YouVersion Logo
Search Icon

Салониқал. 1-хат 1

1
Арнау және сәлем
1Құдай Әкеге және Иеміз Иса Мәсіхке сенушілердің Салониқадағы қауымына Пауыл, Сыйлас#1:1 Түпнұсқада Сыйлас есімінің толық түрі Силуанос қолданылған (Елш 15:22,40; 17:14-15; 18:5; Сал1 2:1). және Тімотеден дұғай сәлем. Құдай сендерге рақымын жаудырып, тыныштығын сыйлай көрсін!
Сенушілердің үлгілі сеніміне ризашылық білдіру
2Сендерді Құдайға сиынғанда еске алып, бәрің үшін әрдайым шүкірлік айтамыз. 3Құдай Әкеміздің алдында сендердің Оған деген сеніммен игілікті іс істеп, сүйіспеншілікпен ауыр еңбек етіп және Иеміз Иса Мәсіхке#1:3 Мысалы, Мәсіхтің қазір беріп жатқан игіліктеріне және болашақтағы қайта оралуына. табандылықпен үміт артып жүргендеріңді үнемі еске алып отырамыз.
4Құдай сүйген қымбатты бауырластар, Оның сендерді таңдап алғанын білеміз. 5Себебі біз сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік. Сендердің игіліктерің үшін араларыңда қалай әрекет еткенімізді өздерің білесіңдер. 6Ал сендер бізге және Иемізге еліктеп көп азапқа ұшырасаңдар да, Ізгі хабарды Киелі Рух сыйлаған қуанышпен қабылдадыңдар. 7Осылай Македония мен Ахая өлкелеріндегі#1:7 Македония, Ахая (Ахейя): Грекияның солтүстігі мен оңтүстігіндегі өлкелер. сенушілердің барлығына үлгі болдыңдар.
8Иеміздің хабары сендерден Македония мен Ахаяға ғана тараған жоқ, Құдайға деген сенімдерің барлық жерде белгілі болғандықтан, бізге бұл туралы айтудың қажеті де жоқ. 9Себебі жұрт сендердің бізді қандай жылылықпен қабылдағандарың және жалған тәңірлерден бас тартып, Құдайға бет бұрғандарың туралы бір-біріне айнала әңгімелеп жатыр. Енді сендер тірі де шынайы Құдайға қызмет ете жүріп, 10Оның рухани Ұлы Исаның көктен түсуін күтудесіңдер. Құдай өлімнен қайта тірілткен Иса бізді келешектегі қаһарлы соттан құтқарып алады.#1:10 5:8-10; Жох 3:16-21; Рим 5:9-11.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in