YouVersion Logo
Search Icon

Ефестікт. хат 4

4
Қауымның бірлігі және мүшелерінің түрлі дарындары
1Сонымен Иемізге қызмет еткеніме бола түрмеде жатқан мен сендерге Құдайдың өздеріңді шақыруына лайық өмір сүріңдер деп ескертемін. 2Барлық жағдайларда кішіпейіл, ілтипатты, бір-біріңе төзімді болып, сүйіспеншілік көрсетіңдер. 3Құдай Рухымен иемденген бірліктеріңді өзара байланыстырған татулық арқылы сақтауға ұмтылыңдар!
4Бәріміз біртұтас рухани денеміз, Құдайдың Рухы да Біреу, сол сияқты Құдай сендерді шақырғанда бірдей үміт берді. 5Иеміз бір, бір сенімдеміз, шомылдыру рәсіміміз#4:5 Осы рәсім Мәсіхпен тығыз байланысқандығымызды білдіреді (Мар 16:15-16; Елш 2:38; Рим 6:3,4; Қол 2:12; Түсіндірмені де қараңыз). де бірдей. 6Барлығымыздың бір Құдай Әкеміз бар, Ол бәрімізден үстем және бәріміз арқылы әрекет етіп, бәріміздің жүрегімізден орын алды.
7Ал әрқайсымызға Мәсіхтің рақым етіп үлестіріп берген ерекше рухани дарындарымыз бар. 8Сондықтан (Забурда) мына тәрізді сөздер жазылған: «Ол заңғар биікке көтерілді, көптеген тұтқындарды ертіп жүрді, әрі адамдарға тартулар сыйлады».#4:8 Жыр 67:19,25-30-да Жаратқан Иенің ежелде Синай тауынан Оның жер бетіндегі тұрағы — Сион тауына баратын салтанатты шеруі бейнеленген, ал елші осында Иеміз Мәсіхтің жеңімпаз жолын (Оның осы дүниеге келуін және көктегі мәңгілік тұрағына қайта оралуын) суреттейді (4:9-10; Мар 16:19). 9«Ол заңғар биікке көтерілді» деген сөздің мағынасы қандай? Мәсіх алдымен төменге, жер бетіне#4:9 Немесе: жер астындағы орынға о дүниеге. түскен еді дегенді білдіреді. 10Соған түскен Мәсіх — аспаннан әлдеқайда жоғары орынға, «көктің ең биігіне», көтеріліп кеткеннің дәл Өзі. Осылайша Мәсіх бүкіл әлемге өз билігін орнатпақ.#4:10 Немесе: дәл Өзі. Ондағы мақсат — Мәсіхтің бүкіл әлемді толықтыруы (яки: түгел етуі). («Көктің ең биігі»: Құдайдың мекені.)
11Ол рухани дарындар сыйлап, сенушілердің біреулерін елші, біреулерін пайғамбар,#4:11 Яки: Құдайдың хабарын жеткізуші. тағы басқаларын Ізгі хабарды таратушы, енді біреулерін қауымның рухани бағушысы немесе тәлімгері етіп тағайындады. 12Олар Құдайдың халқын өз қызметтерін атқаруға дайындауға тиіс. Соның нәтижесінде Мәсіхтің рухани денесі өсіп, күшейе бермек. 13Осылайша бәріміз бірге Құдайдың рухани Ұлына сеніп, Оны жақын білу арқылы Мәсіхтің кемелдігіне сай келетін біртұтас, жетілген қауым#4:13 Немесе: жетілген «ер адам». болмақпыз.
14Онда біз бұдан былай әрбір ой толқынына тәлкек болған жас баладай кез келген ағымдағы ілімге ілесуден, әрі қу, айлакер адамдардың алдап-арбауына еріп азғындық жолға түсуден аулақ боламыз. 15Қайта, бір-бірімізге шындықты сүйіспеншілікпен айтамыз және қауымның Басы — Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз. 16Сонда мүшелері үйлесіп, бірігіп жұмыс істеп тұрған бұл біртұтас рухани дене түгелдей өзінің Басы — Мәсіхке бағынады.#4:16 Немесе: Ал Бас бүкіл рухани денені мүшелерінің өзара байланысымен қамтамасыз етеді. Әрбір мүшесі өз міндетін атқарса, бүкіл дене өсіп, сүйіспеншілік арқылы күшейе береді.
Сенушілердің бұрынғы және қазіргі өмір салты
17Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер! 18Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қарсы қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған. 19Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді.
20Бірақ сендердің Мәсіх туралы үйренгендерің мұндай емес еді ғой! 21Оның айтқандарын естіп, Онымен тығыз байланысып, шынайы тәлім алып келдіңдер. Себебі шындық Исада. 22Алдамшы құмарлықтарымен өмірлеріңді құртып келген ескі күнәкар болмыстарың мен бұған дейінгі өмір салттарыңды енді тастаңдар! 23Рухтарың мен ақыл-ойларың түгелдей жаңарсын; 24осылай Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділ де қасиетті адам#4:24 Яки: Құдайдың рухани болмысына сай жаратылған жаңа, нағыз әділ әрі Құдайға ұнамды (пәк таза) адам. болып өмір сүріңдер!
Жаңа мінез-құлық
25Сондықтан өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар!#4:25 Зәк 8:16. Бәріміз біріккен бір рухани дененің мүшелеріміз ғой. 26«Ашуланғанда күнә жасамаңдар!» деп (Забурда) жазылған. Күн батпай тұрып, ашу­ла­рыңнан ба­с тартың­дар,#4:26 Яғни бір-біріңді кешіріңдер (Жыр 4:5). 27сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!
28Ұры болған енді ұрлық жасамасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін. 29Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін.
30Осылай Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен «таңбаландыңдар»:#4:30 Таңба мен мөрдің сол нәрсенің иесін білдіретініндей, сенушінің өміріндегі Киелі Рух та оның Құдайдың меншігі екендігін көрсетеді (1:13; Қор2 1:22). өмірлеріңнен орын алған Киелі Рух — бір күні жамандық атаулыдан азат етілулеріңнің кепілі. 31Әрқилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қаралау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар! 32Қайта, бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in