YouVersion Logo
Search Icon

Лұқа 16

16
Құдай аманаттаған мал-мүліктеріңді орынды пайдаланыңдар!
1Иса шәкірттеріне мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Бір байдың үй шаруашылығын басқаратын кісісі болған екен. Сол адам мал-мүлкіңізді шашып жатыр деген сыбыс байдың құлағына жетеді. 2Бай оны шақырып алып:
— Сен туралы естіп жүргенім не әңгіме? Жұмысың жайлы есеп бер! Бұдан былай үйімді басқара алмайсың, — деп шешеді.
3Басқарушы сонда өзіне-өзі: Енді не істесем екен, қожайыным мені жұмыстан босатып тастамақ. Жер қазу қолымнан келмейді, қайыр сұрауға ұяламын. 4Бірақ дәл қазір не істеу керек екенін білемін, сонда үй басқарудан босаған кезімде жұрттың есігі мен үшін айқара ашық болады, — дейді. 5Содан ол қожайынына қарыздар адамдардың бәрін жеке-жеке шақырып алып, біріншісінен:
— Қожайыныма қанша борышың бар? — деп сұрайды.
6— Жүз күбі май, — дейді ол.
— Борыш қағазыңды ал да, отыра қалып, елу күбі деп жаз! — дейді басқарушы. 7Содан кейін басқасынан:
— Ал сенің қанша борышың бар? — деп сұрайды.
— Жүз қап бидай.
— Борыш қағазыңды алып, сексен деп жаз! — дейді соған.
8Қожайыны өтірікші басқарушысының ақыл тауып кеткендігін мақтады.#16:8 Сол басқарушы қарыздар адамдардан әділ бағасынан артық алған өсімдерді осылайша қайтарған шығар. Себебі осы күнәкар дүниенің адамдары өзі сияқтылармен араласқанда Құдайдың нұрлы жолымен жүргендерден гөрі#16:8 Немесе: Нұрдың әулетінен гөрі (11:35; Мат 5:14). әлдеқайда ақылды әрекет жасайды.
9Сендерге шын айтамын: осы күнәкар дүниелік байлықтарыңмен жақсылық жасап, өздеріңе достар табыңдар! Сонда бұ дүниеден қайтқан кездеріңде көктегі мәңгілік мекендердің есігі сендер үшін айқара ашық болады.#16:9 Немесе: байлықтың өзі негізінде әділетсіз болса да, ол біткенде Құдай сендерді мәңгілік мекендерге қабылдасын деп байлықтарыңмен өздеріңе достар табыңдар! (Сенушілер қолдарындағы дүние-мүлікті мұқтаждарға көмектесуге қолданып, осылайша көктегі байлыққа ие болсын! 16:12-13; 6:30; 12:22-34; 18:22; Мат 25:45-46)
10Кішкене істе сенімді болған үлкен істе де сенімді, ал кішкене істе сенімсіз болған үлкен істе де сенімсіз. 11Сондықтан, егер бұ дүниелік байлықтарың барда сенімді болмасаңдар, сендерге көктегі шынайы байлықты кім сеніп тапсырады? 12Және егер түпкілікті меншік болмайтын мал-мүліктеріңді дұрыс қолданбасаңдар, мәңгі өздеріңдікі болатын байлықты сендерге кім табыс етпек?#16:12 Немесе: Бөтен заттарға сенімді болмасаңдар, өз меншіктеріңді сендерге кім бермек? (Сенушілер үшін бұ дүниелік байлық — бөтен нәрсе, ал рухани байлықтар — шынайы да мәңгілік меншіктері.)
13Ешбір қызметші екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!»#16:13 14:26; Еш 24:15; Мат 6:24.
14Бұлардың бәрін дүниеқор парызшылдар да естіп, Исаны мазақ қылды. 15Иса оларға былай деп жауап қатты: «Сендер адамдар алдында әділ болғансып жүрсіңдер, бірақ Құдай жүректеріңде не бар екенін жақсы біледі. Адамдар бұларыңды жоғары бағалағанмен, Құдай алдында ол — жексұрындық».
