Мысырдан шығу 26
26
Киелі шатырды құруға қажетті заттар
1Киелі шатыр үшін он жабын жасат. Олар жіңішке зығыр және қою күлгін#26:1 Немесе: қою көк. (Сол заманда бояулардың түстері бірыңғай болып шықпайтын.), күрең қызыл, ал қызыл түсті жүн жіптерден тоқылып, бетіне керубтердің бейнелері шебер кестеленсін.#26:1 Немесе: шебер кестеленіп тоқылсын. 2Барлық жабындардың көлемі бірдей болсын: ұзындығы жиырма сегіз, ені төрт шынтақтан. 3Жабындарды бес-бестен қатарластыра біріктіріп тіккіз. 4-5Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін әрқайсысының бір жақ шетіне қою күлгін жіптен баулық сияқты елу ілгек дайындатып бекіттір. Екі жапқыштың жиегіндегі елу-елуден жасалған ілгектер бірдей қашықтықта бір-біріне тұспа-тұс келсін. 6Алтыннан елу ілмек шығыршық жасатып, солармен жапқыштың екі жартысын біріктірт. Осылайша киелі шатыр біртұтас жапқышпен жабылатын болады.
7Шатыр төбесін жабу үшін түбіттен тағы он бір жабын тоқыт. 8Барлық он бір жабынның көлемі бірдей болсын: ұзындығы отыз, ені төрт шынтақтан. 9Бес жабынды бір бөлек, келесі алты жабынды бір бөлек қатарластыра біріктіріп тіккіз. Ал алтыншы жабынды шатырдың алдыңғы жағынан екі қабаттап бүктеп қойғыз. 10Осылай біріктірілген екі жапқышты бір-біріне қосу үшін бір жақ шетіне баулық сияқты елу ілгектен дайындатып бекіттір. 11Қоладан елу ілмек шығыршық жасатып, ілгектерді солармен бекітіп, шатырдың төбесін осы біртұтас жапқышпен жапқыз. 12Жабынның шатырдың төбесін жапқаннан артылып қалған бөлігі шатырдың артқы жағынан салбырап төмен түсіп тұрсын. 13Ал жабындардың ұзындығынан артылып қалғаны шатырдың екі жанынан бір шынтақ бойы төмен салбырап жауып тұрсын. 14Қызыл түске боялған қошқар#26:14 Яки: теке. терілерінен де шатырға арнап жапқыш қап жасат. Оның үстінен жабуға борсық#26:14 25:5. терілерінен тағы бір жабын дайындат.
15Шатыр үшін аққарағаннан қырлы бөренелер жасат, олар қабырғалары ретінде тік тұрмақ. 16Бөренелердің ұзындығы он, ені бір жарым шынтақтан болсын. 17Әрқайсысының табанында қатар тұрған екі төлкеден#26:17 Яғни екі ағаштың жымын қосып тұратын екі кертпе. болсын. Күллі бөренелерді осылай жасат. 18-21Шатырдың оңтүстік пен солтүстік бүйір қабырғалары үшін жиырма бөренеден және олардың табандары болатын қырық күміс тағаннан жасат: әр бөрененің екі шошақ тығыны үшін екі тағаннан дайындалсын. 22Ал шатырдың батысқа қараған артқы қабырғасы үшін алты бөрене 23және оның бұрыштары үшін тағы екі бөренеден жасат. 24Сол бұрыштардағы бөренелер төменнен жоғарыға дейін жұпталып, бір шығыршығы бар жоғарғы жақта біріктірілсін. 25Сонымен барлығы сегіз бөрене болады. Оларға арнап әрбіреуіне екі-екіден он алты күміс таған дайындат.
26-27Киелі шатырдың оңтүстік, солтүстік және батыс қабырғалары үшін аққарағаннан көлденең бес сырықтан жасат. 28Ал ортаңғы сырықтар бөренелердің ортасынан өтіп, қабырғаның бір басынан келесі басына дейін жететін болсын. 29Бөренелерді, сырықтарды және бұларды өткізетін шығыршықтарды алтынмен қаптат.
30Киелі шатырды өзіңе осы тау басында көрсетілген үлгіге сай дайындап тұрғыз!#26:30 25:9,40.
Ішкі және сыртқы шымылдықтар
31Қою күлгін,#26:31 Яки: Қою көк (26:1). күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден (ішкі) шымылдық тоқытып, бетіне керубтердің бейнелерін шебер кестелет. 32Аққарағаннан төрт бағана жасалып, алтынмен қапталып, оларға алтын ілгіштер орнатылсын. Бағаналар төрт күміс тағанға#26:32 Яғни (аяқ іспетті) төрт күміс тіреуішке. бекітіліп тұрғызылсын. Шымылдықты бағаналардағы алтын ілгіштерге ілгізіп қой.
33Шымылдық ілінген соң оның ішкі жағына Келісім сандығы кіргізіліп қойылсын. Осылай шымылдық сендер үшін қасиетті бөлмені ең қасиетті бөлмеден ажыратып бөліп тұратын болады. 34Мұнан кейін сол ең қасиетті бөлмеде Келісім сандығының бетіне қақпағын қойғыз. 35Шымылдықтың сырт жағына (яғни қасиетті бөлмеге) үстелді, оған қарама-қарсы, киелі шатырдың оңтүстігіне қаратып, шам қойғышты орналастырт. Ал үстел солтүстік жақта тұрсын.
36Киелі шатырдың кіреберісіне арнап қою күлгін, күрең қызыл, ал қызыл жүн және жіңішке иірілген зығыр жіптерден шымылдық тоқыт. 37Оны іліп қою үшін аққарағаннан бес бағана жасатып, алтынмен қаптатып, оларға алтын ілгіштер орнатқыз. Бағаналарға арнап қоладан бес таған құйдыр.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 26: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.