Тімотеге 2-хат 1
1
Арнау және сәлем
1Құдайдың Мәсіх Исамен байланыстағыларға шынайы өмірді уәде еткендігін жариялау үшін Оның еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауылдан 2сүйікті «рухани балам»#1:2 2:1; Елш 16:1; Тім1 1:2. Тімотеге дұғай сәлем. Құдай Әкеміз бен Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін.
Тімотенің сенімі үшін шүкірлік
3Ата-бабаларым қызмет еткен Құдайға мен де таза ар-ұжданыммен қызмет етемін. Оған сен үшін күні-түні шүкірлік етіп, дұғаларымнан өзіңді ешқашан тастамаймын. 4(Қоштасқандағы) көз жасыңды есіме түсіріп, сені қайтадан көріп қуанышқа кенелуді қатты аңсаймын. 5Шынайы сенімің есімде. Ол алдымен әжең Лойда мен анаң Әуникенің жүректерінен орын алған еді. Оның сенің жүрегіңнен де орын алғанына көзім жетті.
Құдайдың күшіне сүйеніп, міндетіңді ынтамен орында!
6Сол себепті саған ескертемін: мен үстіңе қолымды қойып сиынғанымда Құдай рақым етіп, өзіңе берген дарынды көбірек ынтамен қолдан!#1:6 Яки: үстіңе қолымды қойып сиынғанымның арқасында Құдай өзіңе сыйлаған рухани дарынды көбірек «лаулат» (Елш 6:6; 14:23; Тім1 4:14). 7Өйткені Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады.
8Сондықтан да Иемізді ашық мойындаудан ешқашан тартынба! Иемізге бола түрмеде отырған мен үшін де ұялма. Қайта, Құдай беретін рухани күш-қуатқа сүйеніп, Ізгі хабар үшін азаптарды бірге көр. 9Құдай бізді құтқарып, өз халқы ретінде қасиетті өмір сүруге шақырды. Ол мұны біздің жасаған игі істерімізге бола емес, Өзінің мақсаты мен рақымы бойынша істеді. Себебі Құдай бізге Иса Мәсіх арқылы рақымын сыйлауға әлем басталмастан бұрын-ақ ниеттенген еді. 10Қазір Ол соны Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің келуімен ашық көрсетті: Мәсіх өлімнің күшін жойып, Ізгі хабары арқылы шынайы, ешқашан өшпейтін өмірді жарыққа әкелді. 11Тәңір Ие мені осы Ізгі хабарды халықтарға жариялаушы, елші және тәлім беруші етіп тағайындады. 12Сол себептен мен осындай азап көріп жатырмын. Ал соған еш ұялмаймын, себебі Кімге сенім артқанымды білемін. Оның қайтып келетін күніне дейін Өзінің маған аманаттаған Ізгі хабарын#1:12 Немесе: Оның сот жүргізетін күніне дейін менің Өзіне аманаттаған жанымды және қызметімнің өнімін (1:18; Сал2 1:10; Аян 1:14). аман-есен сақтайтынына кәміл сенемін.
13Менен естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстан! 14Өзіңе аманатталған Ізгі хабарды#1:14 Яки: игілікті аманатты (1:12). өмірімізден орын алған Киелі Рухтың көмегімен аман-есен сақта!
15Азия аймағындағы сенушілердің бәрінің дерлік мені тастап кеткенін білесің. Олардың арасында Фігел мен Ермоген де бар.
16Иеміз Онисыфордың үй ішіне мейірімін сыйлай көрсін. Онисыфор әлденеше рет көңілімді көтеріп, жігерлендіріп, бұғауда отырған жағдайыма ешқандай ұялмады. 17Керісінше, Римде болғанда ерінбей-жалықпай мені тапқанша іздеді. 18Иеміз қайта оралатын күні оған мейірімін көрсете көрсін! Онисыфор маған Ефесте де қаншама қызмет еткенін өзің жақсы білесің ғой.
Currently Selected:
Тімотеге 2-хат 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.