YouVersion Logo
Search Icon

Нехемия 2

2
Патшаның Нехемияны әкім етіп тағайындап Иерусалимге жіберуі
1Артақсерікс патшалық құрған жиырмасыншы жылдың сәуір#2:1 Немесе: нисан. (Бұл б.з.д. 444 ж. болды.) айының бір күні патшаның шарап ішетін кезі келгенде мен шарапты тостағанға құйып, патшаға ұсындым. Бұған дейін мен ешқашан да патшаның алдында көңілсіз болған емес едім. 2Патша маған:
— Ауырып тұрғанға ұқсамайсың, неге соншама көңілсізсің? Жан дүниең бір нәрсеге қатты қайғырып тұр ғой! — деген сұрақ қойды. Мен қатты қорқып кеттім. 3Патшаға жауап беріп:
— Патша ағзам көп жасасын! Ата-бабаларымның қабірлері орналасқан қала қирап бос жатыр, әрі қақпалары өртеліпті! Солай болғанда бет-жүзімнің қалайша көңілсіз болмауы мүмкін? — дедім. 4Патша маған:
— Онда қандай өтінішің бар? — деген сауал қойды. Мен көктегі Құдайға іштей сиынып алып, 5патшаға былай деп жауап қаттым:
— Егер патша ағзам мақұл көріп, алдындағы қызметшісіне ризашылықпен қараса, онда мені ата-бабаларымның қабірлері жатқан қаланы қайтадан тұрғызуға Яһуда аймағына жібере көрсе екен. — 6Патша менен:
— Сонда баруға саған қанша уақыт керек болады? Қашан қайтып келесің? — деп сұрады. Мен оған қанша уақыт кететінін айтқанымда, патша мені жіберуді жөн көрді. Оның жанында патшайым да отырды.
7Мен патшаға тағы мына тілегімді де білдірдім:
— Уа, патшам, егер мақұл көрсеңіз, маған Батыс Евфрат өлкесі арқылы өтіп, Яһудаға жету үшін сол өлкедегі әміршілерге арнап рұқсат хаттарын жаздырып берсеңіз игі болар еді. 8Сондай-ақ, ғибадатхананың қасындағы қорғанның қақпаларын, қаланың қабырғасын және өзіме үй салдыру үшін бөренелер берсін деп патшаның орманын басқарушы Асафқа арналған бір хатты да жаздырып берсеңіз екен.
Құдайдың шапағатты мейірімімен#2:8 Немесе: Құдайдың (жарылқаған) қолы менің үстімде болғандықтан (2:18; Езр 7:6; Иш 41:20). патша осы сұрағандарымның бәрін де берді.
9Осылай мен жолға шығып, Батыс Евфрат өлкесіндегі әкімдерге келіп, оларға патшаның хаттарын тапсырдым. Патша, сондай-ақ, қолбасшылар мен бірқатар атты әскерді де маған ертіп жіберген болатын.
10Бірақ хоронайымдық#2:10 Немесе: хорондық. (Моабтағы Хоронайым: Ерм 48:2-3. Иерусалим маңындағы Бет-Хорон: Еш 10:10; Шеж2 8:5.) Санбаллат және аммондық қызметкер Тобиях#2:10 Санбаллат: сол кездегі Самария аймағының әміршісі (4:1-2). Тобиях: Иорданның шығыс жағындағы аймақтың әміршісі болғаны ықтимал. Ол аммондық болғанмен (2:19; Езр 9:1), ықпалды исраилдіктермен тығыз қатынаста тұратын (6:17-18; 13:4-7). менің келе жатқаным туралы естігенде, екеуі біреудің исраилдіктерге жақсылық жасамақ болып келгеніне қатты наразыланды.
11Осылай мен Иерусалимге жеттім. Қалада үш күн болғаннан кейін 12өзіме еріп келген біраз адаммен бірге түнде тұрдым. Құдайымның менің жүрегіме Иерусалим үшін не істейтінім туралы салған ойларын ешкімге айтқан жоқ едім. Астымдағы көлік малдан басқа ешқандай көлік алған жоқпыз.
13Сонымен түнде Аңғар қақпасынан шығып, Шибөрі#2:13 Немесе: Аждаһа. қайнарының маңынан өтіп, Күл қақпасына жеттім. Сөйтіп Иерусалимнің қираған қамал қабырғалары мен өртеніп кеткен қақпаларын тексеріп қарап шықтым. 14Содан соң Қайнар қақпасы мен Патша тоғанына#2:14 Патша тоғаны: Силоғам тоғаны болса керек. (Тоғанның суымен патшаның бағы суғарылатын: Пат4 25:4.) қарай бет алдым. Алайда астымдағы көлік малдың сол жаққа өтуіне орын болмады. 15Сондықтан түн ішінде Қидрон сайы арқылы өрлеп шықтым да, сол жақтағы қабырғаларды тексердім. Сосын кері бұрылып, Аңғар қақпасы арқылы қалаға қайтып келдім. 16Менің қайда барып, не істегенімді қаланың билік басындағылары білген жоқ. Себебі мен әлі де яһуди басшыларымен: діни қызметкерлер, жетекшілер, қызметкерлер және әкімшілікте істейтін басқалармен сөйлескен жоқ едім.
17Енді мен оларға тіл қатып былай дедім: «Біздің қандай қиын жағдайда жүргенімізді өздеріңіз көріп отырсыздар. Иерусалим қиратылып, оның қақпалары өртеніп кеткен. Қаланың қамал қабырғасын қайта тұрғызайық та, бұдан былай сондай масқараға қалмайық!» 18Сонымен қатар оларға Құдайдың#2:18 Яки: Құдайдың (құдіретті) қолын созып (2:8; Езр 7:9; 8:18). мені шапағатты мейірімімен жарылқағаны және патшаның қолдаған сөздері туралы да айтып бердім. Сонда олар: «Мақұл, қабырғаны тұрғызайық!» — деп, осы игілікті іске білек сыбана кіріспекші болды.
19Бірақ хоронайымдық Санбаллат, аммондық қызметкер Тобиях#2:19 Санбаллат, Тобиях: 2:10; 4:1,3; 6:1-2. Аммондық: Ерм 40:14; 41:1-7,10,15; 49:1-2. және арабиялық Гешем#2:19 (6:1; Шеж2 9:14; Иш 21:13; Ерм 25:24) Гешемнің сол кезде Солтүстік Арабияның әкімі болғаны ықтимал. осы туралы естігенде, бізді келекелеп:
— Әй, бұл істеп жатқандарың не? Патшаға қарсы шығайын деп жатырсыңдар ма? — деп мазақтады. 20Мен оларға жауап қайырып:
— Бізге табыс сыйлайтын — көктегі Құдай! Сондықтан да біз, Оның қызметшілері, құрылысты бастаймыз. Ал өздеріңіздің Иерусалимнен не үлестеріңіз, не құқықтарыңыз, не талап ететіндей негіздеріңіз жоқ! — дедім.

Currently Selected:

Нехемия 2: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

YouVersion uses cookies to personalize your experience. By using our website, you accept our use of cookies as described in our Privacy Policy