Руларды санау 16
16
Қорахтың тобының бас көтеруі
1Леуі руының Қахат тармағының#16:1 4:4-5,6,17-20; 16:8-11. адамы Ысқар ұлы Қорах және Рубен руынан шыққан Елияптың екі ұлы Датан мен Абирон әрі Пелет ұлы Ауон өзара сыбайласып, 2Мұсаға қарсы бас көтерді. Олармен бірге исраилдіктердің тағы екі жүз елу атақты ер адамы болды. Бұлар жамағатта тағайындалған қауым жетекшілері еді. 3Барлығы Мұса мен Һаронға қарсы бірігіп, былай деді:
— Жетер енді сендерге! Өздерің ғана емес, бүкіл қауым киелі!#16:3 Яки: бүкіл қауым Жаратқан Иеге (діни қызметкерлер ретінде киелі шатырда ғибадат етуге) бағышталған! (Мыс 19:6) Жаратқан Ие біздің де арамызда ғой. Сендер неге өздеріңді Жаратқан Иенің халқынан жоғары қоясыңдар?!
4Мұны естігенде, Мұса жерге етпетінен жығыла кетті (де, Жаратқан Иеге сиынды).#16:4 Мыс 14:5. 5Содан кейін ол Қорах пен оның барлық жақтастарына тіл қатып былай деді:
— Ертең Жаратқан Ие кімнің Өзіне бағышталған киелі екенін көрсетеді. Жаратқан Ие таңдап алғандарына Өзіне жақындауға жол береді.#16:5 17:5; Мыс 28:1; 29:1,44-46; Леу 10:3. 6Енді сен, Қорах, өзіңнің барлық жақтастарыңмен бірге былай етіңдер: хош иісті заттарды түтететін табалар алыңдар. 7Ертең соларға Жаратқан Иенің алдында қызып тұрған шоқтан салып, үстіне хош иісті зат түтетіңдер. Жаратқан Ие кімді таңдап алып қабылдаса, сол адамның киелі болғаны.#16:7 Яки: сол адамның Маған (киелі шатырда қызмет етуге) бағышталғаны (16:3). Жетер енді сендерге,#16:7 16:3. леуіліктер! — 8Мұса Қорахқа тағы былай деді: — Сөзіме құлақ асыңдар, леуіліктер! 9Жаратқан Иенің киелі шатырында қызмет атқару, қауымның алдында тұрып, оларға қызмет етудің өзі — өте сыйлы міндет. Ал Исраилдің Құдайы Исраил халқының арасынан дәл өздеріңді осы міндетті атқаруға таңдап алғандығы сендерге аздық ете ме? 10Қорах, осылайша Жаратқан Ие саған және леуілік ағайындарыңның бәріне Өзінің алдына келіп қызмет етуге жол берген. Ал қазір сендер тағы діни қызметкер болуға да дәмеленіп жатырсыңдар. 11Өзің де, күллі жақтастарың да бұларыңмен Жаратқан Иеге қарсы шығып отырсыңдар. Ал сендер Һаронға наразы болып күңкілдейтіндей, ол кім өзі?
12Содан соң Мұса Елияптың ұлдары Датан мен Абирон#16:12 16:1-2. екеуін өзіне шақыртты, алайда олар былай деп жауап қатты:
— Жоқ, келмейміз! 13Бізді ағы мен балы ағыл-тегіл елден#16:13 Яғни (өздері құлдықта жүріп қатты азап шеккен) Мысырдан (Мыс 1:11; 2:23; 3:7-10). шығарып алып, мына елсіз далада өлімге душар еткің келіп отырғаны саған аздық ете ме? Соның үстіне сен бізге үстемдік жүргізгің келеді. 14Сен бізді ағы мен балы ағыл-тегіл елге#16:14 Яғни Қанаханға (13:1,27; Мыс 3:8). алып барған жоқсың, бізге егіндік жер мен жүзімдіктерді мұралық меншікке үлестірген де жоқсың. Енді мына адамдардың көзін алдауыңды қой! Келмейміз дедік пе, келмейміз!
15Мұса қатты ашуланып, Жаратқан Иеге сиынып: «Олардың сый-тартуларын қабылдай көрме! Мен олардан тіпті бір есек те алған жоқпын! Ешбіреуіне жамандық та істеген емеспін!» — деді. 16Содан Мұса Қорахқа былай деп нұсқау берді:
— Ертең сен өзіңнің барлық жақтастарыңмен бірге және Һарон Жаратқан Иенің алдына келіңдер! 17Әрқайсың бір-бір табадан барлығы екі жүз елу таба әкеліңдер, соларға хош иісті зат салып, Жаратқан Иеге ұсыныңдар.#16:17 Мыс 30:7-10,37-38; Леу 10:1-3. Һарон екеуің де солай істеңдер.
18Сонымен әрбір адам табасын алып, соған қызып тұрған шоқ пен хош иісті зат салып, кездесу шатырының кіреберісінің қасындағы Мұса мен Һаронның жанына келіп тұрды. 19Осылайша Қорах өзінің барлық жақтастарын Жаратқан Иенің кездесу шатырының кіреберісінің алдына Мұса мен Һаронға қарсы жинады.
Қорахтың тобының жазалануы
Сонда бүкіл қауымға Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді.#16:19 12:5; 14:10; Мыс 16:7,10. 20Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға тіл қатып былай деді:
21— Екеуің мына қауымнан бөлек тұрыңдар! Мен оларды қас-қағым сәтте-ақ жойып жіберейін!
22Осыны естіген Мұса мен Һарон жерге етпеттерінен жата кетіп:
— Уа, Құдай, демі бар күллі тірі жанның Құдайы! Бір адамның жасаған күнәсі үшін бүкіл қауымға қаһарланбақсың ба? — деп жалбарынды.
23Сонда Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
24— Қауымға: «Қорах, Датан және Абиронның қостарының жан-жағынан кері шегініңдер!» деп бұйыр.
25Мұса орнынан тұрып, Датан мен Абиронға қарай беттеді. Исраилдің ақсақалдары оның соңынан ілесті. 26Мұса қауымға бұйрық беріп: «Мына зұлым адамдардың қостарынан аулақ шегініңдер! Әрі оларға қарасты ештеңеге де тиісуші болмаңдар! Әйтпесе олардың күллі күнәларына бола сендер де құрып кетесіңдер», — деді.#16:26 Жар 19:15; Иш 52:11. 27Сонда халық Қорах, Датан мен Абиронның тұратын қостарының жан-жағынан кері шегінді. Ал Датан мен Абирон әйелдері, ұлдары және кішкентай сәбилерімен бірге қостарының кіреберісінде тұрды.
28Мұса Исраилдің қауымына тағы былай деді: «Осы істердің барлығын өз ойыма сай емес, Жаратқан Иенің маған тапсыруымен істегеніме мынау арқылы көздерің жететін болады: 29Егер бұлар барлық адамдар іспетті көз жұмып ақ өліммен өлетін болса, онда Жаратқан Иенің мені жібермегені. 30Ал егер Жаратқан Ие бұрын-соңды болмағанды жасап, жер аранын ашып, оларды барлық мал-мүлкімен бірге жұтып қойып, олар тірідей тұңғиыққа#16:30 (16:32-33; Жыр 54:24) Яки: о дүниеге. түсіп кетсе, онда сендер сол адамдардың Жаратқан Иені менсінбей қорлағанын білетін боласыңдар!»
31Мұса осы сөздерді айтып бола салысымен, сол адамдардың аяқ астындағы жер қақ айырылды. 32Осылай жер аранын ашып, Қорахтың бүкіл тобын үй іштерімен бірге, барлық дүние-мүлкімен қоса жұтып қойды. 33Олар өздеріндегі барымен бірге тірідей тұңғиыққа түсіп кетті. Содан соң жер жабылып, олар жамағаттың арасынан біржола құрып жойылды.
