YouVersion Logo
Search Icon

Ғалаттықт. хат 6

6
1Бауырластар, араларыңдағы біреу күнә жасап қойса, сендер оны Киелі Рухтың жетелеуімен ілтипаттылық танытып түзу жолға қайтаруға ұмтылыңдар. Ал өздерің де азғырылудан сақ болыңдар! 2Біріңнің ауыр жүгіңді екіншің көтерісіңдер! Сөйтіп Мәсіхтің өсиетін#6:2 Немесе: Мәсіхтің заңын (Жох 13:34; 15:12). орындайсыңдар. 3Кімде-кім шын мәнінде өзгелерден артық болмай тұрып,#6:3 Немесе: Кімде-кім өзі шынымен түкке тұрмаса да. ерекшемін деп көкірегін көтеріп, көмектесуден бас тартса, сол өзін-өзі алдайды. 4Әркім өз іс-әрекетін тексерсін, сонда өзін басқалармен салыстырмай, жетістіктерін мақтан ете алады. 5Өйткені әр адам өз міндетін атқаруға тиіс.#6:5 Немесе: әркім өзі үшін Құдайға жауап беретін болады. 6Құдай сөзінен тәлім алушылар қолда бар игіліктерін ұстаздарымен бөліссін!#6:6 Қор1 9:9-14; Флп 4:14-19; Тім1 5:17-18.
7Алданбаңдар: Құдай адамның Оны елемей, өз бетімен жүруіне жол бермейді.#6:7 Немесе: Құдай Өзін мазақтатып қоймайды. «Адам не ексе, соны орады» дейді.#6:7 Нқл 22:8; Қор2 9:6. 8Өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады.#6:8 Яғни тәндік және рухани өлімді орады (Құдайдан мәңгі ажырайды: 5:21; Аян 22:15). Ал Құдайдың Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады. 9Жақсылық жасаудан талмайық! Себебі бұдан шаршап, бас тартпасақ, тиісті уақытта оның игілікті өнімін Құдайдан қабылдайтын боламыз. 10Сондықтан мүмкіндік барда барлық адамдарға, әсіресе сенімі бір бауырластарымызға, жақсылық істей берейік!
Соңғы бата мен ескерту
11Енді сендерге өз қолыммен, үлкен әріптермен жазып отырғандарыма қараңдар!#6:11 Елші бір хатшыға жаздырған хатын растау үшін соңғы бөлімін өз қолымен жазған. Үлкен әріптер қолданған себебі көздерінің ауырғаны шығар (4:15).
12Адамдарға ұнағысы келетіндер сендерді сүндетке отыруға мәжбүр етпек. Олардың мақсаты — яһуди діндарлардың өздерін Мәсіхтің айқыштағы құрбандығы арқылы ақталамыз деген Ізгі хабар үшін қудаламаулары ғана.#6:12 5:11; 2:3-5; Елш 15:1; Флп 3:18. 13Өйткені сүндеттелгендердің өздері Таурат заңын орындамайды, тек тәндеріңе жасаған сол рәсімге мақтанулары үшін сендердің сүндетке отыруларыңды қалайды.
14Мен болсам, Иеміз Иса Мәсіхтің айқыштағы өлімінен басқа еш нәрсеге де мақтанбай-ақ қояйын. Себебі Оның айқыштағы құрбандығының салдарынан осы күнәкар дүние мен үшін, ал мен ол үшін жоқпын.#6:14 Немесе: Себебі Ол арқылы осы күнәкар дүние мен үшін, ал мен осы дүние үшін (айқышқа шегеленген іспетті) өлдім (2:19-20). 15Енді сүндеттелу мен сүндеттелмеуде тұрған ештеңе жоқ, мәселе Құдайдың адамды жаңадан жаратуында.#6:15 Қор2 5:17. 16Осы ережемен өмір сүргісі келетіндердің бәріне, яғни «Құдайдың рухани Исраил халқына»,#6:16 3:29; Еф 3:6; Флп 3:3. тыныштық пен қайырымдылық болсын!
17Бұдан былай маған ешқайсыларың осы мәселемен ауыртпалық түсірмеңдер. Иеміз Исаның «таңбасы» ретінде денемдегі жараларымның орындары Оның басыбайлы қызметшісі екенімді білдіреді.#6:17 Құлдардың қожайынының белгісімен таңбаланатыны сияқты, Пауылдың көрген азаптарынан денесінде қалған тыртықтар оның Исаның басыбайлы қызметшісі екенін көрсетті (5:11; Қор2 1:5; 4:10; 11:23-25).
18Лайым жан дүниелерің Иеміз Иса Мәсіхтің рақымына кенеле берсін, бауырластарым! Аумин.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in