Ефестікт. хат 1
1
Арнау және сәлем
1Құдайдың еркімен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан Оның (Ефестегі) халқына,#1:1 Яки: Пауылдан Құдайға бағышталған (Ефестегі) (қасиетті) адамдарына (Флп 1:1; Түсіндірмедегі «Киеліні» де қараңыз). яғни Мәсіх Исаға адал сенетіндерге, дұғай сәлем. 2Сендерге Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай берсін!
Құдайдың керемет құтқару жолы
3Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі#1:3 Бұл атау Құдай мен Мәсіхтің арасындағы мәңгілік рухани байланысты білдіреді. Түсіндірмедегі «Құдайдың рухани Ұлын» қараңыз. — Құдай мадақталсын! Ол бізді Мәсіх арқылы жарылқап, көктегі#1:3 Яғни көзге көрінбейтін дүниедегі (1:20; 2:6; 3:10; Евр 8:5). әр қилы рухани игіліктерді сыйлады.#1:3 Яки: әр түрлі игіліктерді Өзінің Киелі Рухы арқылы сыйлады. 4Құдай бізді Өзінің алдында қасиетті де мінсіз халқы болып жүрсін деп, әлемді жаратпастан бұрын Мәсіхтің құрбандығына бола сүйіспеншілікпен таңдаған еді. 5Ол бізді Иса Мәсіхтің арқасында рухани балалары етуге алдын ала белгілеп қойды; Оның ізгі еркі осы болған. 6Өзінің сүйікті рухани Ұлы арқылы бізге сыйлаған керемет рақымы үшін Құдай мадақтала берсін! 7Мәсіхтің құрбан болып, қаны төгілуімен төлеміміз өтеліп, біздер жамандықтың құлдығынан азат етіліп, күнәларымыз кешірілді. Осылайша Құдай Өзінің шексіз зор рақымын 8терең даналығымен және түсінігімен бізге молынан жаудырды. 9Енді Ол бізге Өзінің құпия жоспарын — Мәсіхке байланысты алға қойған ізгі ниетін ашып берді. 10Тәңір Ие мұны белгілі уақыты жеткенде іске асырып, бүкіл әлемді: көк пен жердегінің барлығын да біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыратын болады.
11Құдай ниет еткендерінің бәрін өз еркіне сай орындайды. Ол бізді Мәсіхпен байланысты өз халқы болуға#1:11 Немесе: бізді Мәсіх арқылы мұрагерлер болуға. алдын ала таңдап алған еді. Бұл Құдайдың әуел бастағы мақсатына сәйкес болды. 12Мұнымен Ол Мәсіхке басқалардан бұрын үміт артқан біздің (яғни яһудилердің) Өзінің ұлылығын мадақтауымызды көздеді. 13Басқа ұлттық сендер де шындық туралы сөзді: өздеріңді құтқарған Ізгі хабарды естіп, Мәсіхке сенім артқанда Онымен тығыз байланысқа түстіңдер. Уәде етілген Киелі Рух сол кезде бойларыңа кірді, Ол — сендердің Құдайдың меншігі екендіктеріңнің белгісі.#1:13 4:30; Қор2 1:22. 14Киелі Рух, сондай-ақ, болашақта алатын игіліктеріміздің#1:14 Немесе: алатын мұрамыздың (еншіміздің). бастапқы бөлігі әрі кепілі де. Құдай Өзінің меншікті халқын жамандықтың әсерінен түгелдей құтқарғанда#1:14 Яғни Мәсіх қайта оралған кезде (Рим 8:11,23; Флп 3:20-21; Сал1 4:16-17). сол игіліктердің бәрін иемденетін боламыз. Осылай Тәңір Иенің керемет ұлылығы мадақталмақ.
Мәсіхтің ғаламат ұлы дәрежесі
15Сол себепті мен сендердің Иеміз Исаға берік сеніп, Оның бүкіл халқын қатты сүйгендіктерің туралы естігендіктен, 16мінажат еткен сайын сендер үшін ұдайы шүкірлік етемін. 17Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайы — салтанатты ұлылыққа ие Әке сендерге Өзін жақынырақ танып білулерің үшін Өзінің Киелі Рухы арқылы даналық пен терең түсінік берсе екен деп Одан тілеймін. 18Ол көкірек көздеріңді оятып, рухани нұрға кенелтіп, өздеріңді қандай үмітке шақырғанын, яғни өз халқына қандай керемет игіліктер сыйлайтынын, білсеңдер екен деп сиынамын. 19Сендер Құдайдың шексіз құдіретінің Иемізге сенуші біздерге қаншалықты күшті әсер ететінін ұқсаңдар екен деп те Одан сұраймын. Құдай осы керемет құдіретін 20Мәсіхті өлімнен қайта тірілтіп, көкке көтеріп, Өзінің оң жағындағы орынға отырғызғанда да қолданды. 21Осылай Мәсіх күллі билік пен өктемдіктен, күш-қуат пен әкімшіліктен, осы және келешек замандардағы бүкіл атақ пен дәрежелерден#1:21 Бұл биліктер мен атақ-дәрежелер осы дүниелік билеушілерді де, періштелер, «аруақтар» және жындардың басшылары сияқты табиғаттан тыс билік жүргізушілерді де қамтиды (6:12; Дан 8:16; 10:12-13,20-21; Евр 1:7; Аян 7:1-2,11; 8:2-3; 12:7-9). де әлдеқайда үстем. 22Құдай бұлардың бәрін Мәсіхке бағындырып, Оны барлығынан да жоғары қойып, сенушілер қауымының Басы етті. 23Ал қауым — Мәсіхтің рухани денесі.#1:23 4:12; Қол 1:18. Мәсіх бүкіл әлемді Өзімен толтырғаны сияқты, қауымды да толтырады.#1:23 Немесе: Мәсіх әр жердегі күллі нәрселерді толықтыратыны сияқты, қауымын да толықтырады.
Currently Selected:
Ефестікт. хат 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.