34Айналаларында тұрған бүкіл Исраил халқы олардың айқайын ести сала: «Ойбай, бізді де жер жұтып қоймасын!» — деп, жан-жаққа бас сауғалап қаша жөнелді. 35Ал Жаратқан Ие от жіберіп, өз беттерімен хош иісті заттарды түтетіп жатқан екі жүз елу адамды өртеп жіберді.
36Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: 37«Діни қызметкер Һарон ұлы Елазарға мынаны айт: Өрттің арасынан табаларды жинап ал, себебі олар киелі. Іштерінде қызып тұрған шоқтарын алысқа төгіп таста! 38Бұл адамдар күнә жасап, сол үшін өліммен жазаланғанмен, табалары Жаратқан Иенің алдына келтірілгенде Оған бағышталып киелі болды.#16:38 Табалар Жаратқан Иенің алдына келтірілгенде Оған бағышталғандықтан, оларды бұдан былай кәдімгі мақсаттарға қолдануға болмайтын. Табаларды балғамен жалпақтап соғып, құрбандық үстелін солармен қаптап тастау керек. Осылайша исраилдіктерге ескертпе болсын».#16:38 Мыс 27:2; 38:2.
39Діни қызметкер Елазар өртеніп кеткендердің әкелген қола табаларын жинап алды. Құрбандық үстелін қаптау үшін олар балғамен соғылып тегістелді. 40Бұның барлығы Жаратқан Иенің Мұса арқылы айтқан нұсқауы бойынша істелді. Һаронның ұрпақтарынан басқа ешкімге Жаратқан Иенің алдына барып, хош иісті зат түтетіп ұсынуға болмайтынын, әйтпесе соның Қорах пен оның сыбайластарының кейпін киетіні туралы исраилдіктерге берілген ескертпе осындай болды.
Халықтың бас көтеріп, Һаронның араша түсуі
41Келесі күні Исраилдің бүкіл жамағаты қайтадан Мұса мен Һаронға наразы болып: «Сендер Жаратқан Иенің халқын құрттыңдар!» — деп күңкілдей бастады. 42Алайда жамағат Мұса мен Һаронға қарсы жиналып, кездесу шатырына бет бұрған сәтте-ақ шатырды бұлт жауып, Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты көрінді.#16:42 16:19. 43Содан Мұса мен Һарон кездесу шатырының алдына барды. 44Сол кезде Жаратқан Ие Мұсаға: 45«Мына жамағаттың арасынан кетіңдер! Мен оларды қас қағым сәтте-ақ жойып жіберемін», — деп ескертті. Сонда Мұса мен Һарон етпеттерінен жерге жығыла кетті. 46Мұса Һаронға: «Бір табаны ал да, оған түтету үстелінен қызып тұрған көмір шоғын сал, ал оның үстіне хош иісті зат сал.#16:46 Мыс 30:34-38; Леу 16:12. Тезірек жамағатқа жүгіріп бар да, оларға күнәнің арамдығынан тазартатын рәсімді орында! Өйткені Жаратқан Ие қаһарланып отыр, халық арасында індет жайыла бастады»,#16:46 1:53; 8:19. — деп тапсырды.
47Сонда Һарон Мұсаның айтқан нәрселерін алып, жамағаттың ішіне жүгіріп барды. Қараса, олардың арасында індет жайыла бастаған екен. Һарон хош иісті затты түтетіп, халықты күнәларының арамдығынан тазартатын рәсімді орындады. 48Осылай Һарон тірілер мен өлілердің арасында тұрды. Сонда індет жайылуын тоқтатты. 49Ал сол індеттен, Қорахтың күнәсіне бола көз жұмғандарды есептемегенде, он төрт мың жеті жүз адам қырғынға ұшырады.
50Індет тоқтағаннан кейін Һарон кездесу шатырының кіреберісіндегі Мұсаға қайта оралды.
Currently Selected:
Руларды санау 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.