YouVersion Logo
Search Icon

Руларды санау 14

14
Халықтың сенімсіздік білдіріп бас көтеруі
1Сонда бүкіл қауым дауыс көтеріп, түні бойы азан-қазан жылаумен болды. 2Барлық исраилдіктер Мұса мен Һаронға наразыланып, бүкіл қауым болып: «Бізге баяғыда-ақ Мысыр елінде өлгеніміз жақсы болған болар еді!#14:2 16:13; 20:4-5; 21:5; Мыс 16:3. Немесе осы елсіз далада өлген болсақ қой! — деп күңкілдесті.#14:2 11:1; Мыс 15:24. 3— Жаратқан Ие бізді бұл елге неге алып келе жатыр екен? Сол жерде біз семсерден қырыламыз, әрі әйел, бала-шағамыз жауға олжа болмақ. Одан да Мысырға қайта оралғанымыз жақсы емес пе!» — 4Олар бір-біріне: «Кәне, басшы таңдап алып, Мысырға қайта оралайық!» — десті.
5Ал Мұса мен Һарон жиналған исраилдіктердің бүкіл қауымының алдында жерге етпетінен жығыла кетті (де, Жаратқан Иеге сиынды). 6Елді барлап келгендердің екеуі — Нұн ұлы Ешуа және Ефунне ұлы Халеп те (басқалардың сенімсіздігіне қатты қайғырып) киімдерінің өңірін айыра жыртты. 7Олар Исраилдің бүкіл қауымына: «Біз барлап келген ел өте керемет екен! 8Егер Жаратқан Ие бізге риза болса, Ол бізді ағы мен балы ағыл-тегіл сол елге алып барып, оны бізге табыстайды. 9Тек Жаратқан Иеге қарсы бас көтермеңдер, елдің халқынан қорықпаңдар! Олар бізге жем болады: олар қорғаныштарынан ада қалған. Ал арамыздағы Жаратқан Ие бізге жар! Олардан еш қорықпай-ақ қойыңдар!» — деп ескертті.
10Бірақ бүкіл қауым олардың екеуін таспен атқылап өлтіру туралы айта бастады. Сонда кездесу шатырынан Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты барлық исраилдіктерге көрінді. 11Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді:
— Мына халық Мені қашанға дейін менсінбей жүре береді? Мен олардың көз алдында құдіретімді дәлелдейтін қаншама кереметтер жасаған болсам да, олар қашанға дейін Маған сенбей жүре бермек?! 12Енді Мен бұл халыққа індет жіберіп, құртамын. Содан кейін сенің өзіңнен олардан да көбірек әрі күштірек халықты өрбітемін!
Пайғамбардың арашалық дұғасы
13Ал Мұса Жаратқан Иеге былай деп сиынды:
— Сонда мысырлықтар бұл туралы еститін болады! Сен осы халықты Өзіңнің құдіретіңмен олардың арасынан алып шықтың ғой! 14Олар мұны Қанахан елінің тұрғындарына айтатын болады. Уа, Жаратқан Ие, Сенің осы халықтың ортасында екендігің жайлы олар естіген. Уа, Ием, Сенің адамның көзіне көрініп аян бергенің әрі өз бұлтыңның халқыңның үстінде қалықтап тұрғаны да олардың құлақтарына шалынған. Сенің күндіз бағана тәрізді бұлт ішінде, ал түнде жалындаған от бағанасының ішінде халқыңның алдында жүргендігің туралы да олар хабардар. 15Бірақ егер Сен мына халықты бір адамын да қалдырмай қырып тастасаң, онда Өзің туралы естіген бөтен халықтар: 16«Әне, көрдің бе, Жаратқан Ие сол халықты оларға беруге Өзі ант еткен елге жеткізе алмапты. Сол себепті Ол халықты елсіз далада қырып тастапты» деп Сені табаламақ. 17Сондықтан да, уа, Ием, Сенің зор құдіретің көріне түссін! Өзің сол туралы былай деп едің ғой:
18«Жаратқан Ие тез қаһарланбайды,
Ол сондай сенімді де қайырымды,
Көтеріліс пен теріс қылықтарды
Тіпті кешіруге дайын тұрады!
Ал қасарысқанды жазасыз қалдырмайды,
Ол аталарының кінәлары үшін
Жазалайды балалары мен немерелерін,
Тіпті шөберелері мен шөпшектерін».#14:18 Мыс 20:5-6; 34:6,7; Заң 5:9-10; Шеж2 36:13; Ерм 3:3; 7:26.
19Өзіңнің ұлы да берік мейіріміңе сай осы халықтың кінәсін кешіре гөр! Оларды Мысырдағы кездерінен бастап қазірге дейін осылайша кешіріп келдің ғой.
