YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 23

23
Құдайдың «отарының» опасыз және адал «бақташылары»
1«Халқымның билеушілері Менің «отарымдағы қойларды бағатын бақташылар» іспетті. Сол «бақташылар» қасіретке қалады! Өйткені олар бағуға тиістілерді өздері құртып, бытыратып қуып жатыр!»#23:1 10:21; 25:34-36; Езк 34:2-6. — дейді Жаратқан Ие. 2Өз халқын бағып жүрген осы «бақташыларға» Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Сендер Менің «қойларымды» бытыратып қуып жіберіп, оларға тиісті назар аудармадыңдар. Сондықтан Мен сендердің толып жатқан зұлым істеріңе енді назарымды аударамын! — деп ескертеді Жаратқан Ие.
3Мен «отарымның» тірі қалғандарын Өзім айдап жіберген елдерден жинап аламын да, өздерінің еліне қайтарамын. Олар сонда өсіп-өнетін болады. 4Оларға қамқорлық ететін «бақташыларды» тағайындаймын. Бұдан былай «отарым» еш нәрседен қорқып, зәрелері ұшпайды да, бірде-біреуі жоғалмайды да». — Жаратқан Ие осыған уәде береді.
Дәуіттің әулетінен шықпақ «Әділ Өскін»
5Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Алдағы уақытта Мен Дәуіттің әулетінен бір «Әділ Өскінді» өсіріп шығаратын кез келеді. Ол патшалық құрып, даналықпен әрекет етіп, жерге әділет пен шындық орнатады.#23:5 33:15-16; Иш 11:1-5; 52:13; 53:2. 6Сол кезде Яһуда елі құтқарылып, Солтүстік Исраил де аман-есен өмір сүретін болады. Патша: «Әділдігіміздің қайнары — Жаратқан Ие»#23:6 Яки: «Бізді Өзінің алдында ақтап, әділдік сыйлаушы — Жаратқан Ие» (33:16; Иш 45:24; Дан 9:24). деп аталмақ.
7Сондықтан Жаратқан Ие тағы мынаны да айтады: Халқым ант бергенде: «Исраилдіктерді Мысыр елінен алып шыққан мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» деп емес, 8«Исраилдің үрім-бұтағын солтүстіктегі елден және Өзі аластатып жіберген басқа да барлық елдерден жинап алып келген мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын» дейтін уақыт тумақ! Сонда исраилдіктер өздерінің елін мекендейтін болады».
Жалған «тыныштықты» жариялайтын пайғамбарлардың әшкереленуі
9(Жалған) пайғамбарларға бола жүрегім жаралы,#23:9 4:19; 8:18. тұла бойым дірілдеп, шарапқа қызып алған мас адамға ұқсаймын. Мен Жаратқан Иенің киелі сөздерінен#23:9 20:8-9. осындай болдым. 10Ел Оның Келісіміне опасыздық жасаған адамдарға толып кеткендіктен қарғысқа ұшырады. Содан иен даладағы жайылымдар құрғап, жердің өзі қайғырып жатыр. Халық зұлымдық жасап, күш-қуатын жамандыққа жұмсайды.
11«Халықтың пайғамбарлары мен діни қызметкерлері азғындыққа салынған, Мен тіпті киелі үйімнен олардың зұлым істерін таптым. 12Сондықтан оларды күтіп тұрғаны — қараңғы да тайғақ жолмен кетіп, сонда сүрініп құлау. Жазаланатын уақыты келгенде Мен олардың бастарына апат түсіремін!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
13«Самарияның пайғамбарларының жиренішті іс істеп жүргендерін көрдім: олар Бағалдың атынан пайғамбарлық сөз айтып, халқым Исраилді адастырып, теріс жолға тайдырды. 14Иерусалимнің пайғамбарларынан да мына қорқынышты іс-әрекетті көрдім: олар азғындыққа салынып, жалғандықтың жолын қуып жүр! Олар зұлым істер істеп жүретіндерді қолдап-қолпаштайды. Сондықтан ешкім күнәсінен бас тартпайды. Діни қызметкерлердің бәрі Маған Содомдай, Иерусалимнің тұрғындары Ғоморадай жексұрын болып кетті».#23:14 Жар 18:20.
15Сол себепті Әлемнің Иесі осы жалған пайғамбарлар туралы мынаны айтады: «Мен оларға азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін.#23:15 8:14; 9:15; Рул 5:23-24; Заң 29:18. Өйткені Иерусалимнің пайғамбарларынан бүкіл елге азғындық таралуда».
16Әлемнің Иесі халыққа мынаны айтады: «Сол (жалған) пайғамбарлар сендерге хабарларын жеткізгенде оларға құлақ аспаңдар! Олар сендерді алдап босқа үміттендіріп жүр. Сендерге айтып жүрген сөздері — Жаратқан Иенің айтқандары емес, өз қиялдарынан шыққан сөздер.#23:16 (14:14; 23:26; 27:14-16; Езк 13:2-3,6) Яки: Жаратқан Иенің айтқандарына емес, өздері ойлап шығарған бейнелерге негізделген сөздер. 17Мені менсінбейтіндерге олар: «Жаратқан Ие былай деді: Сендерде амандық пен тыныштық болады!» Қасарысқан жүрегінің қалауымен жүретін қыңырларға олар: «Бастарыңа ешқандай пәле түспейді!» деп уәде береді».