Таурат және Ізгі хабар
16«Жақия пайғамбардың уағыздауына дейін Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары сендерге тура жолды көрсеткен еді. Жақияның уағыздаған кезінен бері Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабар жарияланып келеді. Оған кіруге әркім күш салып жүр.#16:16 Яки: Құдайдың Патшалығына кіретін әркім рухани күш жұмсап жүр (13:24; 18:24-27; Мат 7:13-14; 11:12-13). 17Ал Таурат заңының бір кішкентай сызығының түсіп қалғанынан гөрі аспан мен жердің жойылып кетуі оңайырақ.#16:17 Мат 5:17-20.
18Әйелін үйінен шығарып жіберіп, басқаны алған әркім неке адалдығын бұзады. Сондай-ақ, күйеуімен ажырасқан әйелді алған да неке адалдығын бұзады».#16:18 Мат 5:32; 19:3-9; Мар 10:4-12.
Мейірімсіз бай мен мүсәпір Елазар
19«Бір кісі бай болып, қымбат қызыл шапан мен сәнді киімдер#16:19 Яки: ақ бәтестен жасалған (қымбат) киімдер (Аян 18:16). киіп, күн сайын салтанат құрып көңіл көтеретін. 20Ал қақпасының алдында Елазар есімді бір мүсәпір жататын, оның тұла бойын іріңді жара басқан еді. 21Мүсәпір байдың дастарқанынан түскен қалған-құтқанды жеп тойынсам деп аңсайтын. Тіпті иттер келіп, жараларын жалап кететін.
22Ақыры мүсәпір қайтыс болып, періштелер оны Ыбырайым пайғамбардың қасына апарып салады. Бай да өліп, қабірге қойылады. 23Ол о дүниеде азап шегіп жүріп, басын көтеріп қарағанда алыстан Ыбырайым мен оның қасында жантайған#16:23 Жұмақтағы бақытты өмір кейде той ретінде бейнеленген (13:28-29; Мат 8:11). Елазарды көреді. 24Содан ол қатты дауыспен:
— Ыбырайым ата, маған қайырым қылып, Елазарды жібере көріңіз! Ол бармағының ұшын суға малып алып, тілімді салқындатсын. Мына жалынды отта қатты қиналып жатырмын, — деп жалбарынады.
25Бірақ Ыбырайым былай деп жауап береді:
— Ей, балам, есіңе түсірші: сен өміріңде әрдайым жақсылық көріп рақаттандың, ал Елазар ауыртпалық көріп, азап шегіп жүрді. Енді ол мұнда жұбаныш тапса, сен онда қиналып жатырсың. 26Оның үстіне сендер мен біздің арамызға терең шыңырау орнатылған. Бұл жерден сендерге барғысы келгендер өтіп бара алмайды, ар жақтан бізге де өтіп келе алмайды. — 27Сонда ол:
— Ата, олай болса, сізден сұраймын: Елазарды әкемнің үйіне жібере көріңіз! 28Себебі бес інім бар, соларға барып, олардың да осы азапты жерге түспеулері үшін мықтап ескертіп куәлік етсін, — деп өтінеді. 29Ал Ыбырайым:
— Мұса мен өзге пайғамбарлардың жазбалары оларда бар ғой, соларға құлақ ассын! — дейді.
30— Жоқ, Ыбырайым ата! Егер өлгендердің біреуі барса, онда олар теріс жолдан қайтады, — деп жалынады ол. 31Сонда Ыбырайым оған:
— Олар Мұса мен өзге пайғамбарларға құлақ аспағанда, өлгендердің біреуі тіріліп, барса да, сенбейді,#16:31 9:22; 11:30; Мат 12:39-41; Жох 12:42-43. — деп жауап береді».

Currently Selected:

Лұқа 16: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy