YouVersion Logo
Search Icon

Римдіктерге хат 11

11
Құдай Исраил халқынан біржола бас тартқан жоқ
1Ал енді мынаны сұрайын: «Құдай өз халқынан біржола бас тартты ма?» Жоқ, мүлдем олай емес! Мен өзім де исраилдікпін, Ыбырайымның ұрпағынан, Бунямин руынан тарағанмын. (Алайда Мәсіхке сенемін.)
2Демек, Құдай баяғы заманда ерекше таңдап алған халқынан біржола бас тартқан жоқ. Ілияс пайғамбар туралы Пайғамбарлар жазбаларында не айтылғаны естеріңде ме? Ол Құдай алдында Исраил туралы былай деп шағым айтқан: 3«Уа, Жаратқан Ие! Олар Сенің пайғамбарларыңды өлтіріп, Саған арналған құрбандық үстелдерін қиратты. Жалғыз өзім ғана қалдым, олар енді менің жанымды да алмақшы».
4Құдайдың оған берген жауабы былай емес пе: «Мен Өзіме жеті мың адамды аман қалдырып отырмын. Олар (Маған адал болып, жалған тәңір) Бағал алдында тізе бүкпегендер».#11:4 Пат3 19:10,14,18. 5Сол сияқты, қазірдің өзінде де Құдай Исраил халқының ішінен рақым етіп таңдап алған шағын топ Мәсіхке сенеді.#11:5 9:27. 6Ал Құдай рақым етіп таңдаған болса, онда оларды еңбектері#11:6 Яки: игі істері (3:27-28; Еф 2:7-9; Тит 3:5). үшін таңдамағаны. Әйтпесе рақым нағыз рақым болмас еді.
7Бұның мәнісі не? Исраил халқы көздеген мақсатына жеткен жоқ, бірақ оның ішінен таңдап алынғандар оған жетті. Қалғандары қасарысып, сене алмай қалды. 8Бұл туралы мынадай сөздер жазылған ғой: «Құдай олардың ақыл-саналарын ұйықтатты.#11:8 Яки: оларға терең ұйқыға кетіретін рухты дарытты (Иш 29:10). Олар көздері болғанмен (шындықты) көрмейді, құлақтары болғанмен (Құдайдың сөзін) естімейді, әлі күнге дейін солай».#11:8 Заң 29:4; Мат 13:13-15. 9(Жауыз дұшпандарын Жаратқан Ие дәрменсіз қылсын деп сұраған кезде) Дәуіт пайғамбардың айтқаны мынадай болды: «Мол дастарқандары жауларыма тор болсын, бейқам ішкен астары тұзақ боп айналсын; содан олар тұтқындалып, жазалансын! 10Көздері көре алмастай тұмандансын, белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын!»#11:10 Жыр 68:23-24.
Басқа ұлт адамдарының құтқарылуы, елшінің Исраил халқы жайлы үміті
11«Ал енді, яһудилер Мәсіхті қабылдамай күнә жасағанда Құдайдан біржола ажырап кетті ме?»#11:11 Немесе: «Ал енді, олар сүрінгенде біржола құлап түсті ме?» (Мұндағы «сүріну» — Мәсіхке сенуден бас тартып күнә жасау, ал «құлап түсу» — Құдайдан ажырап кетуді білдіреді: 11:22; Мат 26:31.) — деп сұрасам деймін. Жоқ, мүлдем олай емес! Алайда олардың безіп кетуі арқылы басқа халықтарға құтқарылу жолы ашылды. Құдай осылай исраилдіктердің қызғанышын оятпақ. 12Ендеше, бұлардың безіп кеткендіктері қалған адамзатты рухани байлыққа жеткізсе, әрі зиян шеккендіктері басқа халықтарға пайдалы болса, онда олардың Құдайға толық мойынсұнулары#11:12 (13:10) Яки: олардың толықтай құтқарылулары (11:15; Иш 12:1-6). адамзатқа одан да зор игілік әкелмек!
13Уа, басқа ұлт адамдары, ендігі сөзім сендерге арналады. Мен Мәсіхтің басқа халықтарға жіберген елшісі ретіндегі қызметімді құрметтеймін,#11:13 15:16-19; Елш 9:15; 13:12; 22:21. 14осылайша ұлттастарымның қызғанышын оятып,#11:14 10:19; 11:11. олардың да бірсыпырасын құтқарсам деп үміттенемін. 15Егер Құдайдың бұлардан бас тартуы арқылы басқа халықтар үшін Онымен татуласудың жолы ашылса, онда Құдайдың исраилдіктерді қайтадан қабылдауы қандай болады? Бұл оқиға өлімнен қайта тірілумен бірдей болмақ! 16Мысалы, алғашқы өнімнен пісіріліп, Құдайға ұсынылатын нанның қасиетті болатынындай, соның қалған қамыры да қасиетті.#11:16 Леу 23:10; Рул 15:17-21; Езк 44:30. Сол сияқты, ағаштың түбірі қасиетті болғанындай, оның бұтақтары да қасиетті.#11:16 Яғни Исраилдің ата-бабалары Құдайдікі болғандықтан, олардың ұрпақтары — яһудилер де Онікі болады. Демек, Құдай берген уәдесін орындап оларды қайтадан қабылдамақ (11:28; Жар 17:17).
