Римдіктерге хат 15
15
Қауым өміріндегі бірлік пен татулық
1Сенімі берік біздер күмәнданғандардың Таурат заңына сәйкес іс-әрекеттеріне төзіп, оларға көмектесуге тиіспіз. Тек өзімізге ұнайтынды ғана емес,#15:1 Немесе: Біз, (рухани) әлділер, әлсіздердің әлсіздіктерін көтеруге тиіспіз, өзімізді қанағаттандыруымызға болмайды (14:1; Ғал 6:2; Сал1 5:14). 2маңайымыздағы бауырластарға ұнайтынды да істеп, олардың игілігіне әрі рухани өсуіне себепші болуымыз керек. 3Мәсіх те Өзіне емес, көктегі Әкеге ұнайтынды істеді. Забурда алдын ала былай деп жазылған: «Сені қорлағандардың ғайбаты Маған тиген».#15:3 Жыр 68:10.
4Киелі жазбалардағы осындай сөздердің бәрі бізге тәлім болсын деп ежелде жазылып қалдырылды.#15:4 4:23-24; Тім2 3:16. Керемет болашағымыздан үміт үзбеуіміз үшін Киелі жазбалар арқылы табандылық пен жігерлілікке үйренеміз. 5Осы табандылық пен жігердің бастауы — Құдай. Ол сендерді Мәсіх Исаның үлгісіне сай өзара татулыққа#15:5 12:10,16; Мат 11:28; Қор2 1:3. жеткізе көрсін. 6Осылай ынтымақпен өмір сүріп,#15:6 Яки: Осылай ниеттес көңілмен (Елш 1:14; 4:24; 5:12). Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі — Құдайды бірігіп мадақтай аласыңдар.
7Сонымен, Мәсіх өздеріңді қалай қабылдаса, сендер де бір-біріңді солай қабылдап, Құдайдың даңқын асырыңдар! 8Сендерге айтамын: Мәсіх Құдайдың адалдығын дәлелдеу үшін сүндеттеу рәсімін ұстанып келген Исраил халқына қызмет көрсетті. Ол осылай Құдайдың ата-бабаларымызға берген уәдесін іске асырды. 9Сонымен қатар, Мәсіхтің ісі басқа ұлттық сенушілердің Құдайдың өздеріне деген мейірімін мадақтауларына да себепші болды. Бұл туралы Киелі жазбаларда былай делінген: «Басқа халықтар арасында сондықтан Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын».#15:9 Пат2 22:50; Жыр 17:50. 10Киелі жазбалардың тағы бір жерінде мынадай сөздер бар: «Шаттаныңдар енді, уа, басқа ұлттар, Жаратқан Иенің халқымен қатар!» 11Сондай-ақ: «Иемізді даңқтаңдар, барлық ұлттар, Оны мадақтаңдар, күллі халықтар!» — деп те жазылған.#15:11 Заң 32:43; Жыр 116:1. 12Ал Ишая пайғамбар мынадай сөздерді жазып қалдырған: Есей ұлы Дәуіт патшаның «тамырынан» өскін іспетті шыққан Ұрпақ халықтарға билік құрады. Басқа ұлттар Оған үмітін артады.#15:12 (Иш 11:10) Яғни Есей ұлы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Мәсіх дүниеге келіп, халықтарға билік құрады. Басқа ұлттық адамдар өздерінің құтқарылулары жайлы Оған үміттерін артатын болады.
13Үмітіміздің бастауы — Құдай қандай жағдайда да бәріңді қуаныш пен тыныштыққа кенелте көрсін! Өздерің Оған сене отырып, Киелі Рухтың құдіретімен үміттерің молая түссін!
Ізгі хабарды уағыздаудағы Пауылдың міндеті
14Бауырластарым, сендердің ниеттеріңнің ізгілікті болғанына кәміл сенемін. Осы жайттар туралы өздеріңе керектілердің бәрін де біліп, бір-біріңе бағыт-бағдар көрсете аласыңдар. 15Бұған қарамастан мен осы хатымда бірқатар мәселелерді естеріңе түсіріп, едәуір ашық жаздым. Себебі Құдай маған рақым етіп мынадай міндетті тапсырды: 16басқа халықтар арасында Иса Мәсіхке діни қызметкер іспетті қызмет етіп, сендерге Құдайдың Ізгі хабарын жеткізу. Осылайша басқа ұлт адамдарының өмірлерін Киелі Рух арқылы Құдайға бағышталған, «тірі құрбандық» секілді Оған ұнамды қылуды#15:16 12:1-2. көздеймін.
