YouVersion Logo
Search Icon

Зәкәрия 10

10
Яһуда мен Солтүстік Исраилдің қайта өрлеуі
1Жаратқан Иеден көктемгі жауын мерзімінде жаңбыр жаудыруын өтініңдер! Себебі қалың бұлттарды жаратып, адам баласына мол жаңбырын жаудыратын, далада өсіп тұрған өсімдіктен тіршілік атаулыға азығын ризық ететін — Жаратқан Иенің Өзі.
2(Ол былай дейді:) «Басқа ұлттар үйлерінде табынатын тәңірсымақтардың айтатыны өтірік, бал ашқан сәуегейлердің болжағандары да жалған, көріпкелдер өтірік түс көріп, босқа жұбаныш береді.#10:2 Ерм 23:32; 27:9. Осының бәрінен халқым қой сияқты тентіреп кетті, бағушысы болмағандықтан олар азап шегуде. 3Сенің бағушыларыңа деген ашуым лаулап қозады. Мен халықты отардағы серкедей бастап жүретін билеушілеріңді жазалаймын!»
Себебі Әлемнің Иесі өз отары — Яһуда халқының қамын ойлайды. Оларды шайқас кезіндегі айбат шеккен тұлпардай етеді. 4Яһудадан үйге бағыт беретін бұрыш тасы да, шатырдың қазығы да, шайқас садағы және әрбір билеуші де шығады. 5Олар шайқаста мықты жасақшылар болып жауларын балшыққа таптап тастайды. Жаратқан Ие өздерімен бірге жүріп жар болғандықтан олар соғысып, тіпті атты әскерді масқараға ұшыратады.
6«Мен Яһуда халқын күшейтіп, Жүсіптің үрім-бұтағын да құтқарамын. Мен оларға мейірбандық танытып оларды елге қайтарып алып келемін. Сонда олар Мен өздерінен ешқашан бас тартпағандай болады. Мен олардың Құдайы Жаратқан Иемін ғой, Мен оларға құлақ саламын. 7Міне, сонда Ефремнің#10:7 Яғни Солтүстік Исраилдің (Ерм 7:15). адамдары батырлар іспетті болып, тойдағыдай көңілдері көтеріледі. Мұны көріп, олардың бала-шағалары да қуанып, Жаратқан Иеге шаттанатын болады. 8Содан соң Мен белгі беріп шақырып, оларды жинаймын, себебі Өзім құнын төлеп құтқарып алдым.#10:8 9:11; Иш 44:22; Ерм 31:11. Олар енді бұрынғыша өсіп-өніп көбейетін болады.
9Мен халқымды басқа ұлттардың арасына тарыдай шашыратып жіберген болсам да, олар Мені алыстағы елдерде де естеріне алады. Өздері және балалары тірі қалып, елге қайтып келеді. 10Мен халқымды Мысырдан қайтарып алып, Ассур елінен де жинап әкелемін. Оларды Ғилақад пен Ливан өлкелеріне де алып барамын. Оларға тіпті сол жерде де орын жетпей қалады. 11Халқым зор қиындықпен теңіз арқылы өтеді. Сонда буырқанған теңіз толқындары сабасына түсіп тыншиды. Ніл өзенінің бар арналары құрғап кеуіп қалады. Ассурдың өркөкіректігі қорланып, Мысыр да өз билігінен айырылады. 12Мен халқымды өз құдіретіммен күшейтемін! Олар Менің атыммен жүретін болады», — деп нық айтады Жаратқан Ие.

Currently Selected:

Зәкәрия 10: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in