәндер болса мынаны білдіреді: басқа адамдар Ізгі хабарды естиді, 19алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Өзге нәрселерге деген құмарлықтар да бойларына сіңеді. Сондықтан Ізгі хабар оларда ескерусіз қалып тұншығып, өнім бермейді. 20Ал құнарлы топыраққа себілген тұқымдар мынаны бейнелейді: бірсыпыра адам Ізгі хабарды тыңдап, қабылдайды. Кейбіреулері отыз, басқалары алпыс, тіпті жүз еседен өнім береді.#4:20 Яки: жүз еседен рухани өнім береді (Жох 15:9-16; Ғал 5:22-26; Мат 13:23; 25:34-40; Жақ 1:27).
21Иса төңірегіндегі адамдарға тағы былай деді: «Адам шам жағып алып келіп, бір ыдыстың не төсектің астына бүркеп қоя ма? Қайта, оны шам қойғышқа#4:21 Яғни шамдалға, майшамға арналған тұғырға (Пат4 4:10; Мат 5:15). қояды ғой. 22Сол сияқты, мәлім болмайтын ешбір сыр, жария болмайтын ешбір құпия да жоқ. 23Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!
24Иса оларға былай деп қосты: — Не тыңдағандарыңа назар аударыңдар! Қандай мөлшерде көңіл бөлсеңдер, өздеріңе сондай мөлшерде түсінік беріледі, тіпті үстемелеп те беріледі. 25Өйткені кімде біраз түсінік бар болса, соған тағы көбірек беріледі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады».
Құдай Патшалығының өркендеуі туралы астарлы әңгімелер
26Иса тағы да былай деді: «Құдайдың Патшалығы мынаған ұқсас: біреу егіндікке тұқым сеуіпті. 27Ол ұйықтап жатсын, не жүріп-тұрсын, бәрібір, тұқым күні-түні көктеп, өсе береді. Әлгі адам оның қалай өсіп жатқанын түсінбейді. 28Жер өздігінен алдымен көк өскінді, содан кейін масағын шығарып, соңынан масақтағы дәндерді өсіріп толыстырады. 29Егін піскенде оратын мезгілі жетіп, диқан оған дереу орақ салады».
30Бұдан кейін Иса былай деді: «Құдайдың Патшалығын немен салыстырып, қалай астарлап бейнелеуге болады? 31Ол қыша дәніне#4:31 Яки: горчица тұқымына. ұқсас: сол дән жерге себілгенде басқа тұқымдардан гөрі майда болса да, 32көктеп шығып өскенде барлық дәнді дақылдардан биік бұта болып, бұтақтарын кең жаяды. Сонда құстар ұшып келіп, оның саясында паналай алады».#4:32 Құдайдың игілікті әкімшілігі керемет өсіп, онда исраилдіктермен қатар басқа халықтардың адамдары үшін де орын болады (14:24; 16:15-16; Дан 4:11-12; Елш 10:34-35).
33Осындай көптеген астарлы әңгімелермен Иса адамдардың тыңдай алғандарынша Ізгі хабарды уағыздады. 34Оларға астарламай еш нәрсені айтпады, бірақ Өзінің шәкірттеріне оңашада бәрін түсіндіріп отырды.#4:34 4:11-12,23-25; Мат 11:25-30.
Мәсіх Исаның сұрапыл дауылға тыйым салуы
35Сол күннің кешінде Иса шәкірттеріне: «Көлдің арғы бетіне#4:35 Яғни көлдің оңтүстік-шығыс жағына (5:1). өтейік», — деді. 36Содан олар халықты қалдырып, қайықтағы Ұстазын өздерімен бірге алып кетті. Өзге қайықтар да Исаға ілесе шықты. 37Біраздан кейін сұрапыл дауыл көтеріліп, қайық толқынның астында қалып, суға тола бастады. 38Ал Иса қайықтың артқы жағында көпшік жастанып ұйықтап жатты. Шәкірттері Оны оятып: «Ұстаз, құритын болдық! Жағдайымызды ойламайсыз ба?» — деп айқайлады.
39Иса тұрып, желге тыйым салып, көлге де: «Тына қал, басыл!» — деп бұйырды. Сонда дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады. 40Бұдан кейін Иса шәкірттеріне қарап: «Неліктен соншама қорқасыңдар? Әлі де сенімдерің жоқ па?» — деді. 41Олар қатты үрейленіп, бір-біріне: «Тіпті жел мен көл де бағынатын Бұл кім Өзі?» — деп таңғалысты.

Currently Selected:

Марқа 4: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy