YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 2

2
Ханнаның Құдайды мадақтаған жыры
1Ханна былай деп сиынды:
Жаратқанға шын жүректен шаттанамын,
Иемнен мол күш пен абырой алғанмын,#2:1 Яки: Жаратқан Ие мүйізімді жоғарылатты. (Мүйіз бұл жерде күш-қуат пен абырой-атақтың белгісі: 2:10.)
Дұшпандарыма жауап қата аламын,
Мені құтқарғаныңа қатты қуанамын!
2Ешкім жоқ Жаратқан Иедей қасиетті,
Жоқ Сенен өзге ешбір тәңір шынайы,
Берік қорған#2:2 Яки: Берік жартас (Жар 49:24; Заң 32:4). да жоқ Құдайымыз сияқты!
3Пенделер, тағы да паңдана мақтанбаңдар,
Ауыздарыңнан тәкаппар сөз шығармаңдар!
Себебі Тәңір Ие бәрін біліп тұрады,
Құдай істеріңе әділ үкім шығарады!
4Мықтының садақтары сындырылады,
Ал әлсіз жан зор күшке ие болады.
5Тоқ болғандар енді нанға жалданады,
Ал ашыққандар ішіп-жеп тойынады.
Бала көтермеген жетеуін туады,
Ал көп ұлды ана баладан қалады.
6Ием жанды алады әрі тірілтеді,
Көрге түсіріп,#2:6 Яки: О дүниеге аттандырып. одан алып та шығады.
7Жаратқан не кедей, не бай да етеді,
Не төмендетіп, не жоғарылатады,
8Ол жарлыны күл-топырақтан көтереді,
Мүсәпірді мүшкіл күйінен құтқарады,
Әміршімен бірге төрге отырғызады,
Сыйлы орынды оған мұралыққа береді.#2:8 Немесе: Даңқ пен салтанаттың тағын оған мұралық меншік ретінде табыстайды.
Себебі жердің негізі — Жаратқанның меншігі,
Ол үстіне орнатқан бүкіл дүниені.
9Ием Өзіне бағышталғанды қорғап күзетеді,
Ал зұлымдар қара түнекте өледі,
Пенде өз күшімен жеңіске жетпейді.
10Жаратқан Ие қарсыластарын шайқалтады,
Көктен күн күркіретіп қарсы шығады.
Иеміз жер жүзіне үкім шығарады,
Ол өз халқының патшасына күш сыйлайды,
Тағайындаған сол басшысын қуаттайды.#2:10 Немесе: Оның май жағу рәсімінен өткізілген адамының («мәсіхтің») мүйізін жоғары қояды. (Мүйіз: 2:1-дегі түсініктемені қараңыз. Мәсіх: Құдай халқының май жағу рәсімі жасалып тағайындалған патшасы: 10:1; Түсіндірмені де қараңыз.)
Самуилдің қызметіне кірісуі, ал Елидің ұлдарының күнәға батуы
11Осыдан кейін Елқанах үй ішімен Рамаққа қайта оралды. Ал баласы Самуил діни қызметкер Елидің қарамағында Жаратқан Иеге қызмет ететін болып Шилода қалды.
12Бірақ Елидің ұлдары арсыз болатын. Олар Жаратқан Иеге мойынсұнбайтын#2:12 Яки: Жаратқан Иені (жақыннан) танымайтын (3:7; Бил 2:10). 13әрі діни қызметкер#2:13 1:3. ретіндегі міндеттерін халықтың алдында жөндеп атқармайтын. Біреу Құдайға арнап құрбандық шалғанда, олар қазандағы ет піспей жатып бір қызметшісін арнайы үш тісті шанышқысымен жіберетін. 14Қызметші шанышқыны қазандағы әр түрлі етке сұғып, ілінгеннің барлығын діни қызметкердің үлесі деп алып кететін. Шилоға келген күллі исраилдіктерге де Елидің ұлдары осылай істейтін. 15Тіпті құрбандықтың Құдайға арналған майлы бөліктері ажыратылып, өртелмей жатып-ақ олардың қызметшісі келіп:
— Діни қызметкерге қуыруға шикі ет кесіп бер, ол сенен піскен етті емес, тек шикі етті ғана алады, — дейтін. 16Егер әлгі адам:
— Олар алдымен (Құдайға арналған) майлы бөліктерді өртеп ұсынсын, содан кейін қалағаныңызды аласыз,#2:16 Леу 3:3-5,16; 4:10; 7:31. — деп келіспей қалса, қызметші:
— Жоқ, етті дереу бер, әйтпесе күшпен тартып аламын, — дейтін.
17Осылайша сол жігіттер Жаратқан Иеге арналған құрбандықтарды қорлағандықтан, Оның алдындағы күнәлары тым ауыр болатын.
18Ал Самуил Жаратқан Иенің алдында қызмет етіп, өзі өте жас болса да (діни қызметкердікіндей) бәтестен тігілген жеңсіз сырт киім#2:18-19 Мыс 28:6,31. киіп жүрді. 19Анасы оған жыл сайын жаңадан кішкене сырт көйлек тігіп, оны күйеуімен бірге сол жылғы құрбандықты шалу үшін Шилоға өрлеп барғанда ала келетін.
20Сонда Ели Елқанах пен Ханнаға батасын беріп: «Әйеліңнің Жаратқан Иеден сұрап алып, Оған бағыштаған баласының орнына Ол саған осы әйелден көп ұл-қыз сыйлай көрсін!» — дейтін. Бұдан кейін екеуі үйлеріне қайтатын. 21Содан Жаратқан Ие Ханнаны жарылқап, оны тағы үш ұл, екі қызға ана етті. Ал Самуил Жаратқан Иенің көз алдында#2:21 (2:26; 3:19) Яки: Жаратқан Иенің киелі шатырының қасында (Леу 1:5). есейіп өсіп жатты.
