Римдіктерге хат 2
2
Құдайдың яһудилерге шығаратын әділ үкімі
1Сондықтан, ей, басқаларды айыптаушы адам, кім болсаң да, сен ақтала алмайсың: өзге біреуге айып тағып тұрып өзіңе үкім айтасың! Себебі оны айыптаған сен де сол сияқты күнәлар жасайсың. 2Ал сондай істермен айналысатындарды Құдай әділдікпен соттайтынын білеміз. 3Ей, пенде, егер өзің де айналысқан жаман істер үшін басқаларды айыптасаң, сонда қалай, Құдай сотынан құтылам деп ойлайсың ба? 4Әлде сен Құдайдың мейірім көрсетіп, өзіңді теріс жолдан қайтарғысы келетінін ұқпай, Оның мол мейірімділігін, сабырлылығын және шыдамдылығын менсінбейсің бе?
5Бірақ сен жүрегіңді қасарыстырып теріс жолдан қайтудан қыңырлана бас тартасың. Осылай Құдайдың қаһары төгіліп, әділ үкімі жарияланатын күні өзің тартатын жазаңды ауырлатасың. 6(Киелі жазбада мына тәрізді сөздер жазылған:) Құдай әркімге істеген ісіне қарап қарымтасын қайтаратын болады.#2:6 Жыр 61:13; Нқл 24:12. 7Тәңір алдында игілікті істерінен таймай, ұлылыққа, құрметке және өз есімін мәңгі өшірмеуге тырысқан кісіге Ол мәңгілік өмір сыйлайды. 8Ал өзімшіл болып, шындыққа емес, әділетсіздікке мойынсұнып жүргендерді Құдайдың зор қаһары күтіп тұрады. 9Жамандық істеген әркімді — алдымен (Құдайдың таңдап алған халқынан шыққан) яһудиді,#2:9 Мыс 19:5-6. сондай-ақ басқа ұлт адамын да азап пен қысым күтіп тұр. 10Ал игілік істейтін әркімді — алдымен яһудиді, сондай-ақ басқа ұлт адамын да ұлылық, құрмет, амандық пен тыныштық күтіп тұр.#2:10 2:7; 8:6; Жыр 8:5-6; Рул 6:26. 11Себебі Құдай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды.
Құдайды білмейтін ұлттардың ар-ұжданы
12Таураттағы Құдайдың заңын білмей күнә жасағандарға сол заң қолданылмай-ақ тозаққа үкім шығарылады.#2:12 Яки: күнә жасағандар сол заң қолданылмай-ақ рухани өлімге ұшырайды (демек Құдайдан мәңгі ажырайды) (1:32; 6:23; Жох 3:16-18). Ал Таурат заңын біле тұра күнә жасағандар сол заң бойынша сотталады. 13Заңды тек естігендер емес, оны орындап жүргендер ғана Құдай алдында ақталады.#2:13 Мат 7:21; Жақ 1:22-23,25. 14Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз еріктерімен оның талаптарын орындаса, онда олар өздерінің сол заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін көрсетеді.#2:14 Немесе: өз табиғатынан заңды істер істегенде, олар Таурат заңдары болмағанмен, өздеріне-өздері заң (1:19-20,32; 2:15,27). 15Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары#2:15 Яки: олардың жақсылықты жамандықтан ажырата білу түйсіктері әрі қабілеттері (Жох 8:9; Түсіндірмедегі «Ар-ұжданды» да қараңыз). куә. Демек, оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары соған куә. 16Ал адамдардың бәрінің жасырын істері мен ойларына үкімді Құдай қиямет соты күні Иса Мәсіх арқылы шығарады.#2:16 3:6; 14:10; Елш 10:42; 17:31. Мен уағыздап жүрген Ізгі хабар осыны білдіреді.
Таурат заңы және сүндеттеу рәсімі
17Сен яһуди#2:17 Яғни Құдай таңдап алған халықтың өкілі (2:9; Мыс 19:5-6). екеніңді айта жүріп, Таурат заңына сүйеніп, Құдаймен ерекше байланыста тұрғаныңа мақтанасың ба? 18Оның еркін білесің, Таураттан тәлім алып, ненің жақсы-жаман екенін анықтай аласың. 19Өзіңді соқырларға жетекшімін, қараңғыда адасқандарға жарықпын, 20надандарға тәрбиешімін, сәбидей білімсіздерге ұстазбын деп ойлайсың. Өйткені Таураттан нақты білім мен шындықты таптың.
21Сонымен, сен басқаларды үйретіп жүрсең де, қалайша өз іліміңді өзің ұстанбайсың?! «Ұрлама» дей тұра ұрлағаның не? 22«Неке адалдығын бұзба» дей тұра оны өзің бұзғаның қалай? Жалған тәңірлердің мүсіндерін жек көресің, алайда неліктен өзің Құдайға тиісті құрметті көрсетпейсің?#2:22 Немесе: алайда ғибадатханаларын тонап, өзіңді былғағаның не? 23Таурат заңымыз бар деп мақтанғанмен сол заңды бұзып, Құдайды қорлайсың! 24Сол сияқты Пайғамбарлар жазбаларында мына тәрізді сөздер айтылған: Басқа ұлттардың арасында сендерге бола Құдайдың аты қорланады.#2:24 Иш 52:5; Езк 36:22.
25Ал сүндет рәсіміне#2:25 4:11-12; Жар 17:11. келетін болсақ, егер де Таурат заңын қалтқысыз орындап жүрсең, ол рәсім пайдалы болар еді. Бірақ сүндеттелген сен бұл заңды бұзып жүргендіктен, сүндеттелмеген басқа ұлт адамынан сенің қай жерің артық? 26Егер сол адам Таурат заңының талаптарын орындап жүрсе, өзі сүндеттелмеген болса да, сүндеттелген болып есептелмей ме? 27Ей, яһудилер, сондықтан да басқа ұлт адамдары сендерді айыптайтын болады.#2:27 Немесе: сендердің жамандықтарыңды әшкерелейді (Мат 12:41-42). Сендер Тауратты және сүндеттеу рәсімін ұстанғандарыңа қарамастан, заңды бұзып жүрсіңдер, ал олар сүндеттелмеген болса да, кейбіреулері оның талаптарын орындайды.#2:27 Демек, тәні сүндеттелмеген кісілер Таурат заңының талаптарын орындап жүрсе, олар сені айыптайтын болады. Себебі сен Таурат заңының жазбасын әрі сүндет рәсімін сақтай тұра Таураттың талаптарын бұзасың (Мат 12:41-42).
28-29Сырт бейнесінде емес, жан дүниесінде Құдайдың адамы болған ғана Оның таңдаулы халқына жатады. Сондай адамның сүндеттелуі сырттай, яғни тәнінде, ғана емес, жан дүниесінде болу керек. Бұл рухани жаңартылу жазылған заңнан емес, Киелі Рухтан пайда болады.#2:28-29 7:16; Қор2 3:6; Заң 30:6. Ондай кісіні адам баласы емес, Құдайдың Өзі мадақтайды.
Currently Selected:
Римдіктерге хат 2: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.