YouVersion Logo
Search Icon

Руларды санау 19

19
Тазару рәсімінде қолданылатын арнайы су
1Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді: 2«Жаратқан Иенің бұйырған заңының тағы бір ережесі мынау: Исраил халқына мынаны айту керек: Олар бір жирен баспақты#19:2 Яғни жас сиырды. алып келсін. Сол жас сиырдың барлық жері сау, ешбір кемістігі жоқ болсын және оған ешқашан мойынтұрық салынбаған болуы керек. 3Жас сиырды діни қызметкер Елазарға табыстасын. Содан соң мал ел қонысының сыртына шығарылып, біреу оны Елазардың көз алдында бауыздасын. 4Діни қызметкер Елазар саусағын баспақтың қанына батырып алып, кездесу шатырының алдыңғы жағына қарай жеті рет бүріксін. 5Малдың өзі: терісі, еті, қаны, жыны#19:5 (Мыс 29:14; Леу 4:11) Яки: ішек-қарнындағы қорытылмаған асы. түгелімен Елазардың көз алдында өртеліп жіберілсін. 6Діни қызметкер самырсынның бір жаңқасын, сайсағыздың бір бұтақшасын және ал қызыл түсті жүннің бір шүйкесін алып, жанып жатқан мал денесінің үстіне лақтырсын.
7Содан соң діни қызметкер үстіндегі киімін жуып, өзі де сумен жуынсын. Бұдан кейін оған қонысқа қайтып келуге болады, алайда ол кешке дейін таза емес болып саналады. 8Малдың денесін өртеген адам#19:8 19:5. да киімін жуып, сумен жуынсын. Ол да кешке дейін арамданған болып саналады.
9Арамданбаған басқа бір адам өртелген баспақтың күлін жинап алып, оны ел қонысының сыртындағы бір таза жерге апарып сақтап қойсын. Осы күл исраилдіктердің жамағаты үшін тазару рәсімінің суында қолдануға сақтала берсін. Бұл рәсім күнәдан тазарту үшін жасалады. 10Жас сиырдың күлін жинаған адам да өз киімін жусын. Ол да кешке дейін таза емес болып саналады. Бұл — өздеріңе де, араларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтарға да арналған тұрақты ереже».
Өлікке жанасқан адам жайлы ереже
11Өлген адамның мәйітіне жанасқан әркім жеті күн бойы таза емес арамданған болып саналады. 12Арамданғаннан кейінгі үшінші және жетінші күндері сондай адам арнайы сумен тазару рәсімінен өтсін.#19:12 19:9,13,19; 31:19. Бұдан кейін ол таза болады. Ал егер үшінші және жетінші күндері тазару рәсімінен өтпесе, онда ол таза болмайды. 13Өлген адамның мәйітіне жанасып, тазару рәсімінен өтпеген әркім Жаратқан Иенің жер бетіндегі тұрағын арамдайды. Ондай адам Исраилдің қауымынан аластатылсын. Тазарту суы оған бүркіп себілмегендіктен ол арамданған күйінде қала береді.
14Біреу үй ішінде#19:14 Яки: шатыр ішінде. қайтыс болған жағдайдағы ереже мынау: сол кезде үйде болғандардың және кейін оған кіргендердің барлығы жеті күн бойы таза емес болып саналады. 15Сол үйдегі қақпағы жабылмай аузы ашық қалған әрбір ыдыс та арам.
16Сол сияқты, далада семсерден қаза тапқан немесе өз ажалымен өлген адамның мәйітіне, сүйектеріне не қабіріне жанасқан әр кісі де жеті күн бойы таза емес болып саналады.
17Осындай арамданған адамды тазару рәсімінен өткізу үшін алдымен шалынып, өртелген жирен баспақтың біраз күлін#19:17 19:9. ыдысқа салып, үстіне ағынды судан құйсын. 18Арамданбаған бір адам сайсағыздың#19:18 Немесе: үсоптың; яки: иссоптың (19:6; Мыс 12:22). бір бұтақшасын ыдыстағы суға малып алып, сонымен суды сол үйге, ондағы бұйымдар мен адамдардың бәріне бүріксін. Ол, сондай-ақ, өлген адамның сүйегіне, қаза тапқан не өз ажалымен өлген адамның мәйітіне немесе қабіріне жанасқан әркімге арнайы суды бүркіп себуі қажет. 19Содан соң үшінші және жетінші күндері таза адам арамданған адамға сол судан бүріксін. Осылайша оны жетінші күні арамдығынан тазартады. Сол күні адам киімін жуып, өзі сумен жуынсын, сонда ол кеште арамданбаған болып саналады.
20Ал егер біреу арамданып қалып, тазару рәсімінен өтпесе, ондайды жамағаттан аластату керек. Себебі ол үстіне тазару рәсімінің суын сепкізбей, Жаратқан Иенің киелі орнын арамдады. 21Бұл — халыққа арналған тұрақты ереже. Тазарту рәсімінің суын бүркіп сепкен адам да киімін жусын. Ал тазару рәсімінің суы біреуге тисе, сол адам кешке дейін таза емес болып саналады. 22Арамданған адам жанасқан кез келген нәрсе де арамданады. Сондай арамданған нәрсеге жанасқан әркім де кешке дейін таза емес болып саналады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Руларды санау 19