YouVersion Logo
Search Icon

Матай 4

4
Мәсіх Исаның сынақтан өтіп, әзәзілді жеңіп шығуы
1Бұдан кейін Киелі Рух Исаны шайтанның сынағынан өтуі үшін айдалаға бастап алып барды. 2Иса қырық күн, қырық түн ораза тұтып, соңында әбден ашықты.
3Сонда азғырушы әзәзіл Оның қасына келіп:
— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыра гөр! — деді.
4Иса оған былай деп жауап қатты:
— «Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүреді»#4:4 Заң 8:3. деп (Тауратта) жазылған ғой!
5Бұдан кейін әзәзіл шайтан Оны қасиетті қалаға (Иерусалимге) апарып, ғибадатхананың төбесіне шығарып, былай деді:
6— Егер Құдайдың рухани Ұлы болсаң, төмен қарай секіре гөр! Өйткені «Періштелеріне Ол Сен жайлы бұйрық береді: Сен аяғыңды тасқа соғып алмауың үшін қолдарына көтеріп Сені алып жүреді»#4:6 Жыр 90:11-12. деп (Забурда) жазылған ғой.
7Иса оған жауап қайтарып:
— Алайда «Құдай Иеңді#4:7 (Заң 6:16) Яки: Құдайың — Жаратқан Иені. еркінсіп сынама!» деп те (Тауратта) жазылған ғой! — деді.
8Содан кейін әзәзіл шайтан Оны тағы да ертіп алып бір биік таудың басына шығарды. Оған әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын көрсетіп:
9— Егер аяғыма жығылып маған ғибадат етсең, бұлардың бәрін де Саған беремін, — деді.
10Сонда Иса оған былай деп жауап қайтарды:
— Кет қасымнан, шайтан! «Құдай Иеңді терең қастерлеп,#4:10 (Заң 6:13-14,20) Яки: Құдайың — Жаратқан Иеге иіліп ғибадат (немесе: тағзым) етіп. жалғыз Оған ғана қызмет ет!» деп (Тауратта) жазылған ғой!
11Мұнан соң әзәзіл шайтан Оның қасынан кетіп қалды. Сол сәтте періштелер келіп, Исаға қызмет көрсетті.
Мәсіхтің өз қызметіне кірісіп, алғашқы шәкірттерін таңдауы
12Жақия пайғамбардың тұтқындалғаны туралы#4:12 14:3; Мар 6:17. естігенде Иса Ғалилея аймағына жүріп кетті. 13Ол Назарет қаласын тастап, Забулон мен Нафталим руларының жерінде көл жағасында орналасқан Қапарнаум қаласына көшіп барып, сонда тұрды. 14Ишая пайғамбардың алдын ала айтып кеткен мынадай сөздері осылай жүзеге асты:
15Забулон мен Нафталимнің отаны,
Теңізге баратын жол бойындағы
Әрі Иорданның батыс жағындағы
Бөтен ұлттар#4:15 Яки: Жаратқан Иеге мойынсұнбайтындар (5:47). тұрған Ғалилея аймағы:
16Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді,
Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді,
Түнек басқан жерде#4:16 Немесе: Өлім көлеңкесінде. Яки: Үмітсіздік пен қауіп-қатер жайлаған жерде (Жыр 22:4; 106:10,14; Лұқ 1:78-79). тұратын елге
Таңның шапағы сәулесін төгуде!#4:16 Иш 9:1-2.
17Сол уақыттан бастап Иса: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер! Себебі Құдай Патшалығының#4:17 3:2. жер бетіне орнайтын кезі таяп қалды!» деп уағыздап жүрді.
18Бірде Ғалилея көлінің жағасымен келе жатып, Иса ағайынды екі жігітті: Шимон Петір мен інісі Әндірді көрді. Балық аулап күнелтіп жүрген олар көлге ау салып жатты. 19Иса оларға тіл қатып: «Соңымнан еріңдер! Мен сендерді балық аулағандарың сияқты бұдан былай адамдарды жинап әкелетін етемін»,#4:19 Яки: адамдарды Құдай жолына түсірушілер етемін (4:17; Мар 3:14-19; Лұқ 10:1-9,16). — деді. 20Екеуі дереу ауларын тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
21Сол жерден әрі қарай кетіп бара жатып, Иса ағайынды тағы екі жігітті: Зебедейдің ұлдары Жақып пен Жоханды көрді. Олар әкелерімен бірге қайықта ауларын жамап отыр екен. Иса оларды да Өзіне шақырды. 22Екеуі дереу қайықты да, әкелерін де тастап, Исаға шәкірт болып ерді.
23Бұдан кейін Иса бүкіл Ғалилея аймағын аралап жүріп, мәжілісханаларында#4:23 Мәжілісхана: яһудилердің жиналып, Құдайдың сөзін оқып, дұға ететін үйі (Лұқ 4:16-17; Түсіндірмені де қараңыз). тәлім берді. Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды барлық ауру-сырқауларынан сауықтырды. 24Иса туралы хабар бүкіл Сирия өлкесіне де тарап, жұрт Оған түрлі дерттері бар қиналып науқастанғандардың бәрін де, жын соққандарды, ұстамалы-қояншықтар мен сал болғандарды алып келіп жатты, ал Иса оларды сауықтырды. 25Ғалилея, Онқала және Яһудея аймақтарынан, Иерусалим қаласынан әрі Иорданның шығыс бетінен көптеген халық келіп, Оның соңынан ілесті.

Currently Selected:

Матай 4: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy