YouVersion Logo
Search Icon

Жақыптың хаты 1

1
Арнау және сәлем
1Құдайдың және Иеміз Иса Мәсіхтің басыбайлы қызметшісі Жақыптан дүние жүзіне тарап кеткен Исраилдің он екі руына#1:1 Жох 7:35; Елш 2:5; 8:1; 15:21; Пет1 1:1. дұғай сәлем!
Сенімнің сыналуына төзіп, адал өмір сүру жайында
2Бауырластарым менің, сендер алуан түрлі қиын сынақтарға ұшырағанда, бұл жайтты зор қуанышпен қабылдаңдар.#1:2 Мат 5:11-12; Рим 5:3; Пет1 1:6. 3Себебі сенімдеріңнің сыналып, берік те шынайы екендігінің дәлелденуі төзімділік тудыратынын білесіңдер. 4Тек төзімділіктерің іс жүзінде соңына дейін жетуге тиіс, сонда сендер рухани жағынан жетіліп те кемелденіп, ешбір кемшіліктерің қалмайды.#1:4 Яки: ешбір игі қасиеттен мұқтаждық көрмейсіңдер (Мат 5:48; Қол 4:12; Флп 3:12-15).
5Ал егер кейбіреулерің даналыққа мұқтаж болсаңдар, Құдайдан сұраңдар, Ол береді. Тәңір Иеміз еш жазғырмай-ақ бәріне жомарттықпен бере салады.#1:5 3:17; Мат 7:7. 6Тек шүбәланбай, сеніммен Құдайдан сұрауларың керек. Себебі күмәнданған адам жел айдап, соқтығысқан теңіз толқынына ұқсас. 7Мұндай кісі Жаратқан Иеден бір нәрсе аламын деп күтпесін: 8ол — екіойлы, барлық іс-әрекетінде тұрақсыз адам.
9Қарапайым бауырластарың Құдай алдындағы жоғары дәрежесімен, 10ал бай адам қарапайым дәрежесімен мақтансын.#1:10 Немесе: (Құдай алдындағы) төменгі орнын мақтан тұтсын (2:5; Мат 5:3,5; 19:24; Пет1 5:6). Өйткені пенде шөп арасындағы жабайы гүл іспетті бірден құрып кетпек.#1:10 Жыр 89:4-6; 102:15-16; Мат 6:30. 11Күн шығып, аптап ыстық басқанда шөп қурап, гүл де солып, бар сұлулығынан айырылады. Дәл солай, бай адам да бұ дүниедегі іс-әрекетімен шұғылданып жүргенде-ақ#1:11 (Лұқ 17:16-21; 16:19-25; Қор1 7:31) Немесе: бай адам да өз өмір жолында. қалжырап, құрып кетпек.
12Қиын сынақты төзімділікпен басынан өткізіп жатқан әркім бақытты! Содан өтіп, сенімді екендігі дәлелденгеннен кейін, ол бәйге жүлдесіндей «шынайы өмірдің тәжін» иемденбек.#1:12 1:2-3; 5:11; Пет1 3:14; 4:14; Қор1 9:25. Мұны Жаратқан Ие Өзін сүйгендерге сыйлауға уәде етті.
13Күнәға еліккен ешқайсың да: «Құдай мені еліктіреді» деп айтпаңдар! Құдай күнәға еш елікпейді де, ешкімді еліктірмейді де. 14Қайта, адамды өзінің құмарлықтары еліктіріп, ол солардың жетегінде кеткенде сынақтан өтеді.#1:14 4:1-2; Мар 7:21-22; Еф 4:22. 15Сонда құмарлыққа берілсе, сол күнәні тудырады, ал күнә жасау рухани өлімге ұшыратады.#1:15 Яки: Құдайдан мәңгі ажыратады (Жар 2:17; 3:24; Рим 5:12).
16Сүйікті бауырластарым, алданып қалмаңдар: 17көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі.#1:17 Яғни күнәға азғыру емес, тек игі сыйлықтар ғана көктегі Әкемізден келеді (Мат 7:9-11; Ерм 29:11). Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады. Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ. 18Ол шынайы хабары арқылы бізге мәңгілік өмір сыйлап, Өзінің жаңа жаратылысындағы тұңғыш рухани балалары#1:18 Яки: жаңа жаратылыстың алғашқы бастамасы (Рим 8:19-21; Аян 21:1-5). болуымызды қалады.
Құдайдың хабарын есту және іске асыру
19Ал енді, сүйікті бауырластарым, мынаны ескеріңдер: «Әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, ашулануға баяу болсын».#1:19 1:26; 2:5; 3:2-6,17; Нқл 10:8,19.
20Ашу-ызаның жетегіндегі адам Құдайға ұнайтын әділ істерді жасай алмайды.#1:20 (Мат 5:22) Яки: Діндар қызбалығы адамды Құдай алдында ақтай алмайды (Лұқ 4:28; 6:11,35-37,41-42). 21Ендеше, өздеріңде қалған барлық арамдық пен жамандық атаулыны тастаңдар, жүректеріңе себіліп жатқан Ізгі хабарды кішіпейілділікпен қабылдаңдар! Ол сендерді күнәнің құлдығынан құтқара алады.
22Құдайдың айтқандарын құр естуші ғана болмай, оларды іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар. 23Өйткені Тәңір Иенің хабарын#1:23 Яки: Құдайдың сөзін (Мат 7:26; 13:3-4,19). естігенмен, оны іске асырмайтын адам айнаға қарап, бет-әлпетін көрген біреуге ұқсайды: 24ол өзіне байыппен қарайды, бірақ былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады. 25Ал кім кемелді тәлімге,#1:25 Яки: кім мүлтіксіз заңға (2:12; Жох 8:32; Ғал 2:4; Жыр 18:8). яғни күнәнің құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға, ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес. Қайта, ол естігендерін жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ.#1:25 Яки: бақытты болмақ (Құдай оған риза болады).
26Өзін діншілмін#1:26 Яки: тақуамын (Елш 17:22; Қол 2:23). деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын#1:26 3:2-12; Жыр 140:3. әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз. 27Құдай Әкеміздің алдындағы таза да мінсіз діншілдік мынау: мұқтаждық көрген жетім-жесірлердің қамын ойлау және өзін осы дүниелік арамдықтардан кіршіксіз пәк ұстау.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in