YouVersion Logo
Search Icon

Тімотеге 2-хат 2

2
Мәсіх Исаның «адал сарбазы»
1Ал сен, балам менің, Мәсіх Исаның сыйлайтын рақымымен күшейе бер. 2Өзің менен естіп, көптеген кісілер растаған шынайы ілімді#2:2 Немесе: көптеген куәгерлердің алдында менен естігендеріңді. басқаларға да тәлім беруге қабілеті бар, сенімді жандарға аманатта!
3Иса Мәсіхтің «адал сарбазы» ретінде азаптарды бірге көр! 4Есіңде болсын: ешбір сарбаз тұрмыстық істермен шырмалмайды, қайта, қолбасшысының көңілінен шығуға ұмтылады. 5Сондай-ақ, балуан күрес тәртібін бұзса, жүлдені жеңіп ала алмайды.#2:5 Яғни Иса Мәсіх беретін сыйға ие болу үшін Оның өсиеттеріне мойынсұнуға жаттығу керек (Қор1 9:25-27; Пет1 5:4). 6Жиналған өнімнен үлесін ең алдымен жан сала еңбектенген диқан алуға тиіс.#2:6 Яғни Иса Мәсіхке қажырлы қызмет етсең, еңбегіңнің (рухани) өнімінің рақатын көресің (Мат 6:20-21; Тім1 5:17-18; Қор1 9:7-11). 7Айтқандарым туралы ойлана бер, сонда Құдай саған бәріне түсінік береді.
8Дәуіттің ұрпағынан шыққан, өлімнен қайта тірілген Иеміз Иса Мәсіхті әрдайым есіңде ұста! Мен уағыздаған Ізгі хабар — осы. 9Соған бола азап шегіп, қылмыскердей бұғауланудамын. Алайда Құдайдың сөзі бұғаулы емес!#2:9 Яғни Құдайдың Ізгі хабарының таралуын тоқтатып тастау мүмкін емес (4:2,17; Евр 4:12; Еф 6:19-20; Сал1 2:13; Сал2 3:1). 10Сондықтан мен Құдайдың таңдаған адамдары үшін, олардың да Иса Мәсіх арқылы құтқарылып, мәңгілік ұлылықты иемденулері үшін бәріне де төземін. 11Мынау — дәл айтылған, шынайы сөз:
«Егер Мәсіхпен бірге өлген болсақ,#2:11 Яғни егер Мәсіхпен тығыз байланысып, күнәлі іс-әрекетімізді доғарсақ (Рим. 6:1-14).
Онымен бірге өмір сүретін де боламыз.
12Егер қиыншылықтарға төзе берсек,
Онымен бірге патшалық ететін де боламыз.
Ал егер Мәсіхті мойындаудан бас тартсақ,
Ол да бізді мойындаудан бас тартпақ#2:12 Лұқ 9:23-26..
13Біз айтқанымызға адал болмасақ,
Ол айтқанына адал болып қала береді,#2:13 Рим 3:3-4.
Өз болмысымен келіспейтінді Ол істемейді».
Құдайдың құптаған қызметшісі болып, қауымдағы мәнсіз айтыстарды тоқтат!
14Осыларды бәрінің есіне түсіріп, сөздер туралы айтыспасын#2:14 2:16-18,23; Тім1 1:4; 6:4; Тит 3:9; Қор1 15:12-19. деп Құдай алдында мықтап ескерт. Ондай айтыстардан ешқандай пайда жоқ. Қайта, олар тыңдағандардың сенімдеріне зор нұқсан келтіреді. 15Сен кінәратсыз жұмысшы#2:15 Яки: Сен ұятқа қалмайтын қызметкер (1:8). — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл! 16Жай, бос әңгімелерден аулақ жүр. Бұларды айтатындар Құдайдың адал жолынан одан бетер адасып кетеді. 17Олардың сөздері қабынған жарадай жайыла беріп, рухани денені құртпақ. Солардың арасында Үменей мен Філет те бар. 18Олар шындық жолынан тайып, «Қайта тірілу болып кетті», — деп жариялап, кейбіреулердің сенімдерін жоюда. 19Бірақ Құдайдың салған негізі#2:19 Яғни Құдайдың шынайы хабары және сенушілер қауымы. берік тұрады, онда мына сөздер «мөрленіп» жазылған: «Иеміз Өзінікі болған адамдарын жақсы біледі»#2:19 Рул 16:5; Жох 10:14,27-29; 13:18. және «Иеміздің атын атап сиынатын әркім жамандықтан алшақтасын!»
20Бір үлкен үйде алтын мен күмістен ғана емес, ағаш пен қыштан жасалған ыдыс-аяқтар да бар: алдыңғылары қадірмен тұтылса, соңғылар қадір-құрметтен ада.#2:20 Немесе: соңғылар күнделікті қолданысқа арналған. (Сол сияқты, қауымның көптеген мүшелері игі істерімен Құдайды құрметтесе, басқалары жамандықтарымен Оның даңқы мен ісіне нұқсан келтіреді.) 21Сол себепті, кім өзін соңғылардан арылтып таза ұстаса, қадірлі ыдыстар іспетті Қожайынына бағышталған, пайдалы және әрбір ізгі істер үшін қолданылуға дайын болады.
22Сонымен жастықтың құмарлықтарынан бас тартып, пәк жүрекпен Иемізге сиынатындардың бәрімен бірге әділдік, сенім, сүйіспеншілік және татулыққа ұмтыл. 23Ақылсыз, мәнсіз айтыстардан аулақ бол, олардың дау-жанжал туғызатынын білесің ғой. 24Жаратқан Иенің қызметшісінің жанжалдасуына болмайды. Ол бәріне бірдей жылы жүзді, жақсылап тәлім беретін, сабырлы болып, 25қарсыластарын ілтипаттылықпен түзету қажет. Мүмкін болса,#2:25 Яғни егер сол кісілер Құдайдың айтқанына мойынсұнса. Құдай оларды өкіндіріп, шындықты мойындатар. 26Осылайша олар ақылға келіп, өзінің еркіне бағындыру үшін ұстап алған шайтанның тұзағынан босап, құтыла алмақ.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in