17Ал Құдай «асыл тұқымды зәйтүн ағашының бірнеше бұтақтарын», яғни яһудилердің көпшілігін, сындырып тастап, қалғандарының арасына басқа ұлттық сендерді теліп кіріктірді. Сендер жай ғана «жабайы зәйтүн ағашынан» болсаңдар да, енді «асыл ағаштың түбінен шыққан шырыннан» олармен бірге нәр алып жатырсыңдар! 18Солай болғандықтан, сындырып алып тасталған сол «бұтақтарға» бола мақтанып шіренбеңдер! Ал егер біреуің шірене қалсаң, біліп қой: «ағаштың түбіне» сен нәр бермейсің, қайта, «түбі» саған нәр беріп тұр.#11:18 Яки: Исраил халқы сендер арқылы емес, сендер ол арқылы Құдай берген игіліктерге ие болдыңдар (4:16; Жох 4:22).
19Ал сен: «Құдай мені теліп кіріктіру үшін бұрынғы бұтақтарды сындырып алып тастады ғой», — дерсің. 20Дұрыс! Құдай сол яһудилерді Мәсіхке сенбеген соң («асыл ағаштан», яғни Құдай халқынан) сындырып алып тастады. Енді олардың орнында сен тұрсың, өйткені Мәсіхке сенесің. Ендеше өркөкірек болмай, сақ болып жүр! 21Әйтпесе, тіпті «табиғи бұтақтарды» аямаған Тәңір Иенің сені де аямайтыны сөзсіз.
22Сонымен, Құдайдың мейірімін әрі қатаңдығын көре аласың: Ол Өзіне мойынсұнбай, ажырап кеткендерге#11:22 (11:11) Яки: сындырылып, құлап түскендерге. қатаңдық танытты. Ал егер сен Оның мейірімін бағалай білсең, соған кенеле бересің. Бірақ егер Оған мойынсұнудан бас тартсаң, сен де кесіліп тасталасың. 23Сол яһудилер сенбеушіліктерінен бас тартса, олар да қайтадан телініп кіріктіріледі. Құдай оларды тағы да телуге құдіретті ғой.
24Өйткені сендер «жабайы зәйтүн ағашынан» кесіліп алынып, қалыптасқан дағдыға қайшы «асыл тұқымды зәйтүн ағашына» телінгенсіңдер; сондықтан өзінің «табиғи бұтақтары» болғандар (яғни яһудилер) сол «ағашқа» оп-оңай-ақ «телініп» қайтарылмай ма?!
Құдайдың құтқару жоспарындағы шексіз даналығы
25Бауырластарым, сендердің ақылгөйсіп мақтанбауларың#11:25 Демек, «Құдайдың яһудилер үшін жасаған жоспарын түсінеміз, Ол бізді олардан артық көреді» деп білгішсінбеулерің (12:16). үшін мына құпия жоспарды ашқым келеді: басқа ұлт адамдарының Құдай белгілеген саны Оның Патшалығына түгелдей кіріп болғанша, Исраил халқының бір бөлігі қасарысып, сенуден бас тартатын болады. 26Осылай күллі Исраил құтқарылмақ. Бұл туралы Пайғамбарлар жазбаларында мынадай сөздер алдын ала айтылған еді: Сион қаласынан Құтқарушы келеді. Ол Жақыптың үрім-бұтағын теріс жолдарынан қайтарады. 27Күнәларын кешірген кезімде Менің олармен жасайтын Келісімім осы болады.#11:27 Иш 59:20-21; 27:9; Ерм 31:33-34.
28Сол яһудилер Ізгі хабарды қабылдамағандықтан, олар Құдаймен қас, бұның пайдасы сендерге тиюде. Дегенмен Тәңір Ие ата-бабаларын таңдап алғандықтан, олардың өздерін де сүйеді. 29Себебі Құдай уәде беріп, таңдап алғандығынан таймайды.#11:29 Рул 23:19; Пат1 15:29; Иш 45:23; Мал 3:6.
30Басқа ұлттық сендер бұрын Құдайға мойынсұнбайтын едіңдер, ал қазір яһудилердің мойынсұнбағандығынан Оның рақымына ие болдыңдар. 31Сол секілді бұл яһудилер де қазір Құдайға бағынбай жүр, бірақ Ол сендерге рақым етуі арқылы оларға да өз рақымын қабылдатпақ. 32Сонымен Құдай барлық адамдардың Өзіне мойынсұнбай, құлдықта жүргендерін әшкереледі. Осылай Ол бәріне#11:32 Яғни исраилдіктерге (яһудилерге) және басқа ұлттарға (3:9,22; 11:23-25; Тім1 2:4-6). де рақымын көрсетпек.
33О, неткен бай Құдайдың даналығы,
Неткен терең Оның білік-парасаты;
Шешімдеріне адам ақылы жетпес,
Жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!
34«Кім Жаратқанның ақыл-ойын ұққан,
Кеңесшісі болып бағыт берді Оған?»
35«Құнын қайтарып аламын деп Құдайдан,
Кім алдымен бір нәрсесін берген Оған?»#11:35 Иш 40:13; Әйүп 35:7; 41:3; Қор1 2:16.
36Себебі әлемнің бәрі де Құдайдан,
Ол арқылы, Ол үшін пайда болған.#11:36 Яки: Әлемнің бәрі де Құдайдан жаратылып, Ол арқылы сақталып, Ол үшін бар болып келеді (Жох 1:3; Қол 1:16-17; Аян 4:11).
Лайым Құдай мадақталсын әрқашан! Аумин.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in