Ешуа 9
9
Айлакер гибеондықтармен жасалған келісім
1Иордан өзенінің батыс жағындағы патшалар осы оқиғалар жайлы естіді. Олар — таулы аймақта және батыстағы төменгі қыраттарда, Ұлы теңіздің жағасында#9:1 Яғни Жерорта теңізінің жағасында. әрі Ливанға дейін созылған жазықта тұрып жатқан хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктердің патшалары болатын. Бұлар осындай хабар алғанда, 2жиналып бірауыздан Ешуа мен Исраилге қарсы бірігіп соғысуға ұйғарды.
3Алайда Гибеон қаласының тұрғындары#9:3 Олар хевтіктер болатын (9:7; 11:19). Гибеонның аты Гаваон деп те жазылады. Ешуаның Иерихон мен Ай қалаларына не істегені туралы естігенде, 4қулыққа басты. Олар Ешуаға елшілерін жіберіп, солардың есектеріне алба-жұлба қаптар мен тозып, жамалған шарап местерін артты. 5Адамдар аяқтарына тозған, жамау-жамау аяқкиім, үстеріне тозығы жеткен ескі киім киді. Азық-түлігі қатып, көгеріп кеткен нан болды. 6Гибеондық елшілер исраилдіктердің Ғылғал маңындағы қонысына келіп, Ешуаға және басқа исраилдіктерге:
— Біз бір алыстағы елден келіп отырмыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен, — деді. 7Ал исраилдіктер сол хевтіктерге:
— Қалайша сіздермен келісім жасай аламыз? Мүмкін, бізге жақын осы маңда тұратын шығарсыздар? — деп күдіктенді. 8Олар Ешуаға:
— Сіздің құлдарыңыз боламыз,#9:8 Яки: Сіздерге бодан (басыбайлы қызметшілер) болуға дайынбыз. — деп жауап берді. Ешуа олардан:
— Өздеріңіз кімсіздер? Қайдан келіп отырсыздар? — деп сұрады. 9Олар жауап қайтарып былай деді:
— Алдыңыздағы құлдарыңыз өте қашықтағы бір елден Құдайыңыз Жаратқан Иенің ұлы атақ-даңқына бола келіп отыр. Өйткені біз Оның Мысыр елінде істеген барлық ғажап істері жайлы, 10әрі Иорданның шығыс жағындағы аморлықтардың екі патшасына істегендерінің бәрі: Хешебон патшасы Сихонды да, Аштаротта тұрған Башан патшасы Огты да қалай жеңгені туралы нақты естідік. 11Содан еліміздің рубасылары мен барлық тұрғындары бізге мына тапсырманы берді: Жолға азық-түлік сайлап алып, сапарға шығып, сол халықпен кездесіңдер! Олардан: «Сіздердің құлдарыңыз боламыз. Бізбен келісім жасасаңыздар екен!» деп өтініңдер. 12Міне, нанымыз. Осы жаққа қарай жолға шыққан кезде ол әлі суып үлгірмеген, жылы болатын, ал енді көріп отырсыздар, қатып, көгеріп кетіпті. 13Біз мына шарап құятын местерімізді толтырған кезде олар әлі жап-жаңа еді, ал енді, міне, жыртылайын деп тұр. Киім-кешегіміз бен аяқкиіміміз де ұзақ жолдан тозып кетті!
14Исраилдіктер олардың жол азықтарынан алып көрді, алайда Жаратқан Иенің еркін сұрамады. 15Содан Ешуа гибеондықтармен бейбітшілік келісімін жасап, оларды аман қалдыруға уәде беріп, қауымның жетекшілері де соны антпен бекітті.
16Бірақ келісім жасағаннан үш күн өткеннен кейін исраилдіктер бұл адамдардың өздеріне жақын тұрып жатқан көршілері екенін біліп алды. 17Исраилдіктер дереу жолға шығып, үшінші күні олардың қалаларына: Гибеон, Кефира, Бегерот және Кирият-Иғарымға жетті. 18Исраилдіктер оларға шабуыл жасаған жоқ, себебі қауымның басшылары Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атымен оларға (бейбітшілік жайлы) ант беріп қойған болатын.
Халықтың бүкіл қауымы жетекшілеріне наразы болып, күңкілдеді. 19Сол басшылары қауымға жауап беріп: «Біз Исраилдің Құдай Иесінің атымен ант еткенбіз, сондықтан оларға тиісе алмаймыз. 20Енді былай істейік: оларды тірі қалдырайық, әйтпесе Жаратқан Ие оларға берген антымызды бұзғанымызға бола бізге қаһарын төгіп жүрер. 21Олар тірі қалсын, бірақ бүкіл қауым үшін отын жарып, су таситын болсын!» — деп шешті. Осылайша қауымның жетекшілері берген сөздерінде тұрды.
22Ешуа гибеондықтарды шақырып алып, оларға былай деді:
— Іс жүзінде жақын маңымызда тұрып, неге «сіздерден өте қашықта тұрамыз» деп#9:22 9:9. бізді алдадыңдар?! 23Соған бола сендерді қарғыс атты! Бұдан былай басыбайлы қызметші болудан ешқашан құтылмайсыңдар. Құдайымның үйі үшін отын жарып, су таситын боласыңдар! — 24Олар Ешуаға былай деп жауап берді:
— Тақсыр, біз Құдайыңыз Жаратқан Иенің өз қызметшісі Мұсаға сіздерге бүкіл елді табыстауды және ондағы тұрғындардың барлығын алдарыңыздан құртып жоқ қылуды тапсырғанын анық біліп алдық. Сондықтан сіздерге бола өміріміз үшін қатты қауіптеніп, осылай істедік. 25Енді, міне, біздің тағдырымыз сіздің қолыңызда. Сіз нені дұрыс та әділ деп тапсаңыз, соны істеңіз.
26Сонда Ешуа исраилдіктердің гибеондықтарды өлтіруіне жол бермей, оларды құтқарып қалды. 27Сол күні Ешуа оларды Исраил халқы үшін және Жаратқан Иенің таңдап алатын жерінде орнатылатын құрбандық үстелі үшін отын жарып, су тасушы қызметшілер етіп қойды. Бұл күні бүгінге дейін солай.
Currently Selected:
Ешуа 9: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.