YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 22

22
Құдайдың Ыбырайымның сенімін сынауы
1Осы оқиғалардан соң Құдай Ыбырайымды сынамақ болып, оны:
— Ыбырайым! — деп шақырды. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 2Сонда Құдай оған:
— Сен өзіңнің жақсы көретін жалғыз ұлың Ысқақты#22:2 Бұған дейін Ыбырайымның өзге ұлы Ысмағұл шешесі Ажар екеуі нағашы жұртына жіберілген болатын (21:14,21). ертіп алып, Мория жеріне бар. Оны сол жерде Мен саған көрсететін тауға апарып, құрбандыққа шалып, өртеп жібер! — деп бұйырды.
3Ыбырайым таңертең ерте тұрып, есегін ерттеп, жастау екі қызметшісін және ұлы Ысқақты өзімен бірге ертіп алды. Ол құрбандық отына жеткілікті етіп отындық ағаш жарып алып, Құдай өзіне айтқан жерге қарай жолға шықты. 4Үшінші күн дегенде, Ыбырайым айналасына көз жүгіртіп, сол жерді алыстан көрді. 5Сонда ол қызметшілеріне: «Сендер есекпен осы жерде қалыңдар. Балам екеуіміз сол жерге өрлеп барып, Құдайға ғибадат етеміз, содан кейін сендерге қайтып келеміз», — деді.
6Ыбырайым құрбандық отына арналған ағашты баласы Ысқаққа арқалатып, өзі шоқ салынған ыдыс пен пышақты қолына ұстап, екеуі бірге әрі қарай жүріп кетті. 7Сонда Ысқақ әкесіне:
— Әке! — деп тіл қатты. Ыбырайым:
— Иә, ұлым, не айтайын деп едің, — деді. Ысқақ:
— Бізде шоқ пен отын бар, ал құрбандыққа шалынып, өртелетін қой қайда? — деп сұрады. 8Ыбырайым:
— Ұлым, Құдай құрбандыққа шалынып, өртелуге қажетті қойды Өзі береді, — деді. Осылай екеуі бірге әрі қарай жүре берді.
9Олар Құдай белгілеп берген жерге келгенде, Ыбырайым құрбандық өртейтін орын жасап, оның үстіне отындық ағаштарды қаластырды. Мұнан соң Ысқақты байлап, осы ағаштардың үстіне жатқызды. 10Содан кейін Ыбырайым пышағын қолына алып, ұлын бауыздамақ болды. 11Ал сол сәтте Жаратқан Иенің періштесі оған көктен дауыстап:
— Ыбырайым! Ыбырайым! — деп тіл қатты. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 12Періште:
— Балаңа қол көтерме, оған ештеңе істеме! (Құдай былай дейді:) енді сенің Өзімді терең қастерлейтініңе#22:12 Немесе: сенің Өзімнен қорқатыныңа. Яки: Өзіме шынымен бағышталғандығыңа. көзім жетті. Себебі Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың, — деді.
13Ыбырайым төңірегіне көз тастағанда, қалың бұтаның ішінде мүйізінен шырмалып қалған қошқарды көрді. Ол барып, қошқарды әкелді де, оны ұлының орнына құрбандыққа шалып, өртеп жіберді. 14Осы жерге Ыбырайым «Жаратқан Ие қажетіңді береді»#22:14 22:8. деген ат қойды. Сондықтан да күні бүгінге дейін жұрт: «Жаратқан Ие қажетіңді өз тауында береді», — дейді.#22:14 Немесе: Осы жерге Ыбырайым «Жаратқан Ие көреді» (Түпнұсқада «Яһуә-Ире») деген ат қойды. Сондықтан бүгінгі күнге дейін жұрт: «Жаратқан Иенің тауында көрінеді», — дейді.
15Жаратқан Иенің періштесі Ыбырайымға екінші рет көктен дауыстап былай деді: 16«Жаратқан Ие мынаны айтады: сен осылайша істеп, жалғыз ұлыңды Менен аямағаның үшін өз атыммен ант етемін: 17саған ақ батамды шүбәсіз үйіп-төгіп бере отырып, аспандағы жұлдыздар мен теңіз жағалауындағы құм қиыршықтары қаншалықты көп болса, Мен сенің ұрпақтарыңды да соншалықты сансыз етіп көбейтемін. Олар жауларын жеңіп, қалаларын басып алатын болады. 18Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады. Себебі сен Менің тілімді алып жүрдің».
19Бұдан кейін Ыбырайым қызметшілерінің қасына қайта оралып, бәрі Бер-Шебаға қарай жол тартты. Содан Ыбырайым сол маңайда қоныстанып тұрып қалды.
Ыбырайымның інісі Нахордың ұрпақтары
20Осы оқиғалардан соң Ыбырайымға: «Ініңіз Нахордың әйелі Мылқа да бірнеше ұлдың анасы болды» деген хабар келіп жетті. 21Атап айтқанда, ол тұңғышы Усты, оның інісі Бузды, Араманың әкесі Кемуелді 22және Кесетті, Хазоны, Пилдашты, Идлафты, Бетуелді дүниеге келтірді. 23Осы Бетуелдің қызы Рабиға#22:23 24:15,23-24,49-51. болды. Сол сегіз ұлды Мылқа Ыбырайымның інісі Нахорға туып берді. 24Ал Нахордың Рехума есімді кәнизагы#22:24 Кәнизак: ежелде патша не байдың әйелдікке алған күңі (35:22; 36:12; Пат2 3:7). Тебах, Ғахам, Тахаш, Маха атты төрт ұл тапты.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy