YouVersion Logo
Search Icon

Қорынттықт. 1-хат 14

14
Рухани дарындар туралы қосымша нұсқаулар
1Сүйіспеншіліктің жолын қуыңдар! Рухани дарындарға, әсіресе Құдайдың хабарын жеткізу дарынына,#14:1 Яки: пайғамбарлық сөз айту дарынына (12:28; 14:3). ие болуға ұмтылыңдар! 2Бөтен тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға арнап сөйлеп, ешкім оны түсінбейді. Ол өз рухымен#14:2 Немесе: Киелі Рухтың жетелеуімен (14:14-15; Елш 2:4). құпияларды айтады. 3Ал Құдайдың хабарын жеткізуші адамдарға арнап сөйлеп, оларды нығайтып, жігерлендіріп, жұбатады. 4Кім бөтен тілде сөйлесе, сол өз сенімін нығайтады, ал кім Құдайдың хабарын уағыздаса, сол қауымды нығайтады. 5Мен сендердің бәріңнің де бөтен тілдерде сөйлегендеріңді, бірақ одан гөрі Құдайдың хабарын уағыздағандарыңды қалар едім. Сол жерде бөтен тілде айтылғандарды түсіндіріп, осылай қауымның нығаюына көмегін тигізетін біреу болмаса, онда бөтен тілде сөйлейтіннен гөрі Құдайдың хабарын жеткізушінің пайдасы әлдеқайда зор.
6Бауырластарым, мен сендерге келіп, алдарыңда бөтен тілде сөйлей берсем, бірақ не Құдай ашқан құпия, не білім, не Құдайдың хабары,#14:6 Яки: не Құдайдан келген ерекше хабар (аян), не мәлімет, не пайғамбарлық сөз. не тәлім арқылы түсінік бермесем, онда сендерге менен қандай пайда? 7Мысалы, жансыз күй аспаптары — сыбызғы не жетіген анық дыбыс шығармаса, қандай күйдің ойналғанын қайдан білеміз? 8Егер керней белгілі әуенді тартпаса, кім шайқасқа дайындалмақ? 9Дәл сол сияқты, сендер өз тілдеріңде Құдайдың хабарын түсінікті қылып айтпасаңдар, тыңдаушылар не туралы айтқандарыңды қайдан білмек? Сөздеріңнің желмен ұшып кеткені ғой.
10Дүниеде қаншама көп тілдер#14:10 Яки: дыбыстар; немесе: сөздер. бар, ал олардың ешқайсысы да мәнсіз емес. 11Бірақ егер бөтен тілдің мағынасын білмесем, онда мен оны сөйлеген адам үшін, ал ол мен үшін жат жерліктей болып сөйлесе алмаймыз. 12Сендермен де сол сияқты болып тұр: Киелі Рухтың дарындарына ие болуға ұмтылудасыңдар. Ендеше қауымды рухани жетілдіретін дарындарды бәрінен көбірек пайдаланыңдар!
13Сол себепті бөтен тілде сөйлейтін адам соны түсіндіретін дарынды да Құдайдан сұрасын! 14Егер Оған бөтен тілде сиынсам, онда рухым сиынғанмен, ақыл-санам бұған қатыса алмайды. 15Сонда не істеуіміз керек? Мен рухыммен де, санаммен де Құдайға сиынамын, рухыммен де, санаммен де мадақтау жырларын айтамын.#14:15 Яки: Мен Киелі Рух берген бөтен сөздермен де, түсінікті тілмен де Құдайға сиынып, мадақтау жырларын айтамын. 16Ал егер рухыңмен ғана шүкірлік етсең, онда соны ұғынбайтындардың#14:16 Яки: онда бұл туралы тәлімі болмаған жаңадан қатысушылардың. орнында отырған кез келген кісі ризашылық білдіргеніңді «аумин» деп қуаттай алмайды. Себебі ол не айтып тұрғаныңды ұқпайды. 17Сен қаншама жақсы ризашылық білдірсең де, әлгі адамның рухани жетілуіне көмектеспейсің.
18Мен өзім бөтен тілде сендердің әрқайсыңнан да көбірек сөйлеймін, бұл үшін Құдайыма шүкірлік етемін. 19Алайда мен қауымның алдында бөтен тілде он мың сөз айтқанша, санаммен тәлім беретін бес сөз айтуды қалаймын.
20Бауырластарым, ақыл тоқтатпаған баладай болмаңдар! Жамандық істеуге келгенде, сәбидей кінәратсыз, бірақ ұғынуға келгенде ересектей кемелді болыңдар! 21Киелі жазбада#14:21 Немесе: Тауратта. (Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының бәрі кейде қысқаша «Таурат» деп аталатын.) Жаратқан Иенің мынадай сөздері бар: Осы халыққа арнап бөтен тілдерде сөйлетіп, жат жерліктердің тілдерімен үн қатамын. Бірақ бұлай да олар Мені тыңдамайтын болады!#14:21 Иш 28:11-12; Заң 28:49; Ерм 5:15.
22Сонымен, бөтен тілде сөйлеу сенушілерге емес, сенбейтіндерге Құдайдың құдіретін көрсетеді.#14:22 Яки: сенбейтіндерге Құдайдың құдіретінің белгісі. Ал Оның хабарын жеткізу сенбейтіндерге емес, сенушілерге көмектесу үшін берілді. 23Мысалы, егер бүкіл қауым бас қосып, бәрі бөтен тілдерде сөйлегенде, мұны ұғынбайтындар#14:23 Немесе: сөйлегенде, бұл туралы тәлімі болмағандар (14:16). немесе сенбейтіндер сол жерге келсе, олар сендерді естері ауысыпты демей ме? 24Бірақ жиналғандардың барлығы Құдайдың хабарларын жеткізген кезде сенбейтін не ұғынбайтын біреу кірсе, бәрінен естіп тұрғаны оның күнәсін әшкерелеп, тергейді, 25әрі жүрек түкпіріндегі құпиялары ашылады. Сонда ол Құдай алдында бас ұра ғибадат етіп: «Шынымен араларыңда Құдай бар!» деп мойындайтын болады.
Қауым жиналысындағы тәртіп
26Бауырластарым, сонда не? Сендер жиналғанда әрқайсың бір рухани жыр, тәлім немесе Құдай ашып білдірген құпияны айтып бересіңдер, біреуің бөтен тілде сөйлеп, біреуің соның мәнін түсіндіресіңдер: бәрі де қауымның жетілуі үшін пайдалы болсын.
27Бөтен тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі ғана және бірінен соң бірі сөйлеп, айтқандарын біреу түсіндірсін; 28егер түсіндіретін ешкім болмаса, онда олар қауымда үндемей, іштей ғана Құдайға арнап#14:28 Немесе: өзі үшін және Құдай үшін. сөйлесін!
29Екі не үш кісің Құдайдың хабарын жеткізіп, басқаларың айтылғандарды ақылға салып,#14:29 Яғни Құдайдан келген бе, емес пе деп ажыратып. пайымдаңдар. 30Егер осы жерде отырған тағы біреуге Құдай бір құпияны ашып білдірсе,#14:30 14:6,26. онда алғаш сөйлеуші үндемей қалуы керек. 31Бәрің біріңнен соң бірің Құдайдың хабарларын жеткізулеріңе болады. Осылай барлығың да тәлім, жұбаныш және жігер аласыңдар. 32Құдайдың хабарларын жеткізетіндердің рухтары оларға бағынады.#14:32 Яғни Құдайдың хабарын жеткізетін кісі осы дарынын басқаруы керек. 33Себебі Құдай тәртіпсіздікті емес, тыныштық пен татулықты қалайды. Құдайға бағышталған халықтың барлық қауымдарындағы әдет осындай.
34Қауым жиналыстарында әйелдерің үндемесін, оларға сөйлеуге рұқсат етілмеген. Заңда да айтылғандай, олар басшылық етпесін.#14:34 Немесе: Тім1 2:11-12. 35Бір нәрсе туралы сұрағылары келсе, үйде күйеулеріне сауал қойсын. Өйткені әйелдердің қауымда сөйлеулері ұят. 36Егер келіспесеңдер, Құдай сөзі өздеріңнен шықты деп ойлайсыңдар ма? Ол тек сендерге ғана келіп пе еді?
37Біреу Құдайдың хабарын жеткізушімін немесе Киелі Рухқа кенелдім деп ойласа, менің жазып отырғанымды Иеміздің өсиеті деп ұғынсын. 38Кім мұны мойындамаса, оның өзі де мойындалмасын. 39Сонымен, бауырластар, Құдайдың хабарын жеткізуге талпыныңдар, әрі бөтен тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар. 40Тек бәрінде әдеп пен тәртіп сақталсын!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in