18Ал олардың қайсысы Жаратқан Иенің көктегі кеңесінде тұрып Оның хабарларын көріп-естіпті? Оның сөзіне құлақ асып, ден қойған біреуі болды ма?#23:18 23:22; Әйүп 1:6; 15:7-10; 29:4-5; Жыр 88:6-8; Иш 6:1,8. 19Қара да тұр, Жаратқан Иенің қаһары дауылдай буырқанып, құйын сияқты зұлымдардың басына шүйілейін деп жатыр! 20Жаратқан Ие жүрегіндегі ой-ниеттерін толығымен орындап болмайынша, Өзінің қаһарынан қайтпайды. Алдағы уақытта сендер мұны анық түсінесіңдер.
21«Мен бұл пайғамбарларды жіберген жоқпын, әйтсе де олар хабарларын жеткізуге асығады. Мен оларға сөйлеген де жоқпын, ал олар бәрібір пайғамбарлық сөздер айтқансиды. 22Олар шынымен Менің кеңесімде тұрған болса, онда халқыма Менің сөздерімді жеткізіп, оны теріс жолынан, істеп жатқан зұлым іс-әрекеттерінен қайтарған болар еді.
23Мені тек жақын жерде тұрып, алыс жерде бола алмайтын Құдай дейсіңдер ме? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — 24Әлде адам құпия жерге тығылып, Менің көзімнен тасалана алады деп ойлайсыңдар ма? Аспан мен жердің барлық жерінде Мен бармын, солай емес пе?#23:24 (Жыр 138:8-12) Немесе: Бүкіл аспан мен жерді Мен Өзіммен толтырмаймын ба? (Пат3 8:27) — деп ескертеді Иеміз.
25Менің атымнан өтірік хабар жеткізетін пайғамбарлардың не айтатынын да естідім. Олар: «Мен мынадай түс көрдім!» «Ал мен анадай түс көрдім!» — деседі.#23:25 27:9; Заң 13:1-3; Рул 12:6; Жое 2:28. 26Өтірік айтып, өз қиялдарын жариялайтын сол жалған пайғамбарлардың жан дүниелерінде осындай нәрсе қашанға дейін бола бермекші? 27Олардың ата-бабаларының Бағалға табынғандарының кесірінен Менің кім екенімді ұмытқандары сияқты, олар да бір-біріне айтқан сол түстері арқылы Менің кім екенімді халқыма ұмыттыруды көздейді.
28Түс көрген пайғамбар түсін айтсын. Ал Менің хабарымды қабылдағандар оны ақиқатпен жеткізсін. Сабан мен бидайдың арасындағы зор айырмашылық іспетті олардың бос сөздері мен ақиқаттың арасындағы айырмашылық та жер мен көктей.
29Менің сөзім от сияқты емес пе? Ол тастың талқанын шығаратын балға сияқты емес пе? — деп сауал қояды Жаратқан Ие. — 30Сондықтан біліп қойыңдар: сөздерімді бір-бірінен ұрлап алатын пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — дейді Жаратқан Ие. — 31Дұрыс, мылжыңдап «Жаратқан Ие пәлен деп айтты!» дей беретін пайғамбарларға Мен қарсы шығамын! — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 32Иә, сол өтірік түс айтатындарға Мен қарсы шығамын! Мен оларға тапсырма беріп тағайындамасам да, жібермесем де, олар көрген түстерін айтып, сорақы өтіріктерімен халықты теріс жолға салады. Олардың осы халыққа тигізетін титтей де пайдасы жоқ!» — деп тұжырымдайды Жаратқан Ие.
Жалған пайғамбарлардың жалған хабарлары
33Жаратқан Ие маған тағы мынаны да айтты:
— Егер осы халықтың не жай адамдары не бір пайғамбары, не бір діни қызметкері сенен: «Жаратқан Иенің саған жүктеген ауыр хабары қандай?»#23:33 Немесе: Жаратқан Иенің артқан ауыр жүгі қандай? (Түпнұсқа тілінде «ауыр жүк» пен «ауыр хабардың» айтылуы бірдей.) деп сұраса, оларға былай де: «Өздерің ауыр жүксіңдер! Ал Жаратқан Ие сендерді тастап кетемін дейді!» 34Пайғамбар болсын, діни қызметкер болсын, халықтың басқа адамы болсын, «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» жайлы айтатын болса, Мен сол адамды да, бүкіл отбасын да жазалаймын! 35Қайта, сендер бір-біріңнен: «Жаратқан Ие қандай жауап берді?» немесе «Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек. 36Ал «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары» деген сөздерді ауыздарыңа алушы болмаңдар! Өйткені әркімнің өз сөзі оның «ауыр хабары» болады.#23:36 Немесе: Өйткені әркімнің өз сөзі өзіне (Құдайдан жеткен) хабардай болады (23:33). Осылайша сендер мәңгі тірі Құдайдың сөздерін бұрмалап тастайсыңдар! Ол — Әлемнің Иесі, біздің Құдайымыз. 37Сонымен сендер пайғамбардан тек: «Жаратқан Ие қандай жауап берді? Жаратқан Ие не айтты?» деп сұрауларың керек.
38Ал егер «Жаратқан Иенің жүктеген ауыр хабары!» дей беретін болсаңдар, онда Жаратқан Ие сендерге мынаны айтады: Мен соны айтуға тыйым салсам да, оны бәрібір істеп жүрсіңдер. 39Сондықтан Мен сендерді бұдан былай есіме алмаймын да, өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған Менің қаламмен қоса өздеріңді де қасымнан аластатамын! 40Сонда Мен сендерді ешқашан ұмытылмайтын ұятқа қалдырып, масқара қыламын.

Currently Selected:

Еремия 23: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Еремия 23