YouVersion Logo
Search Icon

Ефестікт. хат 3

3
Пауыл елшінің басқа ұлттарға арнаған қызметі
1Сондықтан мен, Пауыл, басқа ұлттық сендерге Мәсіх Исадан жіберілдім, сол себептен тұтқындалдым да. 2Құдайдың өздеріңе арналған осы міндетті атқаруды рақымдылықпен маған жүктегенін, әрине, естідіңдер. 3Себебі Ол Өзінің құпия жоспарын маған ашып білдірді, бұны қысқаша баяндап жазып қойдым. 4Соны мұқият оқысаңдар, Мәсіх іске асыратын құпия жоспарды түсінгенімді ұға аласыңдар. 5Осы жоспар адамзаттың алдыңғы ұрпақтарына айтылмаған болатын, ал қазір Киелі Рух оны Құдайдың қасиетті елшілері мен пайғамбарларына ашып отыр. 6Оның мазмұны мынау: басқа ұлттар Ізгі хабардың арқасында яһуди сенушілерімен бірге Құдайдың жарылқауын қабылдайды және олармен бірге Мәсіхтің рухани денесінің мүшелері болып, Тәңір Иеміздің берген уәдесінен өз үлестерін алмақ.
7Құдай маған рақымын төгіп, Өзінің құдіретімен өмірімді өзгертіп,#3:7 Яки: Өзінің құдіретімен маған әсер етіп. мені Ізгі хабарды уағыздайтын қызметшісі етіп қойды. 8Оның адамдарының ең лайықсызы болсам да, Құдайдың рақымымен Мәсіхтің шексіз зор#3:8 Немесе: толықтай зерттеуге болмайтын. рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді: 9әлемді жаратқан#3:9 Яғни әлемді Иса Мәсіх арқылы жаратқан (Қол 1:16). Құдайдың әуел бастан Өзінде құпия сақтап келген жоспарының қалай іске асырғанын жұртқа ашып беру менің міндетім болды. 10Құдайдың мұндағы ниеті — Өзінің жан-жақты даналығын көзге көрінбейтін дүниедегі билеушілер мен өктемдік иелеріне#3:10 Яки: көктегі (табиғаттан тыс) рухани күштерге. енді сенушілер қауымы арқылы ашып мәлім қылуы. 11Бұл Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы іске асырған мәңгілік мақсатына сәйкес еді. 12Онымен байланысқан біз Оған деген сенімімізге бола көктегі Әкемізге еркін жақындап, сиынуға батылымыз жетеді. 13Сондықтан да сендерден өздерің үшін көрген азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін. Себебі олар арқылы Құдайдың ұлылығына кенелесіңдер.
Пауыл елшінің сенушілер үшін мінажат етуі
14Сол себептен мен сендер үшін Құдай Әкеміз алдында тізе бүгіп Оған сиынамын; 15көктегі және жердегі бүкіл әкелік бедел Оның атынан тарайды.#3:15 Немесе: Оның көктегі және жердегі бүкіл әулеті Одан өз аты (мен тірлігін) қабылдап алған (Жар 1:26-28; Ерм 33:16; Мат 6:9; Жох 16:26-27; Жох1 3:1). 16Былай деп мінажат етемін: Құдай өз ұлылығының байлығына сәйкес Киелі Рухының арқасында жан дүниелеріңді Өзінің құдіретімен нығайта көрсін. 17Мәсіх сенімдерің арқылы жүректеріңе орныға көрсін, 18әрі рухани өмірлерің Оның сүйіспеншілігіне тамыр жайып, негізделсін. Осылай сендер Мәсіхтің сүйіспеншілігінің қаншалықты кең де көз жеткісіз терең және биік екенін Құдайдың бүкіл халқымен бірге түсіне алып, 19адам санасы жетпейтін осы сүйіспеншілікті танып білсеңдер екен. Сол арқылы Құдайдың рухани қасиеттері бойларыңа толықтай дари берсін! 20Ал Тәңір Иеміз бізге әсер ететін Өзінің құдіреті арқылы біз сұрағаннан немесе ойлағаннан әлдеқайда көп нәрселерді істей алады. 21Оның даңқы қауымда Мәсіх Иса арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгілік арта берсін! Аумин.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Ефестікт. хат 3