YouVersion Logo
Search Icon

Римдіктерге хат 7

7
Құтқарылу үшін Таурат заңын орындау міндет емес
1Қымбатты бауырластар, сендер заң туралы білетіндіктен айтып отырмын: заң адамға оның көзі тірісінде ғана билігін жүргізеді, соны білесіңдер ғой. 2Мысалы, тұрмысқа шыққан әйел күйеуінің тірісінде оны тастап кетсе, бұнысы неке заңына қарсы. Бірақ күйеуі өлсе, әйел оған қосқан заңның ықпалынан босайды. 3Сонымен, егер бір әйел күйеуін тірі кезінде тастап, басқа еркекпен тұрса, ондайды неке бұзушы дейді. Ал күйеуі өлсе, әйел неке заңынан босайды. Бұдан кейін басқа біреуге қосылса, неке бұзушы болып саналмайды.
4Сол сияқты сендер де, бауырластарым, Мәсіхтің тәні өлгенде рухани тұрғыдан Онымен бірге «өлдіңдер», сонымен Таурат заңын орындау міндетінен босадыңдар. Енді сендер басқа Біреудің қарамағындасыңдар: Ол — өлімнен қайта тірілген Мәсіх.#7:4 6:3; Ғал 3:19-20. Сондықтан біз Құдайға қызмет етіп, рухани жеміс бере аламыз.
5Біз әлі де ескі күнәкар болмысымыздың билігінде жүрген кезде заңның өзі бойымызда күнәлі құмарлықтарды қоздырып оятты.#7:5 Заң болмағанда адамдар оны бұза да алмайды (7:7-11; 4:15). Осылайша біз нәтижесі өлім#7:5 Яғни тәндік және рухани өлім (Құдайдан мәңгі аластатылу) (1:32; 6:21). болатын нәрселерді істеп келдік. 6Ал енді біз өзімізді байлап қойған Таурат заңын орындау міндетінен босатылдық, себебі рухани тұрғыдан «өліп», оған жоқ болдық. Ендеше Құдайға бұрынғыдай тек заңның баптары бойынша емес, Киелі Рухтың жетелеуімен жаңаша қызмет етеміз.#7:6 Немесе: тек заңның әріптері бойынша емес, рухтың жаңартылуымен қызмет етеміз (2:29; 8:3-4,13-14; Қор2 3:6).
Таурат заңы, күнә және рухани өлім туралы
7«Бұдан қандай қорытынды шығады? (Бойымыздағы күнәлі құмарлықтарды қоздырып, оятқандығына бола) Таурат заңы күнәлі ме?» Жоқ, мүлдем олай емес! Бірақ заң болмаса, күнә жасағанымды білмес едім. Мысалы, Таурат заңы «Басқаның иелігіне сұқтанба!»#7:7 Мыс 20:17; Заң 5:21; Рим 13:9. демесе, сұқтанудың күнә екенін білмес едім. 8Алайда күнә жағдайды пайдаланып, осы өсиеттің көмегімен менің бойымдағы күнәлі құмарлықтардың әр түрін қоздырды. Заң болмағанда күнә туралы білім болмас та еді.#7:8 (7:5; 4:15) Яки: Заң болмаса, күнә өлі.
9Бір кезде заңды білмей өмір сүрдім. Ал заңның өсиеттерін естіген соң мен күнә туралы түсіне бастап, 10рухани тұрғыдан өлгенімді, яғни Құдайдан ажырағанымды, білдім.#7:10 0 Яки: Ал мен заңның өсиеттерін естіген соң күнә тіріліп, өзім (рухани тұрғыдан) өлдім. (Рухани өлім Құдайдан ажырауды білдіреді. Соның нәтижесі тәндік ажалды және тозақтағы мәңгілік азапты да қамтиды: 1:32.) Осылай Құдайдың нағыз өмірге жөн сілтейтін өсиеті маған өлім алып келді. 11Себебі күнә жағдайды пайдаланып, мені еліктіріп, рухани өлімге душар етті.#7:11 Пауыл өзінің де, әркімнің де басынан кешкенін айтып отыр; алғашқы адамдардың күнә жасаулары да осылай болды. 12Ендеше Таурат заңы қасиетті, өсиет те қасиетті, әділ және игі.
13«Сонымен осындай игі заң маған рухани өлімді (яғни Құдайдан ажырауды) әкелгені ме?» (деп біреудің сұрауы мүмкін.) Жоқ, мүлдем олай емес! Қайта, күнәлі құмарлық игі заңды пайдаланып, өлім әкелді. Бұл, күнәнің шын мәнінде нағыз жаман, жексұрын нәрсе екенін өсиет арқылы анық көрсету үшін осылай болды.
Адамның ішкі қайшылығы
14Таурат заңының Құдай Рухынан шыққанын білеміз, ал мен пенде ретінде күнәлі құмарлықтардың құлдығындамын. 15Не істеп жүргенімді өзім де түсінбеймін: қалағанымды емес, керісінше, жек көретінімді істеп жүрмін. 16Ал өзім қаламайтын қылықтарды істегендіктен, Таурат заңының игі екенін іштей мойындаймын. 17Онда жаман нәрсені істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.#7:17 Немесе: Онда мен жаман нәрсені әдейі істемеймін, бойымдағы күнәға деген құмарлық оны маған істетеді.
18Менің бойымда, яғни ескі күнәкар болмысымда, жақсылық жоқ екенін білемін; сондықтан да жақсылық жасағым келсе де, оны жүзеге асыратын күшім жоқ. 19Осылай мен қалаған игілікті емес, қаламайтын жамандықты жасаймын. 20Ал енді, өзім қаламайтын жамандықты жасағанымда бұны істеген мен емес, бойымдағы күнәлі құмарлық.
Күнәлі құмарлықтан құтқаратын құдірет иесі — Мәсіх
21Осылай мен байқаған заңдылық мынау: жақсылық жасағым келсе де, бойымдағы жаман құмарлық қарсы тұрады. 22Іштей Құдай заңына ризамын, 23бірақ бойымда басқа бір заңдылықтың да бар екенін байқаймын: ол ақыл-ойым қалайтын жақсылыққа қарсы шығып, мені бойымдағы күнәлі құмарлыққа кіріптар етеді. 24Сорлы басым-ай! Өлім әкелетін күнәлі тәнімнен мені кім құтқара алады? 25Құдайға шүкір, Иеміз Иса Мәсіх арқылы (бойымыздағы күнәлі құмарлықтың құлдығынан құтқарыла аламыз)!#7:25 6:6; 8:2,13; Тит 2:14.
Сонымен, жағдайым мынадай: ақыл-ойыммен Құдайдың заңын орындағым келеді, ал ескі күнәкар болмысымның кесірінен күнәлі құмарлыққа кіріптармын.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in