17Сондықтан мен Иса Мәсіхпен тығыз байланыста жүріп, Құдай үшін атқарған жұмысымды мақтан тұтамын. 18Мәсіхтің өзім арқылы істегендерінен басқа еш нәрсе туралы айтуға батылым жетпейді: басқа халықтардың Ізгі хабарды естіп, мойынсұнулары үшін Киелі Рухтың құдіретімен сөйлеп, әрекеттеніп, 19уағыздайтындарым Құдайдың хабары екенін растайтын құдіретті кереметтер жасап келдім. Сөйтіп Иерусалимнен Іллирик өлкесіне#15:19 Бұл өлке бүгінгі Босния елін қамтыды. дейінгі үлкен шеңберге ұқсас саяхаттарымда Мәсіх туралы Ізгі хабарды сол өлкелерде жариялау міндетімді толығымен орындадым.
20Осылай жүргенде уағыздау жұмысын Мәсіхтің аты әлі де белгісіз жерлерде жүргізуді мақсат тұттым. Басқа кісінің қалап қойған іргетасын пайдаланып үйін салған біреудей өзгелердің бастаған істеріне араласқым келмеді.
21Қайта, Ишая пайғамбардың жазбасындағы#15:21 Иш 52:15. мынадай сөздер орындалып отыр: Ол туралы еш хабар алмағандар енді көреді, әрі еш естімегендер енді түсінеді.
Елшінің сапар жоспарлары
22Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы міндетім еді. 23Ал енді бұл өлкелерде менің уағыз жүргізуге тиіс жерлерім қалмағандықтан, оның үстіне көп жылдан бері сендерді көрсем деп аңсағандықтан, 24Испанияға аттанғанда өздеріңе соқпақпын. Себебі мен сапар барысында сендерді көріп, біраз уақыт бірге болып қуанышқа кенелгеннен кейін, сендер мені солай қарай шығарып саларсыңдар деген үмітім бар.
25Алайда дәл қазір Иерусалимге сапар шегіп, Құдайдың сол жердегі адамдарына қызмет көрсетпекпін.#15:25 Елш 19:21; 24:17. 26Македония мен Ахаядағы қауымдар Құдайдың Иерусалимдегі адамдарының арасындағы мұқтаждары үшін ақша жинауды дұрыс деп тауып, оны зор ынтамен ұйымдастырды. 27Бұлай істеуді өздері шешті. Шынында да олар исраилдік қауымдар алдында қарыздар ғой: басқа ұлттық сенушілер Құдайдың бұрыннан таңдап алған Исраил халқының «рухани қазыналарынан» үлес алғандықтан, олар өз кезегінде исраилдіктермен бұ дүниелік игіліктерімен де бөлісуге тиіс. 28Осыны орындап, жинағаннан түскен «өнімді» аман-есен апарып тапсырған соң, Испанияға беттеп, жол-жөнекей сендерге соқпақпын. 29Сол кезде Мәсіхтің жарылқауына молынан кенелетінімізге#15:29 (1:10-12; 15:23,32) Яки: Мәсіхтің Ізгі хабарының толық жарылқауын ала келетініме. еш күмәнім жоқ.
30Бауырластарым, сендерден Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Киелі Рухтың сүйіспеншілігімен өтінемін: Құдайға мен үшін сиына отырып, рухани күресіме атсалысыңдар! 31Ол мені Яһудея аймағындағы сенбеушілерден құтқарсын, әрі Иерусалимдегі қызметім Құдайдың адамдарына#15:31 Яки: Құдайға бағышталған (қасиетті) сенушілерге (8:27). ұнамды болсын. 32Осылай мен, Құдай қаласа, қуана-қуана сендерге келмекпін. Сонда біз бірге болып, көңілімізді өзара орнықтырамыз. 33Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын! Аумин.
Currently Selected:
Римдіктерге хат 15: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.