22Ели сол кезде жасы ұлғайып қартайған еді. Ол ұлдарының исраилдіктерге не істегендерін, олардың тіпті кездесу шатырының кіреберісінде қызмет атқаратын әйелдермен жасаған азғындықтары туралы да естіді. 23Оларға былай деп ескертті: «Неге сендер сондай сұмдық қылықтармен айналысып жүрсіңдер? Жұрттың бәрінен сендер туралы жаман сөздер естіп жүрмін. 24Балаларым, қойыңдар! Жаратқан Иенің халқының арасына тарап жатқан осы әңгіме#2:24 Немесе: Жаратқан Иенің халқын азғырып, тура жолдан тайдырғандарың жайлы естігендерім. жақсы әңгіме емес. 25Егер бір адам басқа біреудің алдында кінәлі болып қалса, онда Құдай тағайындаған билер екеуінің арасында жүріп, оның сөзін сөйлей алады. Ал егер ол Жаратқан Иенің Өзіне қарсы күнә жасаса, онда сол пенденің сөзін кім сөйлейді?»
Әйтсе де ұлдары Елидің айтқанына құлақ аспады. Өйткені Жаратқан Ие оларды өлімге бұйырып қойған болатын.#2:25 Демек, олар әдейі күнә жасай бергендіктен, Құдай олардың жүректерін қасарыстырып қойған болатын (Мыс 5:2;4-9; 7:13,22-23; 11:9-10).
26Ал жасөспірім Самуил Жаратқан Иеге де, адамдарға да ұнамдылығы арта түсіп, өсіп келе жатты.
Елидің отбасына шығарылған үкім
27Бір күні Құдайдың жіберген адамы#2:27 Яки: Құдай тағайындап, жіберген пайғамбар (9:6; Заң 33:1; Бил 13:6). Елиге келіп, Оның хабарын жеткізіп былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Сенің арғы атаң Һарон мен оның отбасы Мысырда перғауынның қол астында жүрген кезде-ақ Мен оларға Өзімнің кім екенімді аян еттім.#2:27 Мыс 4:27-28; 24:1. 28Исраилдің барлық руларының ішінен арғы атаңды Менің діни қызметкерім болуға таңдап алдым. Оны Маған бағышталып шалынған құрбандықтарды арнайы үстелде өртеуге, хош иісті заттарды түтетуге және алдымда жеңсіз сырт киімді киіп жүруге#2:28 2:18. тағайындадым. Сонда Мен арғы атаң Һароннан тараған сендерге исраилдіктердің Маған арнап өртейтін барлық құрбандықтарынан тиісті үлестерін белгілеп қойған жоқ па едім?#2:28 Мыс 28:1-6; 27:1-2; 30:1-3; Леу 7:34-36. 29Ал енді, Менің жер бетіндегі тұрағыма әкеліп ұсынуға өсиеттеген құрбандықтарым мен сый-тартуларыма сендер неге ашкөздікпен қарап, оларды қорлайсыңдар? Неге сен ұлдарыңды Менен артық көресің? Халқым Исраилдің Маған арнап шалған құрбандықтарының ең жақсы бөліктерін алып, тойып жеп, семіресіңдер!
30Сондықтан да Исраилдің Құдайы — Жаратқан Ие мынаны айтады: Бұрын Мен өзіңнің ұрпақтарыңды және әкеңнің басқа да үрім-бұтағын мәңгі бақи діни қызметкерлерім болуға бұйырған едім.#2:30 Мыс 29:9. Бірақ қазір Мен, Жаратқан Ие, былай деп шештім: Енді бұлай болмайды! Себебі Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын, ал Мені менсінбегендер масқара болады.
31Біліп қой, болашақта Мен өзіңнің де, әкеңнің де ұрпақтарының жасын ұлғайтпай, жас кездерінде-ақ өлімге душар етемін. 32Жер бетіндегі тұрағымның қайғылы жағдайға ұшырауына куә боласың.#2:32 (4:11) Немесе: өз үйлерің қайғы-қасірет шекпек. Мен басқа исраилдіктерге игілік сыйлағанда, сендердің үй іштеріңде бірде-бір қария қалмайды. 33Егер Мен бір адамыңа құрбандық үстелімнің алдында қызмет етуге жол берсем, сол туралы да көздің жасын көл етіп, қатты қайғыратын боласыңдар. Ұрпақтарыңның бәрі де дүниеден ерте кетпек. 34Сенің ұлдарың Опни мен Пінехес екеуі бір-ақ күнде өледі.#2:34 4:11. Бұл саған айтылғанның бәрінің түгелдей жүзеге асатынын білдіретін белгі болмақ.
35Содан кейін Мен қызметін адал орындайтын өзге бір діни қызметкерді белгілеймін.#2:35 Пат2 8:17; 20:25. Ол Менің еркіме сай әрекет жасап, міндетін Өзім тағайындайтын патшаның#2:35 Яки: май жағу рәсімінен өткен патшаның (2:10; 16:12-13; Пат2 2:4; 5:3; Түсіндірмедегі «Май жағу рәсімін» де қараңыз). алдында атқаратын болады. Мен оның әулетін діни қызметкерлерім болуға бекітемін.#2:35 Яки: Мен оның үйін (яғни әулетін) берік орнатамын (Езк 44:15-16). 36Ал өзіңнің ұрпақтарыңнан тірі қалған әркім соған барып, бір күміс теңге немесе бір кесек нан сұрап келіп: «Өтінемін, нанымды тауып жей алуым үшін маған діни қызметкер атқаратын кез келген жұмысты тапсыра көріңізші!» деп жалынатын болады».

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy