YouVersion Logo
Search Icon

Қорынттықт. 1-хат 15

15
Мәсіхтің қайта тірілгендігінің куәгерлері
1Ал енді, бауырластар, мен сендерге уағыздаған Ізгі хабарды тағы да естеріңе салғым келеді. Сендер оны қабылдап, сенімдерің нығайып келді. 2Егер оны дәл мен уағыздағандай берік ұстансаңдар, осы Ізгі хабар арқылы құтқарыласыңдар; әйтпесе оған бекерге сенгендерің.
3Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын құрбан етті. 4Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді. 5Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді.#15:5 Бұлардың ішінде Матия да болды (Лұқ 24:33-36; Елш 1:21-26). Кефа (Шимон Петір): Жох 1:42. 6Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды. 7Содан кейін Мәсіх Жақыпқа,#15:7 Осы Жақып Мәсіхтің туған інісі болды (Елш 1:14; 12:17; 15:16; Мат 13:55). сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді.
8Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған#15:8 Немесе: Бәрінен кейін, тасталған түсік іспетті; яки: әдеттегіден тыс жолмен рухани туылған (Елш 9:1-8,11,17). мен де Мәсіхті өз көзіммен көрдім. 9Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым. 10Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді. 11Мен бе, әлде өзгелер ме, бәрібір, біз жариялаған, сендер сенген Ізгі хабар — осы.
Сенушілердің қайта тірілуі
12Осылай Мәсіхтің өліп, қайта тірілгені жарияланып жатқанда, қайсыбіреулерің қалайша «өлгендердің қайта тірілуі жоқ» дей аласыңдар? 13Егер өлгендердің қайта тірілуі жоқ болса, онда Мәсіх те қайта тіріле алмас еді. 14Ал егер Мәсіх қайта тірілмеген болса, онда біздің жариялауымыз да, сендердің сенімдерің де бекер болғаны. 15Бұған қоса біздер Құдай туралы «Ол Мәсіхті тірілтіп алды» деп жалған куәлік келтіргендер ретінде әшкереленген болар едік! Себебі өлгендер шынымен тірілмейтін болса, Құдайдың Мәсіхті де қайта тірілтпегені: 16ешқандай қайта тірілу болмағанда Мәсіх те қайта тірілмес еді ғой. 17Ал егер Мәсіх тірілмеген болса, сенімдеріңнен еш пайда болмай, күнәларың әлі де мойындарыңда қала берер еді. 18Сондай-ақ, Мәсіхке сеніп қайтыс болғандар тозаққа түсер еді.#15:18 Демек, олар Құдайдың қасынан мәңгі аластатылар еді (Рим 1:32; 6:23). 19Егер де Мәсіхке тек бұ дүниедегі өмір үшін ғана үміт артсақ, онда біз барлық адамдардың ішіндегі ең байғұс-бейшаралары болар едік.
20Алайда өлгендердің алғашқысы ретінде Мәсіх өлімнен біржола қайта тірілді!#15:20 15:23; Рим 8:11; Қол 1:18; Аян 1:5. 21Бір адам арқылы өлім дүниеге келді, сол сияқты бір Адам арқылы өлгендер қайта тіріледі: 22яғни Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуге тиіс болғанындай, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі де тіріледі.
23Барлығы өз кезегімен: алғашқысы ретінде Мәсіх тірілді. Ал кейін, Ол қайтып келгенде, Оның қарамағындағы адамдар да тіріледі.#15:23 6:14; 15:20,52; Елш 26:23; Сал1 2:19; 4:16. 24Мұнан соң бәрінің ақыры#15:24 Яғни Мәсіхтің әлемді Құдай Әкеге қайтадан бағындырған ісінің ақыры. болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. 25Құдай «барлық жауларын Оның табанының астына салып бергенше», Мәсіх билік жүргізуге тиіс.#15:25 (15:27; Жыр 109:1; Мат 22:44) Немесе: Мәсіх барлық жау атаулыны жеңіп, өз аяғына жыққанша, Патшалық құруға тиіс. 26Жойылатын соңғы жау — өлім. 27Себебі Тәңір Иеміз «бәрін де Оған бағындырып берді».#15:27 (Жыр 8:7) Яки: «барлығын да Оған аяқасты қылып берді». Ал осы «бәрі» дегеніміз Құдай Әкені қамтымайды, бұл анық. Бәрін Мәсіхке бағындырып берген Оның Өзі ғой. 28Сол кезде Құдайдың рухани Ұлы да әлемді Өзіне бағындырып берген Әкесіне мойынсұнады. Осылай Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады.
29Әйтпесе, егер де өлімнен қайта тірілу болмаса, өлгендердің орнын басып шомылдыру рәсімінен өткендер не істемек? Егер өлгендер мүлдем тірілмесе, кісілер неге орындарын басып сол рәсімнен өтеді?#15:29 Немесе: Әйтпесе рухани өлілерге (сенбеушілерге) Ізгі хабарды жеткізу үшін жанын қиғандар не істемек? Өлгендер тірілмесе, неге басқалар үшін шәйіт болады? (Мар 10:38-39; Лұқ 12:50) 30Біз де неге сағат сайын басымызды қауіп-қатерге тігеміз? 31Мен күн сайын өліммен бетпе-бет келемін. Бұл — нағыз шындық, бауырластарым, Иеміз Иса Мәсіхпен тығыз байланыстағы өмірлеріңді мақтан тұтатын мен осыны айтамын. 32Егер де Ефес қаласында жабайы аңдармен#15:32 Немесе: жабайы аңдарға ұқсап кеткен адамдармен. тек пенделік ниетпен ғана күрескен болсам, одан маған қандай пайда түсер еді? Егер шынымен өлімнен қайта тірілу жоқ болса, онда «ішіп-жеп тойып алайық, ертең бәрібір өліп қалармыз».#15:32 Ишая пайғамбар мұны жағымсыз мәтел ретінде келтірген (Иш 22:13). 33Мұндайды айтқандарға алданып қалмаңдар! (Былай делінген ғой:)
«Араммен араласып жүрген жан
Айырылар адал салтынан».
