YouVersion Logo
Search Icon

Руларды санау 9

9
Синайда тойланған Құтқарылу мейрамы
1Мысыр елінен шыққаннан кейінгі екінші жылдың бірінші айында Жаратқан Ие Мұсаға Синай атты елсіз далада тіл қатып былай деді: 2«Исраилдіктер Құтқарылу мейрамын#9:2 Жаратқан Иенің халықты Мысырдағы құлдықтан азат еткенін еске түсіруге арналған мейрам (Мыс 12:1-14; 40:2). белгіленген уақытта өткізсін. 3Оны осы бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай белгіленген мезгілінде барлық ережелер мен шешімдерге сәйкес өткізсін».
4Сонда Мұса Исраил халқына Құтқарылу мейрамын өткізуді тапсырды. 5Олар Синай атты елсіз далада жүргенде бірінші айдың он төртінші күні кешке қарай Құтқарылу мейрамын өткізді. Исраилдіктер осының барлығын да Жаратқан Иенің Мұсаға бұйырғанындай істеді.
6Алайда халық арасында өлікке жанасып арамданғандықтан сол белгіленген күні Құтқарылу мейрамына қатыса алмаған кейбір адамдар да болды. Олар сол күні-ақ Мұса мен Һаронның алдына келіп, 7былай деді:
— Біз өлікке жанасып, арамданып қалған едік. Неліктен біз басқа исраилдіктермен бірге белгіленген уақытында Жаратқан Иеге арналған құрбандықты ұсынудан шет қалуға тиіспіз? 8Мұса бұған:
— Жаратқан Ие сендер туралы қандай нұсқау берер екен, мен соны біліп алғанға дейін күте тұрыңдар! — деген жауабын берді.
9Сонда Жаратқан Ие Мұсаға мынадай шешімін айтты:
10— Исраилдіктерге былай де: Егер біреу өліктен арамданып қалса немесе алыс сапарда жүрсе, ондай адам бәрібір Жаратқан Иеге арналған Құтқарылу мейрамын өткізсін. 11Сол адам екінші айдың он төртінші күні кешке қарай құрбандыққа бір тоқты шалып, оны ашытқысыз пісірілген нанмен және ащы шөптермен қосып жесін. 12Ол таңға дейін құрбандықтан еш нәрсе қалдырмасын әрі ешбір сүйегін сындырмасын.#9:12 Мыс 12:46. Адам мұны Құтқарылу мейрамын өткізу жайлы барша ережеге сай істесін.
13Ал егер біреу таза, арамданбаған болса да, алыс сапарға шықпаса да, Құтқарылу мейрамына немқұрайды қарап, оны өткізбесе, ондай жан Жаратқан Иеге белгіленген мезгілінде құрбандығын ұсынбағандықтан Оның алдында кінәлі болады. Мұндай адамды халықтың арасынан аластату керек.
14Егер араларыңда тұрып жатқан бір жат жұрттық Құтқарылу мейрамын өткізгісі келсе, оны арнайы ережелер мен шешімдер бойынша өткізуі керек. Бұндай ережелер не елде туылған исраилдік болсын, не сендермен бірге тұруға келген жат жұрттық болсын барлығыңа бірдей тиісті.
Құдайдың өз халқын жолда жетелеуі
15Сонымен Жаратқан Иенің жердегі тұрағы — Келісімнің айғақтары сақталған киелі шатыр тұрғызылды. Сол күні бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұрды. Кеш батқан кезде таңға дейін шатырдың үстінен от тәрізді көрінетін бұлт жарқырап тұрды.#9:15 Мыс 40:38. 16Осылай әрқашан күндіз (бағана тәрізді) бұлт киелі шатырдың үстін жауып тұратын болды. Түнде бұлт жалындаған отқа ұқсайтын. 17Бұлт шатыр үстінен жоғары көтерілген кезде ғана исраилдіктер жолға жиналып, оның соңынан жылжып көшіп отырды. Ал бұлт бір жерге тоқтаса, сол жерге олар да тұрақтап қостарын тігетін. 18Исраилдіктер осылайша сапарға шыққанда да, бір орында тұрақтап қостарын тіккенде де Жаратқан Иенің еркі бойынша істеп отырды. Бұлт киелі шатыр үстінде тұрған кезде исраилдіктер де қостарында қала берді.
19Бұлт шатыр үстінде ұзақ уақыт тұрақтағанда да, исраилдіктер Жаратқан Иенің еркіне бағынып жолға шықпайтын. 20Кейде бұлт кездесу шатырының үстінде санаулы күн ғана тұратын. Сонда халық Жаратқан Иенің еркімен тұрақтап, тек Оның еркімен ғана сапарға шығатын. 21Кейде бұлт кешке тоқтап, келесі күні таңертең қайтадан алға жылжитын. Күндіз болсын, түнде болсын, бұлт жоғары көтерілген кезде исраилдіктер жолға шығып отырды. 22Екі күн не бір ай болсын, немесе өте ұзақ уақыт болсын, бұлт шатыр үстінде тұрғанда, исраилдіктер де жылжымай тұрақтап тұрды. Ал бұлт жоғары көтеріліп, жылжи бастағанда, олар да көштерін жалғастыратын. 23Олар Жаратқан Иенің бұйрығымен тоқтап, әрі Оның бұйрығымен жолға шығып жүрді. Осылайша исраилдіктер Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оның Мұса арқылы берген бұйрықтарын орындайтын.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in