20Сонда Жаратқан Ие Мұсаға былай деп жауап берді:
— Жарайды, сенің өтінгеніңдей Мен оларды кешіремін. 21Бірақ Мен, мәңгі тірі Жаратқан Ие, былай деп ант етемін: Бүкіл дүниенің Менің салтанатты ұлылығыма толы екендігі шүбәсіз. 22Сол сияқты, мына адамдардың тағдыры да еш шүбәсіз. Олар Мысырда және осы айдалада Менің ұлы салтанатымды әрі құдіретімді дәлелдеген керемет істерімді өз көздерімен көрсе де, Мені он рет еркінсіп сынап, даусыма құлақ түрмеді! 23Сол үшін олардың ешқайсысы да Мен ата-бабаларына табыстауға ант еткен елді көрмейтін болады! Мені менсінбегендердің ешқайсысы да сол елге#14:23 Қанаханға (14:8). көз тастамайды! 24Алайда қызметшім Халеп ондай мінез#14:24 Яки: рух. көрсетпей, Маған шын жүректен сенімді болғандықтан, Мен оны өзі барлап келген сол елге апарып кіргіземін. Оның ұрпақтары сол елді иемденетін болады.
25Ендеше амалектіктер мен қанахандықтар аңғарларда тұрғандықтан сендер ертең кері бұрылып, иен дала жолына түсіп, Қамысты теңізге қарай#14:25 (21:4; Мыс 13:18; 14:21; 23:31) Яки: Қызыл теңізге. беттеңдер!
Өз бетімен аттанған халықтың жеңілісі
26Содан соң Жаратқан Ие Мұса мен Һаронға былай деді: 27«Мына зұлым жамағат қашанға дейін Маған қарсы күңкілдеп шағымдана бермек? Исраилдіктердің Маған қарсы күңкілдеп шағымдануы құлағыма шалынды. 28Оларға мынаны жеткіз: Мәңгі тірі Жаратқан Ие былай деп ант етеді: құлағыма шалынған сендердің айтқандарыңды Мен өз бастарыңа айнытпай-ақ келтіремін! 29Санақтан өткен жасы жиырмадағы не одан асқан еркек кіндіктілерің — Маған қарсы күңкілдеп наразылық білдірген барлығыңның сүйектерің осы иен далада шашылып қалады. 30Мен өздеріңді қоныстандыруға ант еткен сол елге Ефунне ұлы Халеп пен Нұн ұлы Ешуа екеуінен басқа сендердің ешқайсыларың кірмейсіңдер! 31Сендер бала-шағамыз жауға олжа болады деген едіңдер. Алайда осы балаларыңды өздерің менсінбей қойған сол елге Мен Өзім алып барамын. Елдің игілігін солар көретін болады! 32Ал сендердің сүйектерің осы иен далада қалмақ. 33Жаратқан Иеге деген опасыздықтарыңа бола, бала-шағаларың сендердің бірде-біреуің тірі қалмай құрып бітпейінше, қырық жыл бойы осы иен далада көшіп-қонып мал бағып азап шегетін болады. 34Уәделі елді қанша күн барлаған болсаңдар, сонша жыл, яки қырық жыл бойы өз кінәларыңның зардабын тартатын боласыңдар. Осылайша Менің өздеріңе қарсы болуымның не екенін ұғасыңдар. 35Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін. Және осы айтқандарымды Маған қарсы шыққан мына зұлым жамағаттың бәріне міндетті түрде жүзеге асырамын: олар бірде-біреуі тірі қалмай, осы иен далада құритын болады!»
36Ал Мұсаның елді барлауға жіберген және сол ел туралы халыққа жаман хабар таратып, бүкіл жамағаттың Жаратқан Иеге наразы болуына түрткі салған адамдары 37сол кезде Жаратқан Иенің алдында індеттен көз жұмды. 38Елді барлап келген он екі адамнан тек Нұн ұлы Ешуа мен Ефунне ұлы Халеп екеуі ғана тірі қалды.
39Мұса Жаратқан Иенің айтқан сөздерін Исраил халқына жеткізгенде бәрі қатты қайғырып жылаумен болды. 40Бірақ келесі күні ертемен олар таулы елге қарай өрлеп баруға дайындалып:
— Иә, күнә жасадық, мойындаймыз! Енді Жаратқан Иенің айтқан жеріне өрлеп барамыз! — десті. 41Мұса оларға былай деп басу айтты:
— Неге қайтадан Жаратқан Иенің бұйрығына#14:41 Яғни Оның уәделі елге бармай, кері бұрылып, иен дала жолымен жүріңдер деп бұйырғанына (14:25). қарсы шығасыңдар? Осылай табысты болмайсыңдар! 42Таулы жерге қарай өрлеп бармаңдар, өйткені Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болмайды. Сонда жауларыңнан жеңіліп күйрейсіңдер. 43Амалектіктер#14:43 13:29; 14:45; Бил 3:13. мен қанахандықтар#14:43 13:29; 14:45; Бил 4:2. сендерге сол жерде қарсы шығады. Сендер Жаратқан Иеден теріс бұрылып кеткендіктен, Ол араларыңда бірге болмай, сендер семсердің жүзінен қырыласыңдар.
44Алайда олар өркөкіректеніп, таулы жерге қарай өрлеп шығуға бәрібір ұмтылды. Ал Жаратқан Иенің Келісім сандығы және Мұса пайғамбар қоныстан шықпады. 45Сонда таулы жерде тұратын амалектіктер мен қанахандықтар төмен түсіп, исраилдіктерге тап беріп, оларды Хормаға#14:45 21:3. дейін қуып талқандады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in