34Дұрыстап ақылға келіңдер: күнә жасауды доғарыңдар! Кейбіреулерің Құдайды әлі де танымайсыңдар. Мұны сендер ұялсын деп айтып отырмын.
Қайта тірілген жаңа денеміз қандай болмақ?
35Әлдебіреуің: «Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?» — дерсіңдер. 36Не деген түйсіксіздік! Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады.#15:36 Жох 12:24. 37Сенің еккенің — кейін өсіп шығатын тұтас өсімдік емес, жай ғана тұқым, мысалы, бидайдың не басқа дақылдың дәні. 38Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді. 39Денелердің бәрі бірдей емес: адамның, малдың, құстың, балықтың денелері бір-бірінен өзгеше. 40Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері#15:40 Немесе: көктегілердің де денелері. (Аспан денелері: 15:41, әрі періштелердің және жұмаққа жеткен адамдардың денелері: Жыр 8:2,4; 19:2,5-7.) бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше. 41Күннің, айдың, жұлдыздардың өзіндік сұлулығы мен салтанаты бар, тіпті жұлдыздар сәуле мен салтанат жағынан бір-бірінен өзгеше.
42Өлгендердің қайта тірілуі де осындай болады: топыраққа көмілген дене шіріп кетеді, ал қайта тірілгені мәңгі шірімейді.#15:42 15:43,50,53; Ғал 6:8; Рим 2:7; 8:21. 43Жерленіп, дене қор болады, ал кейін салтанатпен тіріледі. Әлсіз тән жерленеді, күшті болып қайта тіріледі. 44Жерленгені — табиғи, тәндік дене болса, тірілгені — табиғаттан тыс, «рухани» дене.#15:44 Яки: Киелі Рухтан пайда болған дене. (Ол қазіргі табиғат заңдарынан тәуелсіз болады.) (Лұқ 20:34-36) Тәндік дененің бар екендігі сияқты, «рухани» дене де болуға тиіс. 45Тауратта осылай деп жазылған: Алғашқы адам — Адам ата «осылай тірі жан болып шыға келді»,#15:45 Жар 2:7. ал «Соңғы Адам» (Мәсіх) — мәңгілік өмір беретін Рух. 46Алдымен рухани емес, тәндік дене болды, «рухани» дене кейінірек пайда болады. 47Топырақтан жаратылған алғашқы адам бұ дүниеден, ал «Екінші Адам» (Мәсіх) көктен келді. 48Бұ дүниелік адамдар топырақтан жаратылған Адам атаға ұқсас, ал көктен жаңа өмір алғандар көктен келген Мәсіхке ұқсас. 49Демек, қазір біз топырақтан жаратылғанның кейпінде болғанымыздай, сол кезде көктен келген Мәсіхтің кейпіне ие боламыз.
50Менің айтпағым мынау, бауырластар: ет пен қаннан тұратын тәндік дене Құдайдың мәңгілік Патшалығына кіре алмайды: шіріп кететін тәндеріміз мәңгі өмір сүре алмайды.
51Сендерге мына құпияны айтайын: бәріміз бірдей өлмейміз, бірақ бәріміз түгелдей өзгереміз. 52Бұл кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылған шақта#15:52 Мат 24:31; Сал1 4:16; Аян 11:15. іске асады. Сонда кернейдің үні естіліп, өлгендеріміз қайта тіріліп, біз де түгелдей өзгереміз. 53Өйткені қазіргі құрып шіритін тәндеріміз ешқашан жойылмайтын денелермен алмасуға тиіс. 54Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Пайғамбарлар жазбаларындағы мынадай уәделер орындалады: Өлім жеңіліп, біржола жоқ болады.#15:54 Иш 25:8. 55Өлім, қайда сенің жеңісің? О дүние, қайда улы тісің?#15:55 (Ош 13:14) Немесе: Өлім, қайда сенің піскегің? (Демек, өлім және күнә мүлдем аластатылатын болады: 15:26,56; Аян 20:14; 21:4.) 56Өлім тудыратын «улы тіс» — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады.#15:56 Яғни Таурат заңы Құдайға мойынсұнбағанымызды әшкерелеп, оның күнә екенін көрсетіп келді. Ол бұдан былай Мәсіхке сенушіге үкім шығармайтын болады (Рим 4:15; 5:20; 7:13). 57Құдайға шүкірлік етейік! Ол бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайды.
58Сонымен, сүйікті бауырластарым, табанды болып, сенімдеріңнен айнымай, Иеміздің ісін әрдайым молынан істей беріңдер! Өйткені Иемізбен жүріп атқарған еңбектеріңнің бекер еместігін біліп алдыңдар.#15:58 3:8; Ғал 6:9; Евр 6